• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 21 Қараша, 2023

Үржар ханшайымы

425 рет
көрсетілді

Ғылыми ортада «Үржар ханшайымы» деген атымен белгілі археологиялық құнды қазынамыз осыдан жиырма жыл бұрын Абай облысы Үржар ауданы аумағын көктей өтетін Таскескен – Бақты тасжолын жөндеу кезінде кез­дейсоқ табылған еді. Яғни жаңалықтың ашылуын кездейсоқ жағдайда туындаған оқиғаның жемісі деуге болады.

Маман археологтер аталған жәдігерге б.з.д. IV-III ғасырлар­да өмір сүрген, билеуші әулет­тен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр. Қазына табылған қорғанның орналасқан жері – Алтыншоқы ауылдық округі. Семейлік ғалым Амантай Исин: «Қазына табылған жердің ата­уына зер салсаңыз, оның тегін емес екенін байқайсыз. Алтын­шоқы «Алтынды төбе» дегенді білдіреді», дейді.

Алғашқы болып қорғанға 2013 жылы қазба жұмысын жүр­гізген Темір Смағұлов басқар­ған археологтер үлкен олжаның үстінен түседі. Олар диаметрі 16, биіктігі бір жарым метр обаны қазу барысында оның екі бөлек құрылым­нан тұратынын анықта­ды. Көлемі 7 х 0,6 метр­ді құрайтын бірінші нысаннан ер адамның екі мың жыл бұрын кепкен мүрдесінен басқа ештеңе табылған жоқ. Ал аумағы 3,3 х 5 метр, биіктігі жарты құ­­лаш келесі нысанды қазғанда, терең­нен тасқабір (саркофаг) анық­талып, оның ішіне жерленген 30-35 жас­тағы әйелдің мүр­десі табылады.

Тас саркофагті ашу барысында би­леу­ші әйелдің қасы­нан алтын сырға мен құр­бандық шалуға ар­налған тастан жа­­сал­ған бұйым анық­­та­лады. Сонымен бірге хан­ша­йымның сол жа­ғындағы шұң­қырдан ағаш табақ, ішіне қой­дың жамбасы салынған кера­микалық қазан қатарлы бұ­йымдар шыққан екен.

Әйел адамның қаңқа сүйек­терінде көк және жасыл түсті мата қалдықтары сақталған. Ең басты құндылық – биіктігі 28 см конус тәрізді әйелдің алтын баскиімі. Бұл баскиім – өсімдік тәріздес өрнектер және зооморфты айшықтары бар қиял-ғажайып жануар бейне­лерімен әдіптелген.

Сәукеленің ұшар басы алтын сымдардан шиыршықта­лып әшекейленсе, төменгі жа­ғын­дағы бұйымдардың беті ке­дір-бұдырлы ілмектермен бә­дізделіпті. Мұндай үлгідегі дү­ниелер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киім­дері», дейді мамандар.

Жоғарыдағы құнды жәді­гердің жаңғыртпасын жаса­­ған реставратор Қырым Алтын­бе­ков: «Мұраны қалпына келтіру үшін қолда бар археологиялық материалдарды пайдаландым және Пазырық мәдениетіне қа­тысты стильдік үлгілер де жи­нақ­талды», дейді. Сөйтіп, ұзын көйлекті, оның етегі қы­рық­құлақ жапырақтарымен көм­керілген, басында қызыл жібек жамылғы, оның үстінде көк матамен қапталған сәукелесі бар, аяғында жұмсақ былғары етік, баскиімі фантастикалық құс бейнелі һәм киік пішінді алтын әшекеймен безендірілген, құстың екі жағында желпуіш түрінде қос шашақ орналасқан...

«Ханшайымның бұл рет­кі жаңғыртпа бейнесі – ежел­гі көшпелілер қоғамын­да­ғы әйелдің орны мен оның әлеу­меттік мәртебесін анықтайтын бірден-бір мұра», дейді тарихшылар.