24 желтоқсанда Мәскеуде аралас жекпе-жектен АСА промоушенінің мұрындық болуымен жеңіл салмақта Гран-при турнирінің ширек финалдық сайыстары өтеді.
Ресей астанасында 31 жастағы Артем Резников те (24-11) өнер көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тумасы былтырғы маусымда дәл осы жарыстың финалына дейін жеткен еді. Алайда шешуші тұста ресейлік Эдуард Вартанянға есе жіберді. Енді ол биыл қалай да сол олқылықтың орнын толтыру үшін барын салады. Артем аталған турнирдегі алғашқы жекпе-жегін Әли Баговқа қарсы өткізеді. 32 жастағы Кабардино-Балкария тумасы 42 рет октагонға шығып, 31 рет жеңіс тойын тойлады. 25 бәсекеде айқын басымдық танытты.
– Барлығы да «Резниковтің грэпплингі керемет» деп айтады. Бірақ әсте олай емес. Желтоқсанда өтетін жекпе-жекте мен Артемға нағыз грэпплинг қандай екенін көрсетемін. Үнемі шабуылдап, қарсыласыма бір сәтке де дамылдауға мүмкіндік бермеймін, – дейді Ә.Багов.