Биыл Алматыда абаттандыру жұмыстарының аясында 3 кемпинг ашылды. Ақ Бұлақ, ҮАӨ және Мыңжылқы аймақтарында орналасқан бұл кемпингтерде шатырлы орындар, үйшіктер, орындықтар, үстелдер, ұлттық нақыштағы алтыбақандар бар.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметі бойынша Кіші, Үлкен Алматы, Проходное, Бутаковка шатқалдары аймағында жұмыстар аяқталып, Қарғалы шатқалындағы абаттандыру жалғасып жатыр. Туристерді тартудың жаңа нүктесі Ғарыш стансасына барар жолда теңіз деңгейінен 2 500 м биікте орналасқан белгілі шыңдарға жақын. Бұл – «Жартасты» шыңы (3 332 м), «Крошка» шыңы (3 722 м), «Советов» шыңы (4 317 м), «Озерный» шыңы (4 126 м).
«Кемпинг – таудағы демалыс, трекинг, хайкинг әуесқойлары үшін жабдықталған алаң. Туристердің жайлы және қауіпсіз демалысы үшін шатырлар құрылып, самалжайлар орнатылған. Біз тау инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудара отырып, туристер үшін жаңа бағыттар құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бағыттар бойы ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, қалқандар орнатылды. Навигациялық стендтерде QR-кодтар бар, онда туристер бағыттың күрделілігімен, ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады. Кемпинг аймақтары туралы ақпарат 2GIS-те және картографиялық платформаларға қосылды», дейді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Осы орайда басқарма өкілдері демалушылардан табиғатқа жанашырлықпен қарауды, тауда қоқыс қалдырмауды сұрайды, сондай-ақ тау жорықтары кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын еске салады. Мысалы, серуендеушілер тауға бара жатқанда өз бағыты жөнінде жақындарына хабарлау қажет. Бұған қоса ауа райына сай киініп, өзімен бірге қажетті құрал-жабдықтар, бас киім, су, тамақтану және портативті зарядтағышпен зарядталған телефон алуды ұмытпау керек.
Жалпы, Алматыда 2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша туристер саны 972 157 адамды құрады. Оның ішінде шетелдік туристер саны – 261 571 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 72,6%-ға өсіп отыр. Ал ішкі туристер саны – 710 586 адам, бұл көрсеткіштің өсімі – 14%. Осынау деректер туристер санының жалпы динамикасы 25,5%-ға өскенін көрсетеді. Келушілердің ең көбі Ресейден (39,2%), Қытайдан (9,2%), Үндістаннан (7%), Түркиядан (6,6%), АҚШ-тан (3,4%), Оңтүстік Кореядан (3,2%), Өзбекстаннан (2,9%), Қырғызстаннан (2,8%), Германиядан (2,5%) келген.