Қазақстан мен Ресей өңірлерінің Қостанайда өткен ынтымақтастық форумы аясында қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологияны ілгерілету, жастар және ауыл шаруашылығы бағытында үш панельдік сессия жұмыс істеді.
Форумда жалпы сомасы 83 млн доллар болатын 9 өңіраралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар тараптар бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Оның ішінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында ұзақ сақталатын нан өнімдерін шығаратын зауыт салу, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көтергіш жабдықтар жасау, Қостанай облысында сүт өңдеу кәсіпорындары үшін сүт салқындатқыш құрылғылар жасап шығару жобалары бар. Бұл жөніндегі меморандумдар мен келісімдерге екі елдің кәсіпорын басшылары қол қойды.
Сондай-ақ Павлодар мен Омбы, Маңғыстау мен Астрахан, Батыс Қазақстан мен Орынбор, Қостанай мен Орынбор облыстары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарға жол ашатын маңызды өңіраралық құжаттарға қол қойды.
Мұның сыртында, Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы, «Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» одағы және Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Ренессанс» ЖШҚ арасында орман ағаштарын пайдалану және өсіру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 27 млрд долларды құраса, осы жылғы 8 ай ішінде 17 млрд долларға жеткен. Бұл – Қазақстан мен бүкіл әлем елдері арасындағы тауар айналымының 20 пайызын құрайды.
– Ресей – ең ірі сауда-экономикалық әріптестеріміздің бірі. Форумның тақырыбы «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» деп бекер аталып отырған жоқ. Өйткені Қазақстан тұрғындарының 45 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан қазіргі жағдайда ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру, ауыл кооперациясын ілгерілету мәселелері аса маңызды. Күшті экономика дегеніміз – ең алдымен, ауыл және жастар. Жастарды қайтсек ауылға тұрақтандырамыз деген мәселе – екі елге де ортақ. Екінші маңызды мәселенің бірі – агроөнеркәсіп кешені инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығын заманауи техникамен қамтамасыз ету, ауылға ғылым енгізу. Осының бәрі айналып келгенде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі форумда қалада бар даму тіректерін ауылға әкелу, сол арқылы ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері де талқыланды, – деді ол.
Форум барысында екі елдің ЕАЭО шеңберіндегі әріптестігі аясында тұрғындарға қажет бірсыпыра мәселені реттеу жөнінде келісімдер жасалды. Мәселен, қос тарап алдағы уақытта көп жыл бойы екі елдің бірінде тұрып келіп, кейін Қазақстанға немесе Ресейге қоныс аударған азаматтар зейнетке шығарда олардың бұрынғы жұмыс өтілін есепке алу, осылайша, лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, ғылыми дәрежелерді мойындау, қосымша әуе рейстерін ашу, логистиканың транзиттік-транспорттық әлеуетін арттыру туралы мәселелерді реттейтін болып келісті.
– Бүгінде бүкіл әлем логистикадан зардап шегіп отыр. Сондықтан қазір көршілес мемлекеттердің бәрімен логистика саласындағы байланысты нығайтып жатырмыз. Мысалы, бүгін «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін құру туралы бастаманы құптадық, – деді Серік Жұманғарин.
Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстан мен Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік нарыққа шығаратын маңызды тауар жеткізуші ел екенін атап өтіп, форум барысында қостарапты ынтымақтастық мәселелерімен қатар, ЕАЭО форматындағы мәселелер де талқыланғанын айтты.
– Қазір екі ел шекаралас өзендерді пайдалануды бірлесіп шешуді қолға алып жатыр. Ресей Арал теңізі арнасына қайта толуы үшін техникалық және су үнемдеу технологиясы тұрғысынан көмек көрсеткісі келеді. Аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту аса маңызды. Біз Қазақстандағы тұқым өндіру, өсімдіктердің жаңа сұрыптарын тестілеу саласын дамытуға да үлес қоса аламыз, – деді А.Оверчук.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өзара сауда көлемін ұлғайту үшін Ресей мен Қазақстан жеткізілетін өнімнің номенклатурасы мен көлемін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Біздің еліміз Ресейге көкөніс, жеміс, күріш, ет, мақта және тағы басқа да ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу көлемін арттыруға ынталы. Мұның сыртында, екі ел арасындағы сауда шектеулерін, оның ішінде ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алып тастау жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл ретте Қазақстан экономикасы үшін де, Ресей үшін де «сұр» импортты анықтау және оған қарсы күресу өте маңызды, – деді министр.
А.Сапаров былтыр бидай саласында осындай жағдай қалыптасқанын атап өтті. Шынында да, былтыр Қостанайдағы диірмендер Ресейдің бидайына толып қалып, жергілікті шаруалар өз өнімдерін лайықты бағаға өткізе алмай қалған. Ресей биыл да мол астыққа қол жеткізіп, 147 млн тонна бидай бастырып алды. Ал Қазақстандікі – 6,4 млн тонна. Жылда 5 млн тоннаға дейін өнім алатын Қостанай облысының да биыл қамбасы толмай қалды.
– Сондықтан республикада бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу ұзартылды, сондай-ақ теміржолмен әкелуге шектеулер енгізілді. Осының арқасында Қазақстан лицензияланған элеваторлар, қайта өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындары арқылы нақты алушыларды білетін болады. Бірақ шектеулер Қазақстан аумағы арқылы Ресей бидайының транзиттік теміржол тасымалына әсер еткен жоқ, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Айдарбек Сапаров азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Ресей Федерациясы ветеринарлық қызметтері арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы да айтты. Министрдің айтуынша, Ресей тарапынан қойылып отырған кейбір шектеулер екі ел арасындағы сауда-экономикалық үдерістеріне кедергі келтіреді. Сондықтан мал шаруашылығы өнімдеріне қойылған шектеулерді қайта қарау қажет.
Форум барысында екі елдің облыс әкімдері мен губернаторлары өз өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жөнінде баяндады. Бірқатар губернатор вакцина, тыңайтқыштарын ұсынды.
– Ресейлік әріптестеріміздің ұсыныстары жете зерттеледі. Мысалы, Саратов өңірінің губернаторы бізде тыңайтқыш көп деп жатыр. Ал бізде тыңайтқыш жетіспейді. Сондықтан бізге қажетін алу керек. Мәселен, аммиак селитрасын өзіміз де шығарып жатырмыз. Бірақ карбонит шығарылмайды. Оны солардан әкелу керек. Себебі бізде қазір агрономияның деңгейі төмен. Бізде неліктен егін түсімі өте аз? Гектарына 9 центнерден. Ал Ресейде – 20 центнер. Өйткені технологияны дұрыс сақтамаймыз. Фермерлердің дені технология енгізбейді. Оған енді біраз факторлар әсер етеді. Кейбір шаруашылықтардың капитал айналымы жетпейді. Кейбіреулерінің өздерінен де бар. Айналып келгенде, бұдан фермердің өзі зардап шегеді. Сондықтан біз қазір ауыл шаруашылығындағы өңдеу үрдісін дамытатын үлкен бір бағдарлама жасап жатырмыз. Мұның сыртында, Президент ауыларуашылық өнімдерін өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуді міндеттеп отыр. Оны қалай өсіреміз? Қаражат тарту керек. Қаражатты бюджеттен, екінші деңгейлі банктерден, қорлардан аламыз. Ал біреу сырттан инвестор болып келіп жатса, ол да жаман емес. Бүгінгі форумда да біраз инвесторға Қазақстанға келіп жұмыс істеңіз, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін зауыт-фабрика салыңыз деген ұсыныстар тастадық. Қазір бізге керегі – ет, сүт, бидай өнімдерін тереңдетіп өңдеу, – дейді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығына мамандар жетіспейді. Дегенмен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық зерттеу университеті, Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті секілді жетекші білім ордалары мамандар даярлап жатыр. 10 өңірлік ЖОО-да факультеттер, 11 ЖОО-да дайындық білім беру бағдарламалары бойынша кафедралар жұмыс істейді.
Форумға қатысқан ғалым Лаура Аутелееваның айтуынша, бізде мамандарды даярлауда оқыту әдістерін жетілдіру қажет. Ал «Вятка мемлекеттік агротехнологиялық университеті» федералды мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесінің ректоры Елена Симбирскихтің айтуынша, бұл университетте «Ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арналған білікті кадрлар» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Бағдарлама шеңберінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан білім алушының еңбегіне ақы төленіп, тұрмыстық шығыны өтеледі.
Форумда Новосібір облысының Білім министрі Мария Жафярова Ресей Федерациясының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту стратегиясына сәйкес кадрлар даярлау тәжірибесімен бөлісті. Қазір бұл бағытта 301 мамандандырылған сынып жұмыс істейді. Оның 94-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Қазіргі уақытта екі мемлекеттің алдында да ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, ауыл шаруашылығының біліктілігі төмен жұмыс күшіне тәуелділігін төмендету және ауылдық агломерацияларды қалыптастыру деген ортақ міндеттер тұр.
Қостанай облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы жылына 2 млрд долларға жетеді. Бүгінде облыста мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Форумда сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Қазақстан – экологиялық таза, химикатсыз бидай өндіру бойынша көш бастап тұрған елдердің қатарында және жұмсақ бидай экспорттай алатын 20 мемлекеттің бірі саналады. Алайда кейінгі жылдары Қостанай бидай нарығының аумағы тарылып барады. Бидайдың бағасы да тұрақсыз. Әкім осыған орай, өңірде бидайды терең өңдеу арқылы қосымша құны жоғары өнім алу бағытында жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Қостанай облысы