• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Қараша, 2023

Мың сөзден бір сурет артық

427 рет
көрсетілді

Өзің түсінбейтін тақырыпта әңгіме қозғаған өте қиын. Бірақ біз қазақпыз ғой, тіршіліктің барлық бағыт-бағдарында бармыз. Сіз күлуіңіз мүмкін, дегенмен дүниенің дүрсілі тікелей біздің жүрегімізден өтетіндіктен, әрбір сәттің сәулесіне жылынуға аңсармыз. Сол аңсарды бүгін фотограф Жеңіс Ысқабайдың «Ана» атты шығармасынан таптық. Бұл – әшейін сәйкестік емес, бұл – өмір.

Қолына қалам ұстаған адамның бәрі жазушы болмайтыны секілді, мойнына фотоаппарат ілген маман­ның бәрі фотограф емес. Онда өріс кеңдігінен гөрі, сезім тереңдігі бар. Ал өнерге сезім араласса, құпия ішіндегі құпия ашылады. Пенде санасында­ғы жарықшаққа ұялаған кез келген ­туынды оны тербетпей қоймайтыны анық. Ол да әуезді ән секілді ұзақ уақыт миыңды отарлап алады. Ауыл­дың тастақ жолында қи толы ескі ар­басын сүйретіп бара жатқан ақ жау­лықты әженің суретіне қарасаңыз, жүре­гіңіз елжірейді. Оның жыртық көй­легі тіпті жан толғанысыңызды одан әрі үдете түсетіндей. Мұздай шы­тынаған қолдарында өмірдің табы бар. Туынды құдды тірі сияқты, тіпті дәл қазір мен өз әжемді көргендей әсерде тұрмын.

«Әлемде үлкен спектакль болып жатыр. Бұл туынды соның бір бөл­шегі. Тіпті қай жылы, қай күні түсір­генім есімде жоқ. Шамамен осы­дан 5-6 жыл бұрын болса керек. Қор­жынымды ақтарып жатып тауып алдым. Құдай кейде уақыт көрі­ністерін өзі әкеліп береді, се­нің міндетің – соны мүлт жібермеу. Күн­делікті қарбаластан қолың босай бермейді, содан осындай көркем шығармаларды электронды қалтаға сала саласың. Кейін көңіліңді аласапыран күйге бөлеп жарыққа шығады. Бұл – репортерлік жұмыс, өмірдің әрбір сәті адамға берілген сый. Соны ұмытпау керек», дейді автор.

Фотограф оқиғаны жеткізуші, сол мезеттің хабаршысы ғана. Ал оны мұқият тамашалау оқырманның ен­шісінде. Біз осы композициядан не көрдік, нені байқадық, қандай әсер алдық, автор үшін сол маңызды. Бұл жерде тек кейіпкердің қасіреті емес, бүтін мемлекеттің жай-күйі жат­­қандай. Қазіргі біз жаңалауға ты­рыс­қан ескі Қазақстан. Жұлым-жұ­лы­мы шыққан саяси жүйе. Кедір-бұдыр жолдардың жаңғырығынан жем­қорлықтың даусы естілетіндей. Зейнетке шыққан қарияның жанай­қайы, екі құлағын тарс жапқан қаты­гез қоғам.

Жасы жетпістен асқан кейуана қолдан құралған арбасын сүйеніш етіп ұзақ жолға бет алған. Кейіпкердің образы – бір әлем. Күтусіз қалған ба, әлде жалғыздықты тұмар еткен бе, мүмкін бала-шағасын асыраушы немесе асау тағдырдың ырқына көнген көпбалалы ана. Кім білсін? Бірақ фотоаппарат өтірік айтпайды. Ең ауыры не екенін білесіз бе? Ол – осы суреттен әр адам өзінің бір кезеңін көруі. Мың сөзден бір сурет артық.

Әрине, әрбір фотографтың өзін­дік өмірлік концепциясы бар. Олар­дың бір-біріне ұқсауы міндетті емес. Әйтсе де барлығын өнерге деген құмарлық, субъектіге өзгеше көзқарас, детальдардың тұтастығы мен бірегейлігіне сенім, жұмысына сүйіспеншілік қасиеттері біріктіреді. Автор қандай тақырыпқа барса да, оның мазмұнын өз түйсігінен тудырмайды. Тіпті оған қатысы жоқ болуы да мүмкін. Ғажабы сол, ең шешуші сәтте оқиға орнынан табылуы.

Бүгінде атақты француз фотографы Анри Картье-Брессонның «Гео­метрияға назар аударыңыз, жақ­таудың ортасы мен шекарасы туралы ойланыңыз» деген тұжырымы фото­графия саласының негізгі кредосына айналды. Сонда ғана өнер иесі таңғажайып композициялық фрейм­дерді жасауға қабілетті болмақ. Мұны Жеңіс Ысқабай жақсы бағамдай­ды. Себебі көркем шығармаларында ны­сандардың сызықтары мергеннің мылтық шүріппесін басар алдын­дағы тәуекеліндей дәлме-дәл. Жасан­дылықтан ада, табиғи. Бізге керегі де осы емес пе? Брессон айтпақшы, «Сіз­дің көзіңіз кадрдың композициясын, өмірдің өзі ұсынатын композицияны қатар көруі керек».

«Әр шығарманың өмірге келуі – бір тарих. Әрине, ұлы суретші болу үшін білім мен қатар сәттілік те ауадай қажет. Кейбір фотографтар шы­ғармаға кірісер алдында әуелі әуенін естиді, жарық пен көлеңкенің ойынын көреді. Ал менде қызығушылық басым. Мен өзімді кәсіби не әуесқой фотографпын деп айта алмаймын. Бір кадрды шығару үшін, мың кадрды құрбандыққа шаламын. Кейіпкерді іздемеймін, өздері келеді. Қолыма фотоаппарат алған сәтте демаламын, ешкімді естімеймін. Мен адамның эмоциясымен жұмыс істемеймін, со­ған бейімделемін. Өмірдің құпия­сын көре білу керек», дейді Ж.Ысқабай.

Жазушы Жүсіпбек Айма­уытұлы «Әр адамның өрісі бірін­ші – заманға, екінші – туып-өс­кен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқы­мына) байлаулы» дейді. Бұл сөз бү­гінгі біздің кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Оның атасы қолы алтын шебер болған. Өзі де ағаш оюдың хас маманы. Бойына біткен қандай да бір артық қасиет табылса, оның түпкі тектен келгеніне имандай сенеді.

Өмірге объективтің көзімен қа­рау мүмкін емес. Бірақ дүниенің жұм­бағын іздесеңіз, камераңыз қолы­ңызда жүрсін. Ол да тау-тастың ара­сына тығылған алтын секілді. Кім бірінші табады, сонікі. Бір сәт­тік шындық, мәңгілік әділдіктің бет­пердесі.