Қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев АҚШ-тың Шампейн қаласында өтіп жатқан «Челленджер» турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.
Осыдан он күн бұрын Шарлотсвилдегі турнирде топ жарып, әлемдік рейтингте бірден 52 сатыға жоғарылаған қандасымыз бұл жарысты сәтті бастаған еді. Тұсаукесер кездесуінде ол италиялық Энрико Далла Валлені 6:1, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Бірақ екінші кезеңде Б.Жұқаевтың жолы болмады. Бейбіт АТР рейтингінде өзінен 118 саты төмен тұрған Хорватияның өкілі Нино Сердарушичке есе жіберді. Алғашқы сет тай-брейкке дейін ұласса, екіншісінде қарсыласының мысы басым болды – 6:7, 4:6. Енді қазақ теннисшісі Америка құрлығында өтетін тағы бір турнирге қатысуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның бесінші ракеткасы Денис Евсеев Швецияның Дандерюд қаласында шымылдығы түрілген жарыстың алғашқы кезеңінде жергілікті ойыншы Карл Фрибергті сүріндірді – 6:2, 6:3. Екінші айналымда ол жапониялық Брэндон Накашимомен бақ сынасады.