Астанада бокстан VІ жазғы Спартакиаданың жартылай финалдық айқасы өтіп жатыр. 48 келі салмақта әлем чемпионы, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының алты дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов финалға шықты.
Жартылай финалда ол өзінен 15 жас кіші Ернар Қарапты (Абай облысы) айқын ұтты. Теміртас Жүсіпов енді жазғы Спартакиаданың алтын медалі үшін финалдық жекпе-жекте Астана қаласының боксшысы Асхат Жүсіповпен жұдырықтасады.
Бокста 12 жылдан бері шұғылданып келе жатқан Теміртас Жүсіповтің жазғы Олимпиада ойындарына бұған дейін жолы түскен емес. Келесі жылы жалауын желбірететін Париж жазғы Олимпиадасына да жолдама алатын іріктеу додасына қатысуға әлі де мүмкіндігі бар.