Үкімет әлеуметтік маңызы бар деп белгілеген 19 түрлі азық-түлік тауары арасында Сырда өндірілетіні – күріш пен тұз ғана. Өңірдегі базарлар мен сауда орындары қалған тауар түрлерін сырттан алдырып отыр. Мысалы, облыс орталығындағы «SMALL» супермаркеті сөресінде белгіленген азық-түліктің тек бесеуі ғана бар. Сауда желісіндегілер осы 19 түрдің бәрін де қоюға ынталы.
– Бізге Алматыдағы орталық қоймадан келетін күріш бағасы 520 теңге болса, «Байқоңыр» ӘКК арқылы жеткізілетін күріш құны 400 теңге. Біз осы өнімді көбірек алғымыз келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын алдын ала ұсыныспен бекітілген құннан көтермейміз. Алда дүкен арқылы ұнды да осындай бағамен саудалаудың жайын «Байқоңыр» ӘКК өкілдерімен ақылдасып отырмыз. Реті келсе, алдағы уақытта өнімдерді өзімізден алып, саудаға шығарғымыз келеді, – дейді сауда желісінің өкілі Еркежан Тұрсынбай.
Сауда желісі қазір сиыр мен тауық етін көрші облыстардан алдырып отыр. Аймақтағы азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру комиссиясы өкілдері жақында ғана ашылған Қармақшыдағы құс фабрикасы алғашқы өнімін шығаруға дайын екендігін айтады. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау жергілікті сауда орындары үшін де тиімді.
«Қызылорда» сауда желісін де аралап, ондағы бағаларды сараптаған комиссия отырысты енді аптасына 2 мәрте өткізіп тұратын болды. Жыл басында облыс әкімі өкімімен құрылған комиссияның 91 отырысы өткізіліп, пияз, тұз бен күріш бағаларын жөнсіз қымбаттаудың 11 дерегін анықтапты.
Күріш бағасына байланысты 6 кәсіпорынға Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті айыппұл салса, бес дерек бойынша баға төмендетіліп, Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті негізсіз делдалдарды қысқартыпты. Бағаның өсуін тежеп, инфляциялық қысымды төмендету мақсатында облыстағы 183 сауда нысанымен сауда үстемесін 10 пайыздан асырмау туралы екіжақты меморандумдар жасалыпты.
Сауда нысандарының өкілдерімен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласты пайдаланып дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қымбаттатуға болмайтынын қатаң ескертті.
Осы күні облыстағы тұрақтандыру қорында 2092,5 тонна өнім мен 291,6 мың дана жұмыртқа бар. Облыс тұрғындарын 5901,5 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету бағытында 11 кәсіпкерлік субъектісіне міндеттеме белгіленген. Биылғы күзгі өнімнен 4 952 тонна көкөніске форвардтық келісім жасалып, бүгінде оның 1032 тоннасы тұрақтандыру қорына жеткізіліп, арзан бағада әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлерінде сатылымға шығарыла бастады.
Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру үшін жыл басынан бері 7 480 тонна ұн сатып алынып, облыстағы наубайханаларға таратылып келеді. Бұл өңірде әлеуметтік нан бағасын 90 теңге көлемінде тұрақты ұстауға мүмкіндік беріп отыр.
Жыл басында 571 мың дана тауық жұмыртқасы сатып алынып, облыста осы өнім бағасы тұрақталып тұр. Осы күні өңірлік тұрақтандыру қорына тағы да 500 мың жұмыртқа сатып алу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен «Ақкөл құс» ЖШС-ның ресми дистрибьютері «Береке Трейд КЗ» ЖШС арасында келісім шарт жасалып, әлеуметтік дүкендерде 43 теңгеден саудаланып жатыр.
Жыл басынан ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада саудалаған 271 жәрмеңке ұйымдастырылып, облыс тұрғындарына 10,3 мың тонна өнім ұсынылды.
Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарының бау-бақша егуіне жағдай жасап, жерін дайындап, суын жеткізіп берудің арқасында қазір елде өз-өзін қамтамасыз еткендер қатары көбейгенін айтады. Бұл тәжірибе алда да жалғасады.
Аптасына екі рет өтетін комиссия отырысында аймақтағы азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру нәтижелері талқыланып отырады.
Бастысы – негізсіз делдал тыйылса, баға айылы жиылады.
Қызылорда