Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның респираторлық медицинасы: көзқарастармен шешімдердің эволюциясы» атты II Ұлттық респираторлық медицина конгресі өтті. Онда респираторлық медицинаны дамыту келешегі талқыланды.
Конгреске пульмонолог, фтизиатр, торакальды хирург, аллерголог, реаниматолог, кардиолог, эндокринолог, педиатр, терапевт, т.б. тәжірибелі дәрігер мамандар қатысты. Саланың білгір мамандары өкпенің интерстициальды ауруларын, бронх демікпесін емдеудің заманауи тәсілдерін, ауыр демікпені, тыныс алу органдарының онкологиялық ауруларын емдеудің заманауи әдістерімен қоса тағы бірнеше мәселені қарастырды. Себебі конгресс респираторлық медицина саласындағы өңірлердің бас мамандарымен өзекті мәселелерді талқылауға, елдегі пульмонологиялық қызметтің және онымен байланысты бағыттардың жұмысын қорытындылауға арналды.
Бұл іс-шараның өтуіне Астана медицина университетінің ұжымы бір кісідей үлес қосты. Университеттің жетекші мамандары пульмонологиядағы озық білім беру технологиялары мен инновациялық ғылыми бағыттарды оқу құралдарына енгізуден кенде қалған емес. Пульмонология бойынша резидентура бағдарламасы университетте 2011 жылдан бастап іске асып келеді. Бұл бағытты 100-ден аса резидент игерген. Осы күні өткен дөңгелек үстел барысында жетекші отандық және шетелдік мамандар, Еуропалық Респираторлық қоғамның өкілдері қатысты. Сондай-ақ конгресте респираторлық медицина саласында қолданылатын дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен жабдықтар жөнінде постерлік сессия, көрме ұйымдастырылды.