Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ташкент қаласына жұмыс сапары шеңберінде Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбековпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Орталық коммуникациялар қызметі сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Аида Балаева екі елдің мәдениет саласындағы өзара сенім мен серіктестіктің жоғары деңгейіне тоқталды.
Тараптар ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылай келе министрліктер арасындағы іс-қимылдың нақты қадамдары мен тетіктерін айқындайтын Жол картасын әзірлеуге келісті.
Құжатта көрсетілетін негізгі мәселелер қатарында екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайту, тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мәдени мұраны байыту және т.б. бар.
Кездесу соңында екі елдің ведомство басшылары бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.