Елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен JOLTAP жобасы аясында «Freelance мүмкіндік» қысқамерзімді оқыту бағдарламасының екінші легі басталды. Жобаның мақсаты – жұмыссыз жастарға жол көрсету, халықтың табысын арттыру. Осыған орай жоба азаматтарға қазіргі нарықтық сұранысқа сай жеті түрлі цифрлық мамандықты тегін үйретеді.
JOLTAP жобасы Мемлекет басшысының өнімді жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындау мақсатында басталған. Бұл бастама елорда әкімдігі мен бірқатар мүдделі мемлекеттік органның қолдауымен іске асырылып отыр. Жобаның бірлескен серіктесі – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры, ал модульдік пункттерге «Халық» қоры қолдау көрсеткен.
Жобаның «Freelance мүмкіндік» оқыту жүйесі бір айды қамтиды. Бағдарлама ұйымдастырушыларының айтуынша, білім алуға өтініш білдіргендердің 60 пайыздан астамы – елорданың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындары. Астана әкімдігінің мәліметінше, екінші лектің 215 қатысушысы 7 цифрлық дағды бойынша оқуға кіріскен. Мәселен, SMM (оқу мерзімі – 2 апта), таргетолог (оқу кезеңі – 1 ай), бейнограф (оқу кезеңі – 1,5 ай), маркетплейс (оқу мерзімі – 2 апта), мобилограф (оқу кезеңі – 1 ай), графикалық дизайнер (оқу мерзімі – 1,5 ай), веб-дизайнер/сайттарды әзірлеу (оқу мерзімі – 1,5 ай). Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 500 азаматты 7 өзекті мамандық бойынша үйрету жоспарланған.
– Астана тұрғындарының дамуға әрі кәсіби өсуге талпынысы жоғары. Азаматтар оқуға, дағдыларды үйренуге, бизнес ашуға қызығушылық танытып отыр. JOLTAP жобасы арқылы 10 мың Астана тұрғыны жұмысшы және цифрлық мамандықтары бойынша оқып, сертификатталған маман атанады. Жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесіп бастаған тиімді жүйесі. Біз жаңа серіктестіктер мен әріптестікке ашықпыз, – дейді жоба жетекшісі Дана Жүнісова.
Қысқамерзімді оқытуға жазылу «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде өтеді. Бұл пункттерде елорда тұрғындары жұмыс және цифрлық дағдыларды игеру бойынша тегін кеңес алады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады. Модульдік пункттердің кеңесшілері тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, атаулы әлеуметтік көмек, оқыту және еңбекпен қамту мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат береді. «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы азаматтар 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша көмек алып жатыр. Оның ішінде бизнес ашу үшін грант пен шағын несие беру бағдарламаларына қатысуға 720 адам өтініш берген.
Жастар үшін цифрлық дағдыларды меңгеру табысты мансаптың ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық дағдылар жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол ашады және еңбек нарығында артықшылық береді. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификат алады, ал олардың кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында жарияланады. Бүгінге дейін жоба аясында 3 мыңнан аса азаматқа кеңес беріліпті.
«Freelance мүмкіндік» қысқамерзімді оқыту бағдарламасы «Таргет» курсының қатысушысы Данагүл Алпысбайқызы – көпбалалы ана. Ол жоба туралы құрбысынан естіп, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға барған. Ал қазір цифрлық дағдыларды игеру бойынша тегін білім алып жүр.
– Өзім – бес баланың анасымын. Бұрын мемлекеттік мекемеде жұмыс істегенмін. Қазір үш балам балабақшаға барады, оларды апарып, әкелетін адам жоқ. Сондықтан жұмыстан шығуыма тура келді. Үйде қарап отырмайын деп ылғи жаңадан шыққан онлайн курстарды сатып алып жүрдім. Ақылы түрде мобилография, SMM курстарын оқыдым. JOLTAP жобасы аясында маған заман ағымына сай «Таргет» курсы қызығырақ көрінді. Достарымыздың да кәсібі бар, мүмкін оларға да пайдам тиер. Курсты жақсы меңгеріп, таргетолог болып жұмыс істегім келеді. Бұл қолымнан келеді деп ойлаймын, – дейді қатысушы.
Данагүлдің айтуынша, таргетолог мамандығы бойынша оқу басқа мамандықтарға қарағанда қиынға түсіп отыр. Алайда бастапқы 3 сабақтың өзінен көп мәлімет алғанына қуанышты.
Жобаның тағы бір қатысушысы Наталья Губарь курс өте тиімді екенін айтады.
– Мен мобилография курсында оқимын. Бізге видеоларды монтаждау және әртүрлі эффектілерді қолдану үйретілді. Бұл оқуды өте жақсы көремін. Өзім риэлтормын, әлеуметтік желілерде өз қызметімді таныстыру үшін мобилография қажет. Менің ойымша, бұл курс өте пайдалы болады. Кейбір әйелдер тіпті балалармен сабаққа келеді, сол сияқты жақында зейнетке шыққандар да арамызда бар», – дейді ол.
Астана қаласы әкімдігінің мамандары JOLTAP жобасы арқылы қаладағы жұмыссыздық проблемасын шешуде жақсы мүмкіндіктерге жол ашылады деп отыр.
JOLTAP жобасының баспасөз қызметі бірнеше жерде орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде азаматтардың мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңес алып, оқуға жазыла алатынын хабарлады. Мұндай орындар – Ailand ОДО, Қорғалжын тасжолы, 2; Magnum супермаркеті, Еділ көшесі, 26; Жастар сарайы, Республика даңғылы, 34; «Тұлпар» СО, Ш.Уәлиханов көшесі, 24; Euromall СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 24; «Встреча» СҮ, Абылай хан даңғылы, 31; Mechta СҮ, Сығанақ көшесі, 3; «Азия парк» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21; «Саянұр» базары, Тілендиев даңғылы, 24/5; «Big Шанхай» базары, Алаш тасжолы, 32а мекенжайларында.
Қысқа мерзім ішінде заманауи мамандықтың иесі атанып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жоба ә дегеннен-ақ қала тұрғындарының сұранысына ие болып отыр. Жоба келесі жылы да жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар бағдарлама аясында 2024 жылы 3 мыңдай адамды оқытуды жоспарлап отырғанын айтады.