Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы заңды қарап, мақұлдады.
Қуатты өнеркәсіптік негіз қаланды
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қызмет көрсетудің ортақ талаптары мен тәсілдерін және ішкі мемлекеттік реттеудің ерекшеліктерін айқындайды. Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің аумағында аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қамтамасыз етуді көздейді. Заң нормалары мүше мемлекеттердің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға да ықпал етеді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар іс-шара барысында Палатаның өткен аптадағы отырысында сенатор Сүйіндік Алдашев жолдаған депутаттық сауалға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың ауызша жауабы тыңдалды. Бұл сауалда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы 15 ірі серпінді жобаны іске асыру мәселесі көтерілген болатын.
М.Әшімбаев атап өткендей, Президент белгілеп берген жаңа экономикалық бағдар еліміздің қуатты өнеркәсіптік негізін қалап, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететін экономика қалыптастыруды көздейді. «Жолдау аясындағы 15 ірі серпінді жобаны сапалы іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында үлкен маңызға ие. Бұл мәселе кешенді тәсілдерді және тыңғылықты талдауды қажет етеді. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныстардың бәрі назардан тыс қалмауы керек. Сенат алдағы уақытта да аталған маңызды жобаларды іске асыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын», деген М. Әшімбаев отырысқа қатысушыларға бірлескен белсенді жұмыс үшін алғыс білдірді.
«Болашаққа» бөлінген қаражат ұрланып жатыр
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысындағы жағымсыз жайттарға тоқталды. Депутат орталықтың жұмысын ұйымдастыру мен Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті үйлестірудің болмауынан шетелде кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бөлінген қаражат тиімсіз пайдаланылып келгенін немесе ұрланатынын атап өтті. Ал бұл өз кезегінде бюджеттің негізсіз шығындарына әкеп соғады.
«Стипендиаттардың еңбек етуі мен оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаржысын өтеуге мониторинг жүргізетін тиімді тетік жоқ. «Болашақ» түлектері халықаралық Болашақ стипендиясын тағайындауға арналған үміткерлерді іріктеу қағидаларына сәйкес Қазақстанға оралу және мамандығы бойынша үздіксіз еңбек ету туралы талаптарды ылғи да бұзып келеді. Осындай 1 мың дерек белгілі», деді сенатор.
Депутат сондай-ақ қаржыны қайтару мәселесіне Премьер-министрдің назарын аударды. Сенатор мемлекетке 6,6 млрд теңге көлеміндегі берешек туралы статистиканы мысалға келтірді. «Шетелде алған мамандық пайдаланылмайды, жоба жекелеген жағдайларда эмиграция құралына айналды, 270 түлек шетелде қалды. Жоба сонымен қатар оқу туризміне айналды. Іс жүзінде еңбек нарығының нақты қажетіне сәйкес шетелде мамандар даярлауды ұйымдастыру деңгейі төмен. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың болмауы, салалық министрлік тарапынан тиісті үйлестірудің жоқтығы осындай жағдайға себеп болып отыр», деді А.Лукин.
Қаржы пирамидаларының құрбандары көбейген
Сенатор Геннадий Шиповских Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының атына жолдаған депутаттық сауалында қаржы пирамидаларына қатысты дабыл қағарлық деректерді келтірді. Оның айтуынша, биылғы 9 айда мұндай ұйымдардан 2 мыңнан астам адам зардап шеккен және олардың саны өсіп жатыр.
Депутат бұл бағытқа қатысты қылмыс деңгейі төмендеп келе жатқанын атап өтті. Алайда соған қарамастан зардап шеккендердің саны ұлғайып барады. «Бас прокуратураның дерегінше, «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы – 233, 2022 жылы – 104, ал биылғы тоғыз айда 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржы пирамидасының құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал сол пирамидалардан зардап шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз. 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биылғы тоғыз айда жәбірленушілер саны 2079 адамды құрап отыр. Аталған статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген», деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, елімізде қаржы пирамидаларының алдын алуға бағытталған қажетті тетіктердің бәрі бар, Парламент тарапынан заңнамалық қолдаулар да көрсетіліп келеді. «Десе де қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны қысқарар емес. Не себепті осы күнге дейін мұндай ұйымдарды жеңе алмай келеміз?», деді сенатор.
Мектептерді басқаруды оңтайландыруды ұсынды
Сенатор Жанболат Жөргенбаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында өңірлердегі мектептерді басқарудың жаңа жүйесі кезінде туындап отырған мәселелер туралы айтты. Оның пікірінше, облыстық басқарманың қызметкерлері өңірдегі барлық білім беру ұйымдарын түгелдей бақылай алмайды. Мәселен, Павлодар облысында облыстық басқарманың 45 қызметкері 598 білім беру мекемесінің қызметін қамтамасыз етуге тиіс. Қызметкерлер аз болғандықтан, олардың жұмысын үйлестіру, қадағалау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтыны белгілі. Бұл ретте облыстық білім басқармаларына жүктеме айтарлықтай көбейіп келеді.
«Экономика, қаржы бөлімдеріне және аудандар мен қалалардың басқа да органдарына жүктелетін қаржы, мүлік, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету мәселелерінің барлығы қазір облыстық білім басқармасына жүктелген. Олар штаттың жетіспеуіне байланысты барлық қаржылық процедураларды уақытында және сапалы орындай алмай жатыр», деді Ж.Жөргенбаев.
Сенатор сонымен қатар басқарудың жаңа жүйесін енгізу кезінде мектептердегі, әсіресе жылыту кезеңіндегі проблемаларды жедел шешу мәселесі де қиындағанын атап өтті. Қазір қазандықтар мен олардың қызметкерлері, мектептерді отынмен қамтамасыз ету мәселелері аудандық балансқа берілді, ал мектептер ішіндегі жылыту жүйесі облыстық баланста тұр. Сонымен қатар облыстық білім басқармалары білім беру саласында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыра алмайды. Себебі мектептер мен балабақшаларды аудандық білім бөлімдері басқарады.
«Өңірлердің бір жылдан астам қызметін саралап, оңтайландыру жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін. Оның қорытындысы бойынша сатып алу заңына тиісті түзетулер енгізген жөн. Әрі мектеп ғимараттарын бірыңғай әкімшілік кешен ретінде аудандық әкімдіктердің теңгеріміне немесе аутсорсингке беру жөніндегі халықаралық тәжірибені пайдалануды ұсынамын. Олар мектептерді күтіп ұстауға, ағымдағы және күрделі жөндеуге жауапты болады. Мұндай жағдайда педагогикалық кадрлар тек балаларды оқытумен айналысады. Сонда мұғалімдердің рөлі арта түседі, жалпы білім беру сапасы артады», деді сенатор.
Су шаруашылығы саласындағы мәселелер
Сенатор Сәкен Арубаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің су шаруашылығы саласындағы проблемалар туралы айтып, басты мәселе – гидротехникалық құрылыстардың әбден тозғанына назар аударды. «Республика бойынша шаруаішілік каналдарды қоспағанда 7541 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 1189-ы қанағаттанарлықсыз жағдайға жеткен болса, 24-і апатты жағдайда. Ал 2047 гидротехникалық құрылыста ешқандай техникалық құжаттар жоқ. Олар заңдастырылмаған. Гидротехникалық құрылыстың гидроагрегаттары мен гидромеханикалық жабдықтарының басым көпшілігінің қызмет көрсету мерзімі асып кеткен», деді сенатор.
Депутат кейінгі 10 жылда елімізде 300-ден астам әртүрлі су тасқыны тіркелгенін атап өтті. Бұл статистика елдегі гидротехникалық құрылыстардың қазіргі жағдайын көрсетіп отыр. «Елімізде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы заңнама жоқ. Қазіргі уақытта бұл саладағы негізгі құқықтық база жеті заңмен реттелген. Бұл гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық қатынастар басқа мемлекеттердегідей дербес заңнамамен реттелуге тиіс. 2008 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» заң жобасын дайындап, ол қолдаусыз қалғаны да белгілі. Сонымен қатар кейінгі жылдары тіркелген гидротехникалық құрылыстардағы төтенше жағдайлар қолданыстағы кодекстің қажетті мәселелерді толық шешуді қамтамасыз етпейтінін көрсетті», деп атап өтті С.Арубаев.
Сенатор проблемаларды шешу үшін бірнеше ұсыныс айтты. Оның ішінде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы арнайы дербес заң қабылдау, су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстың негізгі ресурстарының техникалық жай-күйін жақсартудың Жол картасын дайындау және нысандарды нақты түгендеп, есепке алу, қажетті қаржы бөлу, сондай-ақ мамандықтар тізбесін кеңейту және су шаруашылығы мамандарын даярлаудағы білім беру стандарттарын қайта қарау секілді мәселелер бар.