• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Теңге 15 Қараша, 2023

Төл теңге – елдіктің нышаны

679 рет
көрсетілді

Ұлттық валюта – теңгенің нарық айналымы­на енгеніне – 30 жыл. Осынау бедерлі кезеңде теңге талай сыннан өтіп, ел берекесінің ұйытқысы­на айналды.

Өз валютамызбен есеп айырысу­дың қаншалықты маңызды екенін кейінгі буын түсіне жатар, ал орта және аға буын ұлттық құндылықтар көрініс тапқан дербес валютаның қадір-қасиетін анық біледі. Көпке мәлім десек те, кейбір деректерді оқырман есіне салып өтудің артығы болмас. Ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия 1993 жылы 3 қарашада құрылды. 1993 жылы 12 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа ақша бірлігіне айналды. Көп ұзамай, яғни 1995 жылы 19 мамырда елімізде Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Ұлттық банк дерегі бо­йынша, сол жылы 83 миллионнан аса, бір жылдан кейін 104 миллионнан аса банкнот шықты. Ал монета сарайы оның алдында, 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылған еді.

Теңге арқылы қыз-қыз қайнап жататын банк секторы да 90-жылдардан бері талай баспалдақ­тан өтті. Есейді. Еңсе тіктеді. Сан түрлі түйткілдің күрмеуін тарқатқан банк саласы тәуекелдерге төзімді болуды да үйренді. Бірқатар реформа жүргізілді. Мемлекет тарапынан банктерді сауық­тыру да жүзеге асырылды. Мұның артығы мен кемін сарапшылар талай таразыға тартты да. Ең бас­тысы, теңге мен банк секторы қайтсе нарықтық сын-қатерлерге қарсы тұра алады деген сауалдарға жауап таба бастадық. Бұл біздің жаңар­ғанымыздың, жетілгеніміздің белгісі еді.