Шахматтың рапид пен блиц түрлерінен ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті әлем чемпионаты 26-30 желтоқсан аралығында Өзбекстанның Самарқан қаласында өтеді.
Бұл хабарды Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) таратты. Былтыр дәл осы жарыс Алматыда ұйымдастырылған еді. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде 2013-2023 жылдар аралығында төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылған швециялық Магнус Карлсеннің қарқынына ешкім шыдамады. Ол шахматтың екі түрінен де бас жүлдені олжалады. Әйелдер сайысы Бибісара Асубаева (блиц) мен қытайлық Тань Чжунъидің (рапид) жеңісімен аяқталды. Осылайша, қазақ қызы блицтен әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Ал Динара Сәдуақасова (рапид) күміс медальды мойнына ілді.
«FIDE мүшелері Өзбекстанда шахмат өте жақсы қарқынмен дамып келе жатқанына сан мәрте көз жеткізді. Оны толықтай мойындаймыз. Сол себепті де біз сол елге аталған жарысты өткізуді сеніп тапсырып отырмыз. Олардың осы дүбірлі доданы аса жоғары деңгейде ұйымдастыратынына қылаудай да күмәніміз жоқ», дейді FIDE президенті Аркадий Дворкович.