• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Қараша, 2023

Эвакуацияның бірінші кезеңі

164 рет
көрсетілді

Өткен аптада өткен баспасөз жиынында Сыртқы істер министрінің арнайы өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Иордания мен Мысырдағы елшіліктері Газа секторындағы еліміздің азаматтарына көмек көрсетудің түрлі тәсілін қарас­тырып жатқанын мәлімдеген еді.

Ал кеше эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, нәтижесінде «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.

Қазақстан дипломаттары отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты, олар жақын арада Каир қаласына жетеді.

Айта кететін жайт, Қазақстан азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қазақстан өкілдері Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандас­тарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастырады.

Біздің барлық азаматымыз Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін Қазақстан Үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды.

«Шетелде Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау – Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктерінің негізгі міндеттерінің бірі. Алдын алу шараларын қабылдау үшін біз Таяу Шығыс өңіріндегі жағдайды бақылап отырмыз. Өкінішке қарай, шиеленіс күшейіп келеді», деді А.Смадияров.

Сондай-ақ сала өкілі Палестинаға гуманитарлық көмек көрсету мәселесі туралы әңгімелеп берді. Өздері­ңізге мәлім, 7 қазанда басталған қарулы қақтығыс Таяу Шығыс онсыз да күрделі жағдайды ушықтырып, Газа секторында гуманитарлық дағдарыс тудырды.

«Соңғы мәліметтер бойынша қақтығыс салдарынан Газа секторында 10 мыңға жуық адам қаза тауып, 20 мың­нан астам адам жарақат алған. Құрбан­дардың үштен екісі – әйелдер мен балалар. Палестиналық босқын­дар­ға көмектесу және жұмыс­тарды ұйымдастыратын БҰҰ Таяу Шығыс агентті­гінің ақпаратына сәйкес Газа секторын­дағы халықтың жағдайы өте күрделі және 2 мил­лионнан астам адам азық-түлік көмегіне мұқтаж.

Батыс, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдері, атап айтқанда Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай, Түркия және басқалары Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында зардап шеккен Палестина халқына қаржылық және материалдық гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады», деді А.Смадияров.

Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайды ескере отырып, Қазақстан да көмек қолын созды. Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылданды. Естеріңізде болса, бұл шешімді Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.