Жуырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің фотоальбом-кітабы жарық көріп, көпшілікке таныстырылған еді. Композитордың су жаңа фотоальбом-кітабында бұрын-соңды басылым беттерінде жарияланбаған түрлі кезеңдеріндегі фотолары, халыққа кең тараған әндері ноталарымен және әнші-ақындардың суреттерімен қоса берілген. Әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген композитор шығармашылығы туралы белгілі қайраткерлердің жылы лебіздері де ұсынылған.
Жаңа кітаптың алғашқы естелігі Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шахановпен басталыпты. «Ұлттық мүддеге терең тамыр жіберген Қалдыбектің ең басты қасиеті – оның шындық биігінен табыла білуінде», деп баға береді ол.
Талантты композитордың ел ішіне таралған «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу», «Жайықтың толқындары» туындылары халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналып, қазақ музыкасының алтын қорына енді. Автор аталған жаңа жинаққа екі жыл бойы дайындалған.
«Екі жыл бұрын жүрегіме күрделі ота жасалды. Сол кезде қанша ғұмырым қалды екен деп ойладым. Аман қалдым ғой, әйтеуір. Кітабымды кім шығарады? Ұл-қыздарым бар ғой. Бірақ өз әндеріңнің тағдырын өзіңнен артық ешкім білмейді. Әндерім – менің перзентім сияқты. Әрқайсысының мінезі бар. Жүрегімнен жарып шыққан әндерімнің халыққа жеткені де, жетпегені де бар. Мойындалғаны, әлі әншісін таппағандары бар. Сондықтан осы фотоальбом-кітабымды шығарғым келді. Бұл – менің тұңғыш жарияланып отырған кітабым, алғашқы қарлығашым. Мен өтірік ән жазып, өзімді алдаған емеспін. 40-қа жуық ән жазыппын. Оның ішінде 10-ға жуығы – халыққа танымал әндер. Мен өнерге адал болған жанмын. Өнерден басқа менің ешкімім жоқ», дейді Қ.Құрманәлі.
Аты аңызға айналған «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовпен көзі тірісінде кездесіп, тырнақалды туындыларына оң бағасын алған композиторды көпшілік бүгінде «Шәмші ағаның ескегі», «Шәмші мұрасының шырақшысы» атап кеткен.