Климаттық катаклизм – жаһанның жалпақ жұртына ортақ проблема. Басқа күнде түрлі тарапқа, жақ-жаққа, жік-жікке бөлініп, қызылшеке қырқысып жатсақ та, табиғат-ананың алдына саусақ бірікпей болмайтынын бүгінде дүйім дүние түсініп болды. Осы ретте Орталық Азия елдері климаттың өзгерістері жөнінде келелі кеңес өткізді.
БҰҰ-ның климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясы шеңберінде «Орталық Азия БҰҰ КӨНК тараптарының 28-конференциясы: «5 ел – 1 аймақ – 1 дауыс» аймақтық форумында табиғат тепе-теңдігі жан-жақты талқыға түсті. Жиын Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ), АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтті.
Форумға Орталық Азия елдерінің климат бойынша көшбасшылары, еліміздегі мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар мен БАҚ өкілдерінен бас-аяғы 200-ден аса адам қатысты. Аймақтық форум алаңында Орталық Азия елдерінің күн тәртібіндегі COP-28 аймақтың негізгі мәселелерін жақсарту үдерістерді талқыланды. COP-28 – БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК), Киото хаттамасының және Париж келісімінің ережелерін іске асыру үшін келіссөздер үдерісінің жоғары органы.
Іс-шара Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол қатысушыларға климаттың өзгеруіне қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуге үндеді. Климаттың өзгеруін азайтуға және оған бейімделуге, болашақ ұрпақ табиғатты сақтауға ықпал ететініне сенім білдірді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори елімізде 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның Климат бойынша аймақтық саммитін өткізу жөніндегі бастамасын қолдап, барлық қатысушыны Орталық Азияның Климаттық күн тәртібі бойынша диалог құруға және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнатуға шақырды.
«Биыл COP-28 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Дубайда өтеді. Іс-шараның басты ұраны – «Бірігу. Әрекет ету. Іске Асыру» («Unite. Act. Deliver»). COP-28 талқылауының негізгі тақырыбы митигациялық амбициялар мен шығарындыларды азайту және қолжетімді ресурстар арасындағы байланыс болып қала береді», деді Е.Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, COP-28-де Орталық Азия елдерінің павильоны жұмыс істейді. Онда бағдарламаға сәйкес бірқатар тақырып бойынша іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Мәселен, экономиканы декарбонизациялау, жасыл қаржыландыру жүйесін дамыту, биоалуантүрлі сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу.
«Бұл форумда климаттың өзгеруі мәселелеріне басымдық беріледі. Орталық Азияның 5 мемлекетінен Экология және қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің өкілдері қатысады. Бұл форум екі сессиядан тұрады. Бірінші сессия Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бағытталса, ал екінші сессия экологиялық мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың рөлі туралы болады», деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының баспасөз хатшысы Индира Жұмагелді.
Ол сондай-ақ форум аясында Орталық Азия елдері аймақтағы климаттың өзгеруіне бейімделу жөнінде стратегияның және Орталық Азия елдерінің өңірлік мәлімдемесінің жобаларын әзірлейтінін жеткізді.
Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Дубайда болатын конференцияда жасыл технологиялар мен инвестицияларды алып келу және ЖЭК дамыту саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қою жоспарланғанын айтты.
Қорыта айтқанда, жаһандық климаттық өзгерістер туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бір тобы табиғатты сақтау мен өзгерістерді тежеудің жолдарын ұсынса, енді бір тобы климаттық өзгерістер болмай қоймайтын құбылыс, адам мен жануарлар әлемі оған бейімделудің жолдарын қарастырғаны жөн дейді. Форумда бұл мәселе де шет қалған жоқ. Өйткені күннің көзін ешкім қолмен жауып тұра алмайды, табиғат өз дегенімен жүреді.