Биыл 1 қаңтардан бастап Конституциялық сот жаңартылған форматта қайтадан жұмыс істеп келеді. Президент, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурормен қатар қарапайым тұрғындарға да Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығының берілуі – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі. Біз Бас прокуратураның Норма шығармашылық қызметін үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Альбина МАУТОВАҒА жаңа органның қызметі және Бас прокуратурамен байланысы жайында бірнеше сұрақ қойған едік.
– Альбина Тасболатқызы, 90-жылдардың басында елімізде алғашқы Конституциялық сот жұмыс істегенін білеміз. Оның ерекшелігі неде еді?
– Әр демократиялық мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату және азаматтар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Елімізде кейінгі жылдары құқықтық жүйесін жетілдіру мақсатында бірқатар реформа іске асырылып келеді. Соның бірі – Конституциялық соттың қайта құрылуы. Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде мұндай конституциялық бақылау органы жұмыс істеген еді. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң Конституциялық сотты Ата заңымыз сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде бекітіп, 1992 жылы қабылданған «Конституциялық сот туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңдардан кейін өз жұмысын бастады.
Конституциялық сот егер Конституцияға қайшы келсе, Президенттің күшіне еніп қойған жарлықтары мен заңдарының күшін жоя алатын құзыретке ие. Бұл органның ел есінде қалған шешімдерінің бірі – Парламент рөлін атқарған Жоғарғы Кеңес сайлауын заңсыз деп тануы еді. Осы шешімнен кейін Жоғарғы Кеңес таратылды. Сол кездегі «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңының 18-бабына сәйкес Конституциялық сотқа талап-арыз беру құқығы Бас прокурорға тиесілі болды, яғни өтініш беру субъектісіне жатты. Ал 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылып, соған сәйкес Конституциялық сот жұмысын тоқтатты.
Конституциялық кеңес Президент пен Парламент сайлауының, референдумның заңға сәйкес өтуін қараған. Сонымен қатар Президент қол қоймаған, бірақ Парламент қабылдаған заңдардың, халықаралық шарттардың ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексерген және Конституция нормаларына ресми түсiндiрме берген.
Конституциялық кеңестің құқықтық мәртебесін айқындайтын ережелер негізгі заңның «Конституциялық кеңес» деп аталатын VI бөлімінде бекітіліп, кеңестің құзыреті, бұл органға өтініш беру субъектілері және оның салдары, кеңестің құрамын қалыптастыру тәртібі, шешімдерінің заңды күші мен сипаты анықталған. Конституциялық кеңестің құрылу мен қызмет мәселелері «Конституциялық кеңес туралы» Конституциялық заңмен реттелген. Бұл заң бойынша Бас прокурор Конституциялық кеңеске өтініш беру субъектісіне жатқан жоқ.
Жалпы, Конституциялық кеңес жұмыс істеген 27 жыл ішінде конституциялық бақылау органы ретінде Конституцияның үстемдігін тиімді қамтамасыз етті. Оның тәуелсіздігі және биліктің бірде-бір тармағына кірмеуі конституциялық құндылықтарды өз бетінше қорғауға мүмкіндік берді.
– Ендеше, Конституциялық сотты қайта құру не үшін қажет болды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Көптеген елде Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды», деп елімізде қайтадан Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастама – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.
2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, Конституциялық соттың құрылуы да сол кездегі түзетулердің бір бөлігі болды. Кейін 2022 жылы 5 қарашада Президент қол қойған «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заң қабылданып, жаңа институттың мәртебесі мен құзыретін толық айқындап берді. Биыл 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған соттың басты ерекшелігі – оған барлық азаматтар, қарапайым адамдар өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы өтініш бере алады. Ал Конституциялық кеңеске жеке тұлғалар жүгіне алмайтын.
Жалпы, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мен Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың ратификацияланғанға дейін республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті кіреді. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сонымен бірге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді. Бұлар конституциялық іс жүргізуге бастамашылық жасау өкілеттігі берілген жаңа субъектілерге жатқызылды. Конституциялық соттың бұл субъектілердің жолданымдарын қарауы – негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі тиімді тетігі. Ең бастысы, Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құндылықтары деп танылған адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, бұл жүйенің жұмыс істеуіне тікелей байланысты.
– Конституциялық сотта прокуратураның рөлі қандай, азаматтардың шағымдары бойынша іс жүргізуге прокуратура тарапынан өкіл қатыса ма?
– Негізгі заң бойынша Конституциялық сот пен прокуратураға жүктелген міндеттер бір-біріне жақын. Конституциялық сот конституциялық заңдылықты қамтамасыз етеді, прокуратура заңдылықтың сақталуындағы жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Прокурорлар қадағалауды жүзеге асыра отырып, күн сайын заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді қолданады.
Конституцияға, заңдарға, Президенттің жарлықтарына және ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін заңға тәуелді актілер анықталған жағдайда, прокуратура оларға наразылық келтіреді. Айта кету керек, 2017 жылғы конституциялық реформаға дейін прокуратура органдарына заңдарға наразылық келтіру құқығы берілді, бірақ бұл тетік жұмыс істемей келген еді. Өйткені ол кезде прокуратура конституциялық бақылау органына жүгіну субъектілеріне жатқан жоқ және оған конституциялық іс жүргізу бойынша бұрын қабылданған қорытынды шешімді түсіндіру туралы өтінішхатпен ғана жүгінуге құқылы болды.
Енді 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін заңдардың Конституцияға сәйкестігіне күмән туындаған жағдайда, прокуратура негізгі заңның 72-бабы 4-тармағының тәртібімен Конституциялық сотқа жолданыммен жүгінеді.
Біз халық үшін маңызды және өзекті мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, Конституциялық сотқа жүгіну бойынша өз функциямызды іске асыруға мұқият қараймыз. Бұл бағытта Бас прокуратура Конституциялық сотқа жолданымдарды дайындау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Конституциялық соттың іс жүргізуінде Бас прокурор тарапынан берілген меншік құқығы туралы және сотқа дейінгі тергеу сатысында азаматтардың құқықтарын сақтау туралы конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуге қатысты екі жолданым қаралып жатыр.
Бас прокурордың өкілі азаматтардың өтініштері бойынша Конституциялық соттағы барлық істерге қатысып, қорытынды дайындау жолымен де қамтамасыз етеді. Сонымен бірге біз Конституциялық соттың шешімдерін орындау үшін уәкілетті органдармен бірлесіп, заң жобаларын әзірлеуге қатысамыз. Жалпы, Конституциялық сот пен Бас прокуратураның өзара іс-қимылы қарқынды дамып келеді.
– Осы бір жылға жуық уақытта Бас прокуратураға азаматтардың өтініштері бойынша қанша сұраныс келіп, сотта қорытынды берілді?
– Конституциялық соттың баяндамашы судьялары «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заңның 24, 49-баптарына сәйкес келіп түскен азаматтардың өтініштерін қарау барысында Бас прокуратурадан қажетті құжаттарды және өзге де ақпаратты сұратады. Қаңтар айынан бастап Бас прокуратураға конституциялық іс жүргізу материалдары бойынша Конституциялық соттың 39 сұранысы түсті, оның ішінде 35-і – азаматтардың өтініштері бойынша, 4-уі – өзге субъектілер бойынша (Президент – 2, Үкімет – 1 және депутаттар – 1). Бас прокуратура конституциялық іс жүргізу бойынша 38 құқықтық ұстаным-қорытындысын жолдаса, Конституциялық сот 34 қорытынды бойынша шешім шығарды. Олардың бәріне Бас прокурордың өкілі қатысып, азаматтардың өтініштеріне қатысты қорытынды берді.
Бас прокуратураның құрылымында арнайы бөлімше құрылып, оның міндеттеріне Конституциялық сотқа жүгінген азаматтардың өтініштерін зерделеу және олар бойынша негізделген қорытындылар жасау бекітілді. Сонымен қатар Бас прокуратура жыл сайынғы Жолдаудың жобасына конституциялық заңдылық бойынша өз ұсыныстарын жолдайды.
Конституциялық сот нормативтік қаулылары арқылы заңнаманы жетілдіру үшін маңызды құқықтық ұстанымдарды қалыптастыратынын және қолданыстағы құқықтан Конституцияға сәйкес келмейтін нормаларды жоятынын атап өткен жөн. Бұл конституциялық тексеру барысында анықталған құқықтық олқылықтарды жедел шешуге мүмкіндік береді.
Конституциялық бақылау бүгінде Конституция ережелерінің тікелей қолданылу қағидасын іске асыруды қамтамасыз ете бастады. Бұған Конституциялық соттың қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын қолданыстағы заңнаманың бірқатар нормалары Негізгі заңға сәйкес келмейді немесе заңдар деңгейінде шұғыл өзгеруге жатады деп танылған қаулылары дәлел бола алады.
Конституциялық соттың конституциялық заңдылықтың жай-күйін бақылауды ұйымдастыру үдерісіне Бас прокуратураның белсенді қатысуы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға елеулі үлес қосады деген сенімдеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.