Отандық ғалымдарға тұрақты жалақы беру мәселесі заң жүзінде қаралып жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов баяндады.
Ғылымды дамытамыз десек, ғалымдарға жағдай жасауымыз керек. Біздің елдің кейбір ғалымдары негізінен тұрақты жалақы алмайды. Олардың табысы гранттарға тәуелді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы мәселені көтеріп, шешудің жолын көрсетті. Оның айтуынша, заң жобасы төрт негізгі бағытты көздейді. Ең маңыздысы – ғылымды қаржыландыру жүйесіндегі өзгеріс.
– Бүгінгі отырыста ғалымдарды тұрақты жалақымен қамтамасыз етуді ұсынып отырмыз. Қазір ғалымдар жалақыны негізінен мерзімді түрде жарияланатын гранттар есебінен алады. Егер сізде ғылым гранты болмаса, жалақысыз қаласыз. Заң жобасы қабылданғаннан кейін ғалымдар, барлық қызметкер сияқты, ай сайын жалақы алады, – дейді А.Аймағамбетов.
Заң жобасында отандық ғалымдарға қауымдастырылған профессор және профессор дәрежесі бойынша қосымша ақы төлеу де ұсынылған. Қазір бұл жобаның тағдыры Үкіметтің қорытындысына байланып тұр. Қорытынды дайын болған кезде барлығы нақтыланатын болады. Кейінгі 30 жылда ғылыми қызметкерлер саны бірнеше есе азайған. Бұл ел ғылымының көшін ілгерілетпейді, сағын сындыра түседі. Бұлай жалғаса берсе, біздің елдің ғылымы көштен қала бермек. Сол себепті де бұл бағыттың бәсін биіктетіп, ғылыми кадрлардың жағдайын дұрыстау қажет. Осы тұрғыдан қарасақ, бұл заң жобасының маңызы жоғары-ақ.
Сондай-ақ ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен кредит беру қолжетімді болады. Заң жобасында жас ғалымдарға жеке қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу де ұсынылады.
– Біз ипотекалық жеңілдікті несиелеу мәселесін жастарға қолжетімді етуді ұсынамыз. Бұл уәкілетті орган критерийлері бойынша бекітетін құжат болады, ең бастысы – заңда негізгі нормалар, бағыттар мен қағидаттар қаланады. Жас ғалымдарға тұрғын үй бойынша несие беру қолжетімді бағдарлама болуға тиіс деген қағиданы қалап отырмыз, – деді депутат.
Жалпы, заңнамаға ғылым жүйесін дамытуға бағытталған көптеген жаңа норма енгізу ұсынылады. Оның ішінде қолданбалы зерттеулерді өндіріске енгізу, бизнеске отандық ғалымдардың әзірлемелерін енгізу тиімділігі, салықтар бойынша супер шегерімдер мәселелері бар.
Еске сала кетейік, осыған дейін ғалымдар жалақысына қатысты мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көтерген еді. Олар «ғалымдардың жалақысы өседі» деген жақсы хабарды сүйіншілеген. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ғалымдардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға артады деген.
– Отандық ғылымды дамытуға Үкімет жүйелі іс-шараларды қабылдап жүр. Жақында ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп, біз жоғары білім және ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп бекіттік. Оның аясында ғалымдардың санын 1,5 есеге ұлғайту, ғылыми институттарды дамыту, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыру, жастарды ғылымға тарту және университет ғылымын дамыту көзделеді, – деп еді Үкімет басшысы.
Деректерге сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылымды қаржыландыру 2020 жылғы 89 млрд теңгемен салыстырғанда биыл 160 млрд теңгеге өсті. 2025 жылға дейін қаржыландыру көлемі 240 млрд теңгеге дейін арттырылмақ. Бұл ғылым саласына едәуір қозғау салады.