Қазіргі кезде орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпиондық тәжді иеленіп отырған қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлының атағына қызығушылар өте көп.
Бас-аяғы бір тәуліктің ішінде екі бірдей былғары қолғап шебері Жәнібекті жекпе-жекке шақырды. Алғашқы болып Джимми Келли үн қатты. 31 жастағы Ұлыбританияның тумасы 11 жылдан аса уақыт аралығында 30 рет рингке шығып, үш рет қана жеңіліс тапты. Оның тек Лиам Смит, Деннис Хоган және Хайме Мунгияға әлі жетпеді. 10 кездесуді Келли мерзімінен бұрын аяқтады. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол «Былтыр мен Қанат Исламды жеңген едім. Енді тағы бір қазақты сабауға шама-шарқым жетеді», деп көпіре сөйледі.
Көп кешікпей Тұманды Альбион елінің тағы бір өкілі Тайлер Деннидің дауысын естідік. Ол да бұл жекпе-жекте өзінің жеңіске жететініне сенімді. 32 жастағы боксшы 2006 жылдан бері кәсіпқойлар арасында күш сынасуда. Сол кезден бері 22 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. Екі рет ұтылып, тағы үш бәсекеде тең есеп тіркелді.