Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режім күшіне енді. Қоғамда бұған қатысты кереғар пікірлер айтылғанымен, мұның туризм саласына тиімді екенін алға тартатындар да бар. Мәселен, биылдың өзінде елімізге Қытайдан 84 мыңнан аса турист келіп кеткен. Ал бұл көрсеткіш бұдан да әрі өседі дейді сала мамандары.
Қытайдағы «Қазақстан туризмі» жылы
Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан COTTM (China outbound Travel&Tourism) халықаралық көрмесіне отандық делегация қатысып, шетелдіктерге еліміздің туристік әлеуетін кеңінен таныстырып жатыр. Жалпы көлемі 96 шаршы метр болатын отандық стенді Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Алматы қаласы мен Алматы облысының туризм басқармалары ұйымдастырды.
– «Kazakh Tourism» және Алматы қаласы және Алматы облысының біріккен стенді қытайлық туркомпаниялардың ерекше ықыласына ие болды. Өзара визасыз режімнің енгізілуіне және 2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылына орай біз екі елдің туристік нарығы тарапынан белсенділік артқанын байқап отырмыз, – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Еліміздің ұлттық стенді көрмеге келушілерді ерекше қызықтырған. Әсіресе қазақ батырларының бейнесі, домбыра мен қобызда орындалған ұлттық күйлер туристерді баурап алған көрінеді. Сондай-ақ стендке келушілер ұлттық тағамдарымыздан да дәм татып, мәдени мәзіріміздің мәйегіне ерекше мән беріпті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес пандемиядан кейін елімізге саяхаттайтын Қытай туристерінің ағыны қалпына келе бастаған. Мәселен, өткен жылы еліміздегі қонақүйлерге 45 мыңға жуық қытайлық турист қонған болса, биыл олардың саны екі есе өскен. Сонымен қатар «eQonaq» ақпараттық жүйесінің деректерінше, 10 айдың қорытындысы бойынша Қытай елінен 84 мыңнан аса турист келгені нақтыланған.
Ал Қытай елінде болып жатқан іс-шараға еліміздің туристік индустриясының 25 өкілі барған. Атап айтсақ, онда 18 туроператор, 5 қонақүй иесі, 1 сауда орталығы және «Global blue Tax free» қызметкерлері бар. Көрмеге жыл сайын Қытай елінен 5 мың туризм мамандары қатысады екен.
Қазақстан-Қытай арасындағы өзара визасыз режім биылғы 10 қарашада күшіне енді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» аясында қытайлық туристерді елімізге тарту үшін іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлап отыр.
Іргелі ұйым аясындағы ынтымақтастық
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) ұйымдастыруымен өтетін «Туризм жылы – 2023» форумы 23-26 қараша аралығында Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Үрімжі қаласында өтеді. Бұл туралы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин мәлімдеді. Оның сөзінше, форумға мүше елдерден туризм саласының басшылары, ШЫҰ-ның бақылаушылары мен диалогтік серіктестері, халықаралық ұйымдар, ұлттық туристік компаниялардың басшылары, бизнес-қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысады.
– Пандемия тек ШЫҰ кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлемде туризм саласына үлкен зиян келтіргені сөзсіз. Сондықтан бүгінде біздің алдымызда әлемдік туризмді жаңғырту міндеті тұр. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер 2023 жылды Туризм жылы деп жариялады. Алдағы форумда біз ШЫҰ кеңістігінде туризм саласындағы шараларды жақсартуға қатысты мәселелерді көтереміз, – деді бас хатшы.
Ол Алматы қаласына ШЫҰ-ның 2023-2024 жылдарға арналған мәдени және туристік астанасы мәртебесі берілгенін ерекше айтып өтті.
– Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ету аясында ШЫҰ кеңістігінде туризмді дамыту бойынша нақты жоспарларды қарастырды. Жақында Ақтауда халықаралық туристік форумы өтті. Бір сөзбен айтқанда, біз туризмнің жандануына сеніммен және үмітпен қараймыз, – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың шілдесінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету эстафетасын қабылдаған еді.
ADS – жақсы әдіс
БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UNWTO) есебінше, жаһандық туризм пандемияға дейінгі деңгейден 63% қалпына келген. Әйткенмен халықаралық туристер санының өсуі әр елде әртүрлі. Ұйым экономикалық қиындықтар мен геосаяси жағдайға қарамастан, халықаралық туризмді қалпына келтіру 2023 жылда жалғасады деп болжаған. UNWTO бұл салада көп мәселе қытайлық туристердің саяхатын қалпына келтіруге байланысты болатынын мәлімдепті. Өйткені Қытай елі 2020 жылға дейін әлем бойынша туризм нарығындағы ең ірі ел саналған. Атап айтқанда, ондағы туризмнің қалпына келуі әлемдегі, әсіресе Азия-Тынық мұхиты аймағындағы туризм секторының қалпына келуіне оң әсер етеді дейді ұйым сарапшылары.
Қытайда біраз жылдан бері «Approved Destination Status» деп аталатын, яғни туристерді сыртқа шығару саясаты қалыптасқан. Бұл – Қытай туристері шетелдерге саяхаттап баруына рұқсат беру және топпен саяхаттауға мүмкіндік жасауға құрылған бағдарлама. Яғни екі мемлекет арасында келісім жасалып, туристер тобының қозғалысы екі тараптан бірдей бақыланады. Екі жақтың талапқа толымды туристік операторлары өзара келісімшарт жасап, Қытай тарапынан туристерді жіберсе, Қазақстан тарапы сол туристерді қарсы алады.
– Қазір Қытай әлемдегі туризм нарығында жетекші мемлекет саналады. Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстанға – 117 465, 2017 жылы 94 800 қытайлық турист келген. Жалпы, бүгінде Қытай саяхатшылары әлем туризмінің тренді саналады. Оларды тартуға талпынатын, қызығушылығын тудырғысы келетін мемлекеттер көп. Себебі Қытай сырт елдерге шығатындар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып қана қомай, сапар барысында ең көп қаржы жұмсайтын туристердің санатына кіреді, – дейді Еуразиялық Туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева.
Қазақстан мен Қытай ADS келісіміне 2015 жылдың 14 желтоқсанында қол қойған еді. Құжатқа сай Қазақстан мен Қытай тарапы туроператорлар тізімін белгілейді және осыдан кейін туристерге топтық виза беріледі, операторлар өз кезегінде саяхатшыларды қатаң түрде алдын ала берілген тізім бойынша кіргізіп, қайта шығарып салуға тиіс.
2024 жыл Қытайда ресми түрде «Қазақстан туризмі жылы» деп жарияланды. Осы ретте елімізге шығыстан саяхатшылар көптеп келеді деген болжам бар. Жыл сайын 150 млн-нан аса Қытай азаматы шет- елдерде қыдырып, 250 млрд доллар жаратады екен. Біз де Қытай саяхатшыларының қаржысын қақшып қалсақ, несі айып? Бұл – отандық туризм үшін үлкен мүмкіндік. Бұл ретте саяхатшыларды елге тарту үшін инфрақұрылымды жақсартып, әуе рейстерін көбейту керек дейді сарапшылар. Визасыз тәртіптің енгізілуі де барыс-келістің артуына ықпал етпек. Қазірдің өзінде еліміздің көрікті жерлерін тамашалауға «қытайлық қонақтар» келіп жатыр.
Визасыз, бірақ ризасыз...
Қытайдың Шанхай қаласында қаржы саласын оқып келген, экономист Досбол Нұрахмет визасыз режімнен үрке қараудың қажет жоқ екенін айтады.
– Бұл мәселенің әртүрлі жақтары бар. Тиімді, тиімсізі де жоқ емес. Экономикалық тұрғыдан айтқанда, мұның Қазақ еліне пайдалы тұстары да бар. Біріншіден, теңге мен юанның арасында біраз айырмашылық бар, яғни юан – құнды валюта. Мысалы, біздің елдің азаматтары Қытайға көптеген себеппен қатынап жатады. Оқу, саяхат, емделу, сауда-саттық және туысшылап баратындар бар. Олар Қытайдың визасын алуға біраз шығындалады. Ал экономикасы өскен Қытай азаматтарына Қазақстан визасын алу қиын емес. Екі елдің де бір-біріне мүдделі тұстары көп. Біздің шикізат оларға қажет, ал біздің олардан алатын затымыз одан да көп. Сондықтан мұны да байқап көрген дұрыс, – дейді ол.