Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы қандай әлеуметтік төлемдердің өсетіні туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің барлық түрі 2024 жылы 7 пайызға өседі.
Еңбек министрлігі мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің осы түрлерін санамалап берді. Атап айтқанда, бұлар: мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер; №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар; жерлеуге арналған біржолғы төлем; бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын ай сайынғы бюджеттік субсидиялау; арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар; бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы; Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және бірінші топтағы мүгедекті күтетін адамға мемлекеттік жәрдемақы.