Бұрынғылардың «жадау атқа қамшы үйір, жыртық үйге тамшы үйір» деп айтатынындай, бүгінде апаттық жағдайдағы ескі үйлер Үкіметтің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны анық. Ал тұрғын үйді жаңарту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы басты міндет екені бәрімізге белгілі. Осы ретте тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үй мен коммуналдық инфрақұрылым жүйесін қайтадан қалпына келтіру үшін Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы барлық өңірде жүзеге асырылып жатыр.
Тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды
Таяуда Ұлттық статистика бюросы елімізде 2 мыңнан аса апаттық жағдайдағы тұрған үйде 30 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқанынан хабардар етті. Аталған үйлердің 30%-ы, яғни 800-і өткен ғасырдың екінші жартысына дейін салынған.
Бұл ретте еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда сейсмикалық қаупі жоғары аймақ Алматы екенін ескерсек, біраз уақыт бұрын «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу мен жобалау институты» акционерлік қоғамының мамандары Алматыдағы 11 мың ғимаратқа тексеріс жүргізіп, олардың 35 пайызы жер сілкінісі кезінде төтеп беруге қауқарсыз екенін анықтаған. Сәулетші мамандардың айтуынша, үйлерді жерасты дүмпуінен қорғану үшін ғимараттарға сараптама жүргізілуге тиіс. Алайда қаладағы әр ғимаратқа талдау жұмыстары қымбатқа түседі. Егер мемлекет тарапынан үйлердің жай-күйін дер кезінде анықтап, сараптама жасамаса, салдары оңайға соқпайды.
Алматы кеңес заманында монолит үйлер салынған алғашқы қала болған. Бұндай үйлер бірінші рет Самал шағын ауданында тұрғызылған екен. Мамандар бұл үйлер берік әрі жүз жылға дейін сыр бермейтініне сенім білдіреді. Дегенмен халқы көп шоғырланған ірі мегаполисте іргетасы сетінеп тұрған үйде тұрмыс кешіп отырған жандар жетерлік.
Сонымен мегаполистің бес жыл ішінде миллиардтаған теңгеге ескі пәтерлерді қайта құрып, жүздеген тозығы жеткен үйдің бұзылуын қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы іске қосылды. Алматы қаласының Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сейсмологиялық жағдайды ескере отырып, 708 ескі үй бұзылатынын, сөйтіп, 683 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласының әкімінің 2022 жылы 15 желтоқсандағы №4/705 қаулысына сәйкес, «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалар» негізінде 9 Жол картасы жасалып бекіткені бар. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев: «Жергілікті бюджет есебінен апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңа бағдарламасы әзірленді. Бірінші кезекте адамдар тұру мүмкін емес үйлерді қарастырып жатырмыз. Оған барынша қаражат бөліну де көзделіп отыр. Тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын қоныстандыру мәселесін өз мойнына алу үшін мердігер компаниямен келісімдер бар. Яғни компанияларға құрылыс жүргізуге рұқсат беріледі, ал олар бізге тұрғындарды қоныстандыруға қолұшын береді», деген еді.
Бүгінде оңтүстік астанада 1 300 ескі көпқабатты үй есепке алынған. Осы жылы жартысына жуығын жөндеуден өткізу жағы қарастырылып отыр. Тозығы жеткен көпқабатты үйдің тұрғындары коммуналдық инфрақұрылым жүйесінің істен шыққанын, электр сымдары жиі үзіліп, газ құбыры апатты жағдайда екенін айтады. Бұл ретте қала әкімдігінің мамандары баспананың біраз уақыт жөндеу көрмегенін әрі пәтерлердің өзіндік жоспарын әркім қалауынша өзгерткендіктен жөндеу жұмысына шамамен 100 млн теңгеге жуық қаражат қажеттігін ескертті.
Реновация бағдарламасы басталғаннан бері Алматыда 400-ге тарта отбасы жаңа үйге қоныстанған. Реновацияның басты мақсаты осындай тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге тиіс болса, Алматы қаласының 2023-2030 жылдарға арналған тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жаңартылған жобасында 2030 жылға дейін 948 үйдің бұзылуы жоспарға енгізілген.
Тек Алматы ғана емес әр өңірдегі тозығы жеткен үйлер мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге бағытталған Үкіметтің қабылдаған бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды істерді одан әрі жетілдіру үшін биыл наурыз айында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елімізде апатты жағдайда тұрған ескі үйлердің көпшілігі үш өңірде, атап айтқанда, Алматыда – 1,4 мың, Қарағанды облысында – 552 және Батыс Қазақстан облысында 409 апатты үй тіркелгенін мәлімдеді. Министрлік 2022-2025 жылдар аралығында 251 үйдің біртіндеп, яғни 2022 жылы – 25 үй, 2023 жылы – 50 үй, 2024 жылы – 75 үй және 2025 жылы 101 үйдің бұзылатындығын жоспарлап отыр.
Бұл ретте елімізде тұрғын үй инспекциясы мен «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС жəне ПИК мамандары бірлесіп, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Тозығы жеткен ескі үйлерді сүрудің қажеттілігін түсіндіру үшін тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Ең бастысы, тұрғындардың талап-тілектері ескерілуі керек. Ескі үйлер сүрілгеннен кейін орнына жаңа үйлердің құрылысы басталады. Ал келісім бойынша адамдар уақытша баспанамен қамтылып, үйлері біткен соң қайта қоныстануға немесе тең пәтер қарастырылуға барынша жағдай жасалуы керек.
Кәріз құбырларының 80%-ы ескірген
Бүгінде еліміздегі тұрғын үйлердің тазарту қондырғыларының біразы өткен ғасырдың екінші жартысында пайдалануға берілген. Бұл қазіргі күні халықтың экологиялық жай-күйіне әсер етіп жатқаны бар. Кәріз желілерінің ең жоғары тозуы Қарағанды (68%), Алматы (67%), Шығыс Қазақстан (72%), Павлодар (74%) мен Ұлытау (75%) облыстарында байқалып отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылындағы тазарту құрылысының жұмыс істемегеніне 10 жылдан асқан көрінеді. Аудан орталығының шайынды суы тікелей Күршім өзеніне, әрі қарай ерекше мемлекеттік маңызы бар трансшекаралық Ертіс өзеніне құйылады. Ал Таразда кәріз тазарту қондырғысы мүлдем салынбаған.
Мамандар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жұқпалы аурулардың туындауына жол бермеу үшін мұндай кәріз тазарту нысандарын жағдайы өте ауыр инфрақұрылым тізбесіне енгізу қажет. Тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелерін шешуде жоғары технологиялық заманауи жабдықты пайдаланудың және бірыңғай жүйелі тәсілдер әзірлеудің маңызы айрықша.
2019-2022 жылдары сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 303,7 млрд теңгеден 484,2 млрд теңгеге дейін жеткен. Осы жылдар ішінде 17,9 мың км сумен жабдықтау мен су бұру желілері салынып, жабдықтаудан қайта өткен.
Қалай дегенмен де бүгінгі таңда коммуналдық инфрақұрылым жүйесінде сарқынды сулардың сапалы тазартылуын қамтамасыз ететін желілер тозып, кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі басты мәселеге айналып отыр. Республика бойынша барлығы 89 қаланың ішіндегі 68 қалада жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын салу, жаңғырту және қайта жабдықтауды қажет етеді.
Апатты жағдайдағы нысандар
Кейінгі кездері электр энергиясын өндіруші нысандардағы құрылғылардың істен шығу саны 22%-ға артқан. Ал өндіруші қуаттардың тозуы шамамен 60%-ды құрайды. Осының салдарынан өткен жылы тұтас бір қала жылусыз қалған еді. Жылу электр орталықтарының салынғанына 60 жылдан асады. Бұндағы жабдықтардың тозуы 66%-ды құрап отыр. Энергетика министрлігі тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған нысандарды жаңғыртуға қомақты қаржы керек екенін ескерткен еді. Алайда бұлардың көбі жекеменшікке өтіп, басшылары ақша салуға немқұрайдылық танытып отыр.
Жалпы, электр энергетика саласы бір емес, бірнеше уәкілетті органның құзырында екенін атап өткен жөн. Мәселен, Энергетика министрлігі стансалардың жұмысына жауапты. Ал жылу желілері жергілікті әкімдіктердің міндетінде болса, мұнымен тікелей Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады. Жылу мен энергияның тарифін Ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Ал Экология министрлігі көмір генерациясын, яғни зиянды шығарындыларды азайтуды бақылайды.
Бүгінде елдегі электр энергиясы өндірісін әртүрлі меншік нысанындағы 204 электр стансасы іске асырып жатыр. Былтыр 113 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, оның ішінде тұрғын үй секторында 14,8 млрд кВт/сағ пайдаланылған.
Сонымен қатар жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде жылу желілерінің 80-85%-ы тозғанын, әсіресе кәріз құбырларының жағдайы мүшкіл екенін, ал аталған мәселені шешу үшін тарифті көтеру керек екен айтқан еді.
«Биыл электр энергиясының тарифін шілде айынан бастап көтеру жоспарланды. Жылудың жаңа тарифі осы жылу беру маусымынан басталады. Жұмыстар басталып та кетті. Тариф мөлшері әр өңірде әртүрлі, жылу жүйесінің тозу деңгейіне байланысты. Кейбір өңірлерде 10%-дан 30%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Тариф халыққа әсерін тигізбеу керек. Әлі де ең қымбат өнім қай аймақта болатыны белгісіз, бұл мәселені біз талқылаймыз. Халықты тығырыққа тіремеу үшін қымбаттаған тарифтің басым бөлігін бюджеттік мекемелер төлейді», дейді министр.
Сарапшылар Үкімет мұндай қадамға амалсыздан барып отырғанын, себебі қазір тариф бағасы көтерілмесе, елдегі тозған құбырлар желісі техногендік апатқа әкелетінін алға тартады.
Елімізде барлығы 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Республика бойынша сол желілердің 51%-ы тозған. Атап айтқанда, Павлодар облысында – 68%, Шығыс Қазақстан облысында – 64%, Қарағанды мен Ұлытау облыстарында 62% құбыр желілері істен шығуға шақ тұр. Биыл 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінген көрінеді.
АЛМАТЫ