Премьер-министр Әлихан Смайылов 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия параойындарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті.
Жарыста Қазақстан атынан парапауэрлифтинг, бочча, паражеңіл атлетика, паравелоспорт, академиялық ескек есу, парадзюдо, отырып ойнайтын волейбол, параүстел теннисі, шахмат, параоқ ату, парасадақ ату, паратаэквондо, паражүзу және параканоэ сияқты 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысты. Нәтижесінде, ел құрамасы 41 медаль жеңіп алды, оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленді. Медаль саны бойынша Қазақстан 44 қатысушы ел арасында 11-орынға көтерілді.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын оқып, отандық паралимпиада ойыншыларын өткен Параойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады.
«Сіздердің бойларыңыздағы жанқиярлық рух пен жеңіске деген құштарлық миллиондаған адамдарды өмірдегі қиындықтарды еңсеруге және табысқа жетелейді. Сіздердің керемет спорттық өнерлеріңіз адамның ерік-жігерінің шексіз екенін паш етті. Сіздердің әрқайсыларыңыздың өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шеберліктің, батылдықтың, сондай-ақ табандылықтың үлгісі. Онсыз, әрине, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық.
«Сіздер табысқа жету жолында талмай күрестіңіздер. Азия параойындарындағы бүгінгі жеңістер – болашақ Паралимпиада жетістіктері үшін маңызды қадам», деді ол.
Үкімет басшысымен кездесуге құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары Давид Дегтярев (парапауэрлифтинг), Нұрдәулет Жұмағали және Диас Кенжебек (паражүзу), Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей және Олжас Оразалыұлы (парадзюдо), Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика) қатысты.
Азия рекордшысы Нұрдәулет Жұмағали мұндай ірі жарыс алаңында өнер көрсету әрқашан үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Жаттығу барысында біз барлық тапсырманы бұлжытпай орындадық. Жарыс алдында дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Азия параойындарында бүкіл қазақ елінің қолдауын ерекше сезіндім. Барлық спортшының атынан, Қазақстан халқына зор алғысымды білдіремін. Алдағы Паралимпиада ойындарында еліміз Әнұранының шырқалуына бар күшімізді саламыз», деді ол.
Парадзюдошы Ақмарал Науатбек Азия параойындары Қазақстан спортшылары үшін Паралимпиада алдындағы үлкен сынақ болғанын атап өтті.
«Біздің жетістігіміз – барлық жаттықтырушы мен медицина қызметкерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Барлық спортшы атынан алдағы Паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып, елімізді жақсы жетістіктермен қуантамыз деп толық сеніммен айтамын», деді ол.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды даярлаған жаттықтырушыларға Мемлекет басшысының атынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Қазақстанның Паралимпиадалық дзюдо федерациясы да Президенттің алғысхатымен марапатталды.