Биылғы оқу жылынан бастап «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорлары «Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» жобасын қолға алды. Қордан бөлінген 5 млрд теңгеге аудан орталықтарындағы 12 тірек мектеп, 134 шағын жинақты мектептің 386 оқу кабинеті қайта жабдықталып, алты мыңнан аса ауыл баласы үздік мұғалімдерден дәріс алуда. Оған қосымша өңірдегі 281 ауыл мектебінің интернет жылдамдығын жақсартуға жергілікті бюджеттен 448 млн теңге бөлінді.
Бұл өткен жылы қарашада басталған «Білім all» қанатқақты жобасының жалғасы. Сол уақытта Ақтөбедегі 35 таңдаулы ұстаз 120 ауыл мектебінің оқушыларына ағылшын, математика, физика, химия, биология пәндерінен онлайн платформа арқылы дәріс жүргізе бастады. Түпкі мақсат – ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту. Осы жобаның басында еліміздегі орта білім жүйесі реформаторларының бірі Күләш Шәмшидинова тұрғанын айтып өткеніміз жөн. Ол бірнеше рет Ақтөбе облысына келіп, Ойыл, Қобда, Хромтау аудандарындағы «Білім all» жобасына қатысқан шағын жинақты мектептердің онлайн дәрістерін бақылап, оқушылармен, мұғалімдермен ақылдасты. Сонымен қатар бұрынғы Білім және ғылым министрі болған Асхат Аймағамбетов пен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үш аудандағы шағын жинақты мектептерге келіп сабаққа қатысты. Қанатқақты жобаның жетістігі мен кемшілігін таразылай келе, шалғай елді мекендердегі интернет байланысын жақсарту кезек күттірмейтін мәселе екендігі белгілі болды. Өткен жылы интернет байланысының әлсіздігінен 25 ауыл мектебінде онлайн сабақтар өткізу қиындыққа түсті. Дегенмен жүйелі жұмыстың арқасында биыл бірнеше мектепте интернет байланысы қалпына келтірілді.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бұл – бірнеше мыңдаған ауыл баласының сапалы білім алуына жол ашатын жоба. Өйткені облыс орталығындағы мамандандырылған мектеп-интернаттар 500-ден артық бала қабылдай алмайды. Екінші жағынан, бюджет қаржысы негізінен бала саны көп мектептерге бағытталады да, оқушы саны өте аз шағын жинақты мектептер назардан тыс қалып қояды.
Қазірде «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген қаражатқа шағын жинақты мектептердің қазақ тілінен бастап алғашқы әскери дайындық пәніне дейінгі барлық кабинеті, бастауыш сыныптар, кітапхана мен асхана, мәжіліс залдары қайта жабдықталып жатыр. Он екі тірек мектепте АРТ студия, киностудия кабинеті ашылды, музыка кабинеттеріне қазақтың ұлттық аспаптары қойылды. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған Ақтөбедегі төрт мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға кірісті. Бүгінде №7 арнайы түзету мектебінің бес оқу кабинеті, облыстық арнайы мектеп-балабақша, Жайсаң арнайы білім беру ұйымы, облыстық арнайы мектеп-интернат, колледжінің оқу кабинеттері, шеберханасы толық жаңартылып, жаңа жиһаздар сатып алынды», дейді Жайық Сұлтан.
Заманауи білім ресурстарына қолы жеткен жеті мыңға жуық ауыл баласына сабақ беретін ұстаздар саны осы күні 132-ге жетті. Олардың қатарына Zoom платформасы арқылы дәрістер өткізуге ауыл мұғалімдері де қосылды. Үйрете жүріп, үйрену әдісі ауылдың жас мұғалімдері үшін өте тиімді болды. Олар жыл сайын облыстық, республикалық пәндік Олимпиада жеңімпаздарын даярлап жүрген әріптестерінен баланың қабілетін ұштау тәсілдерін, сабақ түсіндіру әдістемесін үйренеді. Оның үстіне, үздік ұстаздар онлайн оқыту арқылы шағын жинақты мектептердің 10-11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға даярлайды. Бұл күндері қанатқақты жобаға қатысқан шағын жинақты мектептерде мониторинг басталды. Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінен және «Қазақстан халқына» қорынан келген 26 бақылаушы 12 тірек мектеп, 134 шағын жинақты және 7 бақылау мектебінің 6,8,10-сынып оқушыларынан бес пән бойынша тест алуда. Осы арқылы бір жылда қай мектепте білім сапасының өскенін, қай мектепте төмендеп кеткенін анықтайды. Бұл жолы бақылаушылар қанатқақты жобаға қосылмаған, бірақ аптасына бес пән бойынша бір рет онлайн дәріс жүргізілетін жеті мектептегі оқушылардың білім деңгейін де бақылауға алды.
Осы жобаға қала мектептерінің ұстаздары ықыласпен кіріскенін атап өткен жөн. Өйткені олар ауыл мектебі оқушыларының білім сапасын жоғарылатуға аса құлшынысты. Ауыл мұғалімінің кәсіби деңгейін заманауи тәсілдермен жетілдіруіне жол ашқан жобаның арқасында, өз мамандығын сүйетін, ізденуден жалықпайтын оқытушылар қатары көбейіп жатыр. Ауылды түлету үшін ең алдымен мектебін түзету керек деген осы болар.
Ақтөбе облысы