Ақпараттық технологиялардың дамуы адамзат баласының орасан игілігі болғанымен, оның кесірлі қырлары байқалып отырғаны өкінішті. Мәселен, ақпараттық технологиялармен ілесе келген лудомания дейтін осы заманға ғана тән дерт бар. Ал одан да қасіреттісі – интернеттің көмегімен саудасы жүріп жатқан, ғаламтордың өзегіне түскен сұм өрмекшідей есірткі бизнесі. Жастықтың жұлынқұрты – өрімдей ұл-қыздарды қыршынынан қиып жатқан нашақорлықты тізгіндеудің заманауи әдісі бар ма?
Сонымен «Сынаны сына қағып шығарады» дейтін идиоматикалық сөз өрнегіне салсақ, ендігі жерде құзырлы мекемелер интернеттегі лаңмен сол әдіске салып күресуге кірісті. Қысқасы, бұдан былай интернеттегі есірткі жарнамасымен киберволонтерлер айналысады.
Бұл қалай жүзеге асады дейтін болсақ, «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жақыпов киберволонтердің міндеті – тыйым салынған препараттарды жарнамалайтын белгілері бар сілтемелер мен хабарландыруларды анықтап, тиісті мәліметтерді құқық қорғау органдарына беру екендігін айтады.
«Дамыған технологиялар дәуірінде есірткінің таралуы әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асып жатыр. Тіпті бізге Facebook желісінде есірткі сататын дүкеннің жарнамасы бар скриншоттар келіп түсті. Қазір түрлі сайт арқылы жастарды есірткі таратуға тарту оқиғалары жиі кездеседі. Бұл қалай жүзеге асады? Алдымен айлығы жоғары курьерлік жұмыс орны бар екендігі туралы хабарландыру ілінеді. Әдетте мұндай «бос жұмыс орындары» студенттер үшін қолайлы. Жұмыс берушімен байланыс орнаған соң, есірткі дүкендерінің делдалдары бұл жұмыстың мәні курьердің әдеттегі қызметінен аздап өзгеше екенін, яғни есірткі таратумен байланысты екендігін жасырмайды. Оқиға мәлім болған жағдайда бұл іске полиция араласып, тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, құқық бұзушыларды жауапқа тартады», дейді «Наркостоп» жобасының жетекшісі.
Ал киберволонтерлер дайындауға арналған курстарды әзірлеушілердің айтуынша, бұл үшін арнайы машық, дағды қажет емес. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, киберволонтер болу үшін «Наркостоп» жобасының әлеуметтік желідегі @narkostopkz парақшасына жазылуға болады.
Құзырлы мекеменің өкілдері курстан өту мерзімі қысқа екенін және бұл жұмыс арнайы уақыт бөлуді талап етпейтінін, адам белгілі бір сілтемелерді бақылап, анықтауға 5-10 минут немесе 2-3 сағат бөле алатындығын айтады. Ал жоба қызметкерлері өз міндеттеріне сай алынған ақпаратты әрі қарай тергеу үшін құқық қорғау органдарына жібереді.
Айтқандай, «Наркостоп» жобасының волонтерлері Алматы полициясымен бірге жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға қатысты басқа да амалдарға барып отыр. Олар қала қабырғаларындағы жасырын есірткі жарнамаларын бояумен қатар, мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері мен олардың ата-аналары үшін арнайы дәрістер жүргізеді. Ең бастысы, бұл іске 3 мыңнан астам адам атсалысып отырғаны қуантады.
«Биыл полиция департаментімен бірлесе отырып, қабырғалардағы 100 мыңнан астам есірткі жарнамасын боядық. Осыған ұқсас 200-ден астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар біз интернет пен теледидарда есірткіге қарсы контент дайындадық. Қазақ тілінде есірткінің зияны туралы ақпараттардың аздығын ескере келе, осы мәселеге де көңіл бөлдік», дейді «Наркостоп» жобасының жетекшісі.
Сол сияқты Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Дәурен Көбеев қалада ақша үшін ардан безген фармацевтер арасында іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әзірге бізге белгілісі, Алматыда осы аптада медициналық, есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлардың таралуын ауыздықтауға бағытталған «Дәрмек» оқу-өндірістік іс-шаралары өтіп жатыр. Жедел іздестіру шаралары фармацевтикалық бақылау қызметімен бірлесе жүргізіледі. Еске сала кету керек, биыл наурыз айында «трамадол» есірткілік заттардың жиынтық кестесіне енгізілді. Яғни оны еркін саудада, тіпті дәрігердің тағайындауымен де сатуға болмайды.
АЛМАТЫ