• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 13 Қараша, 2023

Ауыл шаруашылығы – қуатты экономиканың негізі

233 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Ресей өңірлерінің Қостанайда өткен ынтымақтас­тық форумы аясында қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық техноло­гияны ілгерілету, жастар және ауыл шаруашылығы бағытында үш панельдік сессия жұмыс істеді.

Форумда жалпы сомасы 83 млн доллар болатын 9 өңіраралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар тарап­тар бірқатар бірлескен жобаны жүзе­ге асыру туралы уағдаластыққа қол жет­кізді. Оның ішінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық айма­­ғын­да ұзақ сақталатын нан өнім­дерін шығаратын зауыт салу, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көтергіш жабдықтар жасау, Қостанай облысында сүт өң­деу кәсіпорындары үшін сүт сал­­қын­­датқыш құрылғылар жасап шығару жобалары бар. Бұл жөнін­дегі меморандумдар мен келісім­дерге екі елдің кәсіпорын басшылары қол қойды.

Сондай-ақ Павлодар мен Омбы, Маңғыстау мен Аст­ра­­хан, Батыс Қазақстан мен Орын­бор, Қостанай мен Орынбор облыстары сауда-эко­но­­микалық, ғылыми-техника­лық, экологиялық, мәдени-гуманитар­лық және басқа да салаларда халық­аралық және сыртқы эконо­ми­калық байланыстарға жол ашатын маңызды өңіраралық құжаттарға қол қойды.

Мұның сыртында, Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы, «Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» одағы және Ақмола облысының табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасы мен «Ренес­санс» ЖШҚ арасында ор­ман ағаштарын пайдалану және өсіру саласындағы ынтыма­қтас­тық туралы келісімге қол жеткізілді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 27 млрд долларды құраса, осы жылғы 8 ай ішінде 17 млрд долларға жеткен. Бұл – Қазақстан мен бүкіл әлем елдері арасындағы тауар айналымының 20 па­йы­зын құрайды.

– Ресей – ең ірі сауда-экономикалық әріп­тес­теріміздің бірі. Форумның тақы­рыбы «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» деп бекер ата­лып отырған жоқ. Өйткені Қазақ­стан тұрғындарының 45 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан қазіргі жағдайда ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру, ауыл кооперациясын ілгерілету мәселелері аса маңызды. Күшті экономика дегеніміз –  ең алды­мен, ауыл және жастар. Жастарды қайтсек ауылға тұрақтандырамыз деген мә­селе – екі елге де ортақ. Екінші маңыз­ды мәселенің бірі – агроөнеркәсіп ке­шені инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруа­шылығын заманауи техникамен қам­тамасыз ету, ауылға ғылым енгізу. Осының бәрі айналып келгенде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі форумда қалада бар даму тіректерін ауылға әкелу, сол арқылы ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері де талқыланды, – деді ол.

Форум барысында екі елдің ЕАЭО шең­бе­ріндегі әріптестігі аясында тұр­ғын­дарға қажет бірсыпыра мәселені рет­теу жөнінде келісімдер жасалды. Мәсе­лен, қос тарап алдағы уақытта көп жыл бойы екі елдің бірінде тұрып келіп, кейін Қазақстанға немесе Ресейге қоныс аудар­ған азаматтар зейнетке шығарда олард­ың бұрынғы жұмыс өтілін есепке алу, осылайша, лайықты зейнетақымен қам­тамасыз ету, ғылыми дәрежелерді мойын­дау, қосымша әуе рейстерін ашу, логистиканың транзиттік-транспорттық әлеуетін арттыру туралы мәселелерді реттейтін болып келісті.

– Бүгінде бүкіл әлем логистикадан зардап шегіп отыр. Сондықтан қазір көршілес мемлекеттердің бәрімен логис­тика саласындағы байланысты нығайтып жатырмыз. Мысалы, бүгін «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін құру туралы бастаманы құптадық, – деді Серік Жұманғарин.

Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстан мен Ресейдің ауылшаруашылық өнім­дерін әлемдік нарыққа шығаратын маңызды тауар жеткізуші ел екенін атап өтіп, форум барысында қостарапты ынты­мақтастық мәселелерімен қатар, ЕАЭО форматындағы мәселелер де талқыланғанын айтты.

– Қазір екі ел шекаралас өзендерді пайдалануды бірлесіп шешуді қолға алып жатыр. Ресей Арал теңізі арнасына қайта толуы үшін техникалық және су үнемдеу технологиясы тұрғысынан көмек көрсеткісі келеді. Аграрлық ғы­лым саласындағы ынтымақтастықты дамы­ту аса маңызды. Біз Қазақстандағы тұ­қым өндіру, өсімдіктердің жаңа сұ­рып­тарын тестілеу саласын дамытуға да үлес қоса аламыз, – деді А.Оверчук.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өзара сауда көлемін ұлғайту үшін Ресей мен Қазақстан жеткізілетін өнімнің номенклатурасы мен көлемін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

– Біздің еліміз Ресейге көкөніс, жеміс, күріш, ет, мақта және тағы басқа да ауыл­шаруашылық өнімдерін жеткізу көле­мін арттыруға ынталы. Мұның сыр­тын­да, екі ел арасындағы сауда шектеу­лерін, оның ішінде ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алып тас­тау жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл ретте Қазақстан экономикасы үшін де, Ресей үшін де «сұр» импортты анық­тау және оған қарсы күресу өте маңыз­ды, – деді министр.

А.Сапаров былтыр бидай саласында осындай жағдай қалыптасқанын атап өтті. Шынында да, былтыр Қостанайдағы диірмендер Ресейдің бидайына толып қалып, жергілікті шаруалар өз өнімдерін лайықты бағаға өткізе алмай қалған. Ресей биыл да мол астыққа қол жеткізіп, 147 млн тонна бидай бастырып алды. Ал Қазақ­стандікі – 6,4 млн тонна. Жылда 5 млн тоннаға дейін өнім алатын Қос­танай облысының да биыл қамбасы тол­май қалды.

– Сондықтан республикада бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу ұзартылды, сондай-ақ теміржолмен әкелуге шектеулер енгізілді. Осының арқасында Қазақстан лицензияланған элеваторлар, қайта өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындары арқылы нақты алушыларды білетін болады. Бірақ шектеулер Қазақстан аумағы арқылы Ресей бидайының транзиттік теміржол тасымалына әсер еткен жоқ, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Айдарбек Сапаров азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақ­стан мен Ресей Федерациясы ветеринар­лық қызметтері арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы да айтты. Министрдің айтуынша, Ресей тарапынан қойылып отырған кейбір шектеулер екі ел арасындағы сауда-экономикалық үдерістеріне ке­дер­гі келтіреді. Сондықтан мал ша­р­уа­шылығы өнімдеріне қойылған шек­теулерді қайта қарау қажет.

Форум барысында екі елдің облыс әкімдері мен губернаторлары өз өңір­лерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­ті жөнінде баяндады. Бірқатар губерна­тор вакцина, тыңайтқыштарын ұсынды.

– Ресейлік әріптестеріміздің ұсыныс­тары жете зерттеледі. Мысалы, Саратов өңірінің губернаторы бізде тыңайтқыш көп деп жатыр. Ал бізде тыңайтқыш жетіспейді. Сондықтан бізге қажетін алу керек. Мәселен, аммиак селитрасын өзіміз де шығарып жатырмыз. Бірақ карбонит шығарылмайды. Оны солар­дан әкелу керек. Себебі бізде қазір агро­номияның деңгейі төмен. Бізде не­лік­тен егін түсімі өте аз? Гек­тары­на 9 центнерден. Ал Ресейде – 20 цент­нер. Өйткені технологияны дұрыс сақ­тамаймыз. Фермерлердің дені тех­но­логия енгізбейді. Оған енді біраз фак­торлар әсер етеді. Кейбір шаруашы­лықтардың капитал айналымы жетпейді. Кейбіреулерінің өздерінен де бар. Айналып келгенде, бұдан фермердің өзі зардап шегеді. Сондықтан біз қазір ауыл шаруашылығындағы өңдеу үрдісін дамытатын үлкен бір бағдарлама жасап жатырмыз. Мұның сыртында, Президент ауыларуашылық өнімдерін өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуді міндеттеп отыр. Оны қалай өсіреміз? Қаражат тарту керек. Қаражатты бюджеттен, екінші деңгейлі банктерден, қорлардан аламыз. Ал біреу сырттан инвестор болып келіп жатса, ол да жаман емес. Бүгінгі форумда да біраз инвесторға Қазақстанға келіп жұмыс істеңіз, ауылшаруашы­лық өнімдерін терең өңдейтін зауыт-фаб­рика салыңыз деген ұсыныстар тас­та­дық. Қазір бізге керегі – ет, сүт, бидай өнімдерін тереңдетіп өңдеу, – дейді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

Бүгінде еліміздің ауыл шаруашы­лығына мамандар жетіспейді. Деген­мен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университеті, Астанадағы С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ аграр­лық-техни­калық зерттеу университеті, Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті секілді жетекші білім ордалары мамандар даярлап жатыр. 10 өңірлік ЖОО-да факультеттер, 11 ЖОО-да дайындық білім беру бағдарламалары бойынша кафедралар жұмыс істейді.

Форумға қатысқан ғалым Лаура Ауте­лееваның айтуынша, бізде маман­дар­ды даярлауда оқыту әдістерін жетіл­діру қажет. Ал «Вятка мемлекеттік агро­техно­логиялық университеті» феде­рал­ды мем­лекеттік бюджеттік жоға­ры білім беру мекемесінің ректоры Елена Симбир­скихтің айтуынша, бұл уни­верситетте «Ауылшаруашылық тауар өн­дірушілеріне арналған білікті кадр­лар» деп аталатын мемлекеттік бағ­дар­лама сәтті жүзеге асырылып жат­қан көрінеді. Бағдарлама шеңберінде өн­діріс­тік тәжірибеден өтіп жатқан білім алу­шының еңбегіне ақы төленіп, тұрмыстық шығыны өтеледі.

Форумда Новосібір облысының Білім министрі Мария Жафярова Ресей Фе­дерациясының 2030 жылға де­йінгі кезеңге арналған ауылдық аумақ­тарды тұрақты дамыту стратегия­сына сәйкес кадрлар даярлау тәжірибесімен бөліс­ті. Қазір бұл бағытта 301 мамандан­дырылған сынып жұмыс істейді. Оның 94-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Қазіргі уақытта екі мемлекеттің алдында да ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, ауыл шаруа­шылы­ғының біліктілігі төмен жұмыс күшіне тәуелділігін төмендету және ауыл­дық агломерацияларды қалып­тастыру деген ортақ міндеттер тұр.

Қостанай облысы мен Ресей Федера­ция­сы арасындағы тауар айналымы жылына 2 млрд долларға жетеді. Бүгінде об­лы­с­та мыңға жуық бірлескен кәсіп­орын табысты жұмыс істеп жатыр. Форум­да сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов­тың айтуынша, Қазақстан – экологиялық таза, химикатсыз бидай өндіру бойынша көш бастап тұрған елдердің қатарында және жұмсақ бидай экспорттай алатын 20 мемлекеттің бірі саналады. Алайда кейінгі жылдары Қостанай бидай нарығының аумағы тарылып барады. Бидайдың бағасы да тұрақсыз. Әкім осыған орай, өңірде бидайды терең өңдеу арқылы қосымша құны жоғары өнім алу бағытында жұмыс жүріп жатқанын айтты.

 

Қостанай облысы