• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2023

Қиындыққа қайыспаған

698 рет
көрсетілді

«Дүниені бүлдірмей, аздырмай-тоздырмай ұстап тұрған – бай-манаптар, төре-шенеуніктер емес, қарапайым ғана жақсы адамдар» деген сөз бар. Ұмытпасам, марқұм ақын Аманхан Әлім айтқан болуы керек. Біздің сөзіміз осындай адамдардың бірі туралы болмақ. Оның аты-жөні – Өмірхан Құдаспаев. Ол Сәтбаев қаласындағы «Өмір-90» деп аталатын мүлік иелері бірлестігінің төрағасы.

Тұрғын үйлерді күтіп-ұстау – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы барынша тиімді форма әлі табылған жоқ. Қайсыбір жылы МИБ-терді құру қолға алынды. Бұрынғы кон­доминум, ПИК-терге қа­ра­­ғанда мұның тиімділеу екені байқалды. «Бір үй – бір қо­жайын». Демек жиналған қара­жатты қалай, қайда жұмсайсың, сол үй иелері өздері ақылдасып, ше­шіп отырады. Өзі тұратын үйдің жертөлесін жөндету үшін талай есікті тоздырған Өмірхан «мынау дұрыс екен» деген ойға келді. Көршілерімен ақыл­дасты. Бірақ көпшілігі мақұлдай қоймады. «Талай жыл ақшаны бекер төледік пе? Бұрынғы ПИК жақсылап жөндеп берсін, сосын МИБ дегенді құрсақ құ­райық» десті. Бірақ бұлай бола қоймайтыны белгілі еді. Егер бұрынғы қожайын бәрін әп-әдемі етіп, жайнатып қоятын болса, билік тұрғын үйлерді бас­қарудың жаңа формасын із­дестіріп қайтеді?

Содан өзін мақұлдаған бірді-екілі көршілерін ертіп қалалық әкімдікке барды. Өздерінің ойын айтты, көмек сұрады. Әкім­­дік құжат дайындау ж­а­ғы­нан жақсы жәрдемдесті. Қар­жылай көмектесе алмайтындарын ашық айтты. Жертөлені тазарту, құбырларды ауыс­тыру, т.б. жұмыстарға әжеп­тәуір қаражат керек. Кім бере қойсын? Өмірхан әрі-бері ойланып тәуекелге барды.

Отыз жылдан аса әртүрлі ме­кемелерде жүргізуші болып еңбек еткен ол 2012 жылы аяқ астынан жүрек ауруына ұшы­рап, операция жасатуға мәжбүр болған еді. Бұл алғашқы операция болатын. Ол содан соң тағы да денсаулықты жақсарту мақсатымен үш рет пышаққа түсті. Қазірдің өзінде жылына екі мәрте Астанадағы орталыққа барып, ем қабылдап тұрады. Өзі 3-топтағы мүгедек болса, зайыбы Сәуле Ермекбайқызы Байбатырова – 2-топтағы мүге­дек. Шахтада 33 жыл бойы бір жерде маркшейдер болып іс­теген Сәуле 2013 жылдан бері 14 мәрте операцияға түсіпті. «Ме­нің өмір сүріп жүргенім – қа­зіргі заманғы медицина жетіс­тіктерінің арқасында», дейді ол.

– Кезекті операция жасатуға қажет болып қалады-ау деп жинаған азды-көпті ақшаны МИБ құруға жұмсап жібердім. Өйткені көршілердің көңілінде сенім ұялату керек болды. Сөй­тіп, жертөле толықтай тазартылып, тозығы жеткен су, жылу, канализация жүйелері пропи­ленге ауыстырылды. Міне, солай бастадық, – дейді Өмекең жаңа істі қалай қолға алғаны жөнінде.

Өзі де, зайыбы да мүгедек Өмірханның атқарып жатқан жұмысы көршілерін сүйсінтіп тастады. Олар «көз қорқақ, қол батыр» екенін көзімен көр­ді, жанымен сезінді. Содан бері бір үйдегі 65 пәтердің тұрғын­дарының ауызбірлігі, татулық, ынтымағы бұрынғыдан арта түсті. Фёдор Солдатов, Денис Бессарабов тәрізді көршілері қазір Өмекеңнің қасынан қал­майды. Қандай шаруа болса да көмегін аямайды. Жаз, күз мезгілінде аптасына көрші­лердің бәрі бірдей бір кісідей сенбілікке шығып, үйдің айналасын тазартып тұрады. Бұл олар үшін кезекті бір еңбек ме­ре­кесі іспетті. «Бұрыннан бе­рі осылай неге істемегенбіз?» дей­ді өзара әңгіме арасында.

Қала әкімдігі коммуналдық қызмет көрсетушілер арасында жыл сайын байқау өткізіп тұрады. Былтырғы байқауда жүлде ретінде Өмекеңнің МИБ-іне бейнекамера берілді. Үйдің алдында әкеліп орнатып қойды, қазір енді соның пайдасын көріп те жатыр. Мысалы, жаз мезгілінде есік алдына жайып қойылған жуылған киімдерді алып кеткен сұғанақ қолдың иесін полиция қызметкерлері сол бейнекамерадан қарап, тауып алды.

«Өмір-90» – Ұлытау облы­сындағы ең алғаш құрылған мүлік иелерінің бірлестігі. Ал оны құрған кім? Небір соқталдай жігіттер ауызбен орақ орып, сын айтудан әріге бара алмай жүргенде тәуекелге бара білген 3-топтағы мүгедек азамат қой. Өмірхан Құдаспаев бәйбішесі екеуі екі ұл, бір қызынан 10-нан аса немере сүйіп отыр. Тағдыр бір жағынан қыспаққа алып қысқанмен, қиындыққа қайыспаған жанға қызығын да үйіп-төгіп бере салатын секіл­ді ме, қалай? Өмірхан Құ­дас­паевтың өмірі сондай ойға жетелейді.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы