• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Қараша, 2023

Шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігі

234 рет
көрсетілді

Сенатта Мемлекет ба­сшы­сының «Әді­летті Қазақ­станның эконо­мика­лық бағ­дары» атты Жол­дауын іске асыру ая­­сын­да «Қазақстан Респуб­лика­сын­да ша­ғын және орта кәсіп­керлікті дамыту» тақы­рыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Палата төрағасы Мәулен Әшім­баев атап өткендей, Жолдау­да белгіленген экономикалық дамудың жаңа парадигмасына сәйкес шағын және орта бизнес ұлттық экономиканы дамытудың драйвері болуға тиіс. Сондай-ақ Сенат спикері бұл бағытта іске асырылып жатқан жұмыстардың тиімділігін талдау және бизнесті қолдау шараларын қайта реттеу маңызды екенін айтты.

«Біздің алдымызда тұрған мақсат – шағын және орта биз­нестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің дең­гейіне, яғни 40-50 пайызға дейін жеткізу. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта бизнестің өнім­ділігін айтарлықтай арттыру қажет. Әзірге өңдеу секторындағы кәсіпорындар саны тиісті деңгейде өсіп отырған жоқ. Тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды іріленуге және ауқымын кеңейтуге ынталандыру керек», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шарада шағын және орта бизнестің өңірлік диспропорция проблемасына және кәсіпкерлік қызметтің ірі аймақтар – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарында көп шоғырлануына баса мән берілді. Осыған байланысты М.Әшімбаев жергілікті бизнесті ынталандыру үшін өңірлерді дамыту ерекшелігін ескерудің және өңірлік бағдарламаларды жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Сенат төрағасы кәсіпкерлерге салық салу тәсілін және бизнес­тің бөлінуіне себеп болатын фис­калд­ық саясатты қайта қарау­ды да ұсынды. «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы төрал­қасының төрағасы Райымбек Баталов салықтық жүктеме бо­йынша шағын бизнес форматынан орта бизнес форматына көшуді қолдап, бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, ол мем­лекеттік кірістер органдары цифрлық ше­шім­дер мен сервистік тәсіл­ді қол­дануды ескере отырып, салық­тық әкімшілендіруді реформалау мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ Р.Баталов банк­тер тарапынан бизнесті несиелеу рәсіміне өзгерістер енгізуді ұсынды.

Үкімет сағатының қорытын­дысы бойынша талқылауда ай­тылған барлық мәселе назарға алы­нып, тиісті ұсынымдар әзір­ленді. Олардың қатарында арна­йы салық режімдерінің са­нын қыс­қарту, өзін-өзі жұмыс­пен қам­тығандар мен жеке кәсіп­кер­лер үшін зейнетақы аударым­дары мен әлеуметтік төлем­дерді қоса отырып, айналым­ның 3 па­йыз­дық мөлшерінде бірыңғай төлем белгілеу сияқты мәселелер бар. Одан бөлек, депутаттар кә­сіп­­керлерге несие беру шарттарын жеңілдету шараларын да ұсынды. Нақты айтқанда, кепілсіз кредиттеуді не қала шегіндегі кепіл мүлкінің талаптарын алып тастауды және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін оның бағалау құнын айқындау кезінде төмендету коэффициентін қолдануды алып тастауды қарастыру ұсынылды.

Іс-шара барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, өңірлердің, іскер әйелдер қауымдастығы кеңесінің басшылығы мен өкілдері және тағы басқалар баяндама жасады.