• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2023

20 миллионыншы балаларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

230 рет
көрсетілді

Отбасы банк еліміздің бірнеше өңірінде дүниеге келген «20 миллионыншы тұрғын» атанған балаларға 2 000 000 теңгелік сыйлық сертификаттарын сыйлады. Мұндай қуанышты жаңалықты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова хабарлады. Қаржы құрылымының жетекшісі бұл бүлдіршіндердің болашағына қосқан өз үлесіміз деп атап өтті.   

«Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті» деген қуанышты хабарды Ұлттық статистика бюросы, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Отбасы  банкі өкілдері бірлесе өткізген брифинг барысында хабарлады.

«Ел тарихындағы ерекше сәт –  20 миллионыншы азаматтың дүниеге келуін атап өтудеміз. Бұл күн бәріміз үшін маңызды. Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналды құны бар сыйлық сертификаттарын сыйлаймыз. Бұл жай ғана сыйлық емес, ол бүгіннен бастап бүлдіршіндерімізге жарқын болашақ құруға үлкен мүмкіндік береді», деді Ләззат Еркінқызы.

Сонымен қатар Басқарма басшысы балаларға арналған депозиттердің саны артқанын айтып, нақты деректер келтірді.

«Отбасы банкінде балаларға арналған 300 мыңға жуық депозит бар. 5 жасқа дейінгі балаларға 50 мыңнан астам жинақ шоттары ашылды. Ал 1 жасқа дейінгі ең кішкентай салымшыларымыздың атына ашылған 12 700  депозит бар», деді Отбасы банк басшысы.

Еліміздегі әрбір отбасының, қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін тағы бір маңызды жайт – «Ұлттық қор – балаларға» бірегей жобасын ресми түрде іске қосу туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысының қол қоюы. Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз мақсатты жинақ шоттарына аудару арқылы балаларға қолдау көрсету.

«2024 жылдың ақпан айынан бастап 18 жасқа толған жобаның алғашқы қатысушылары өз төлемін алады. Алынған жинақты  – тұрғын үй  алуға және білімге жұмсауға болады. Отбасы банк бұл жобаға уәкілетті операторлардың бірі ретінде қатысады. Бұл бағытта бізде үлкен тәжірибе бар, тіпті жобаны қашықтан, онлайн режимінде жүзеге асыруға дайын платформа да жұмыс істеп тұр. Ол enpf-otbasy.kz деп аталады. Миллионға жуық адам осы платформаны пайдаланып, кезекте тұрмай, артық әбігерсіз нысаналы мақсатқа қолданып келеді. Платформа көмегімен жобаға қатысушылар өздерінің жинақтарын белгілі мақсаттарға бағыттай алады», деді Ләззат Еркінқызы.