• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Табиғат 22 Қараша, 2023

Табиғатты ғалымдар қамқорлығына алды

242 рет
көрсетілді

Еліміздің мәдени, туристік, іскерлік белсенділігінің орталығы Алматы қашанда тау баурайындағы көркем табиғатымен ерекшеленіп келеді. Алайда кейінгі жылдары мамандар қала экологиясының нашарлауына қатысты дабыл қағып жатыр.

Қала агломерациясының ұлғаюы, көлік санының артуы,­ инфра­құры­лым­ ауқымының артуы, құрылыстың қарқын алуы жасыл-желекті алқаптардың азаюына әкеп соғып жатыр. Салдарынан экологиялық әл-ауқаты мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Қоршаған орта­ның ластануы эстетикалық ғана емес, сонымен қатар санитарлық-гигиеналық ахуалға кері әсерін тигізеді.

Осы орайда қала басшылығы жасыл-же­лекті күтіп-баптаудың ғылыми зерт­теу­ бағыттарына көңіл бөле отырып, Қа­зақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­си­­­тетімен меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық қаладағы бақтар мен­­ орманды алқаптарды жетілдіруге ба­ғыт­­­талған. Әкімдік орман питомнигін құру жобасы аясында жыл сайын 300 мың­­­нан аса көшет отырғызуды жос­пар­­­лап отыр. Ендігі кезекте универси­тет ға­лым­дары орманды алқаптарда ғы­лы­м­­и­ зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Қазақ ұлттық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректор, Ұлттық ғы­лым­ академиясының вице-президенті Ақыл­бек Күрішбаевтың айтуынша,­ қала­да­ғы ағаштарды есепке алу, қа­да­ғалау, ор­­ман питомнигін құру, «Медеу» табиғи пар­­кін басқару жоспарын әзірлеу және «Баум тоғайының» ландшафттарының эсте­тикалық тартым­ды­лығын арттыру бағыт­тарында ғалым­дар қалалық әкімдік маман­дарымен бір­лесіп жұмыс істейтін болады.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ғалымдар бастамасына қолдау біл­діре келіп, «Медеу» табиғи паркін бас­қарудың бесжылдық жоспары аясында ғылыми, туристік-рекреациялық және эко­ло­гиялық-ағарту қызметін жүйелеу жұ­мыс­тарының көзделіп отырғанын жет­кізді.

Алматы қаласында орналасқан «Баум тоғайы» мемлекет қорғауындағы таби­ғи­ орман кешені әрі ғылыми-таным­дық және өлкетану туризмін дамыту әлеуетіне ие. Мұнда ағаштардың 49 түрі бар. Оның 7 түрі қылқан жапы­рақ­­тыларға жатады. Жапырақты түр­лер­дің 8 түрі жұмсақ, 16-сы қатты жапы­рақ­тыларға, 18-і жемісті және сәндік ағаш тұқымдастарына жатады. Жоғары шөп­те­сін өсімдіктер шамамен 118 түрді құ­рай­ды. Ландшафттардың эстетикалық тар­тым­дылығын арттыру мақсатында «Баум тоғайы» ерекше қамқорлыққа алынады.

ҚазҰАЗУ ғалымдарының «Баум то­ғайын» қайта құру және «Медеу» та­биғи паркін басқарудың тиімділігін арт­­тыру жөнін­дегі әзірленген бағ­дар­ла­ма­­сы – ауқым­ды жоба. Су, жер және орман­ ресурс­тары факультетінің деканы, қа­­уым­­­­­дас­тырылған профессор Талғат Кер­­те­­­шевтің айтуынша, көгалдандыру іс-шара­­ларының тиімділігін арттыру, ағаш түрлерін таңдау, отырғызу, күтім мен­ қайта қалпына келтіру, қурап қалған не­­ме­се зақымдалған жасыл-желектерді зиян­­­кес­терден қорғау да осы жобаның ая­­сын­да жүзеге асады. Екі жылда жүзе­ге­ аса­тын жобаға университеттің Ор­ман ре­сурс­­тары кафедрасының ғалым-оқы­ту­­­шы­лары мен студенттері атсалысады.

Мамандар атап өткендей, көгал­дан­дыру жұмыстары ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Көшеттерді баптау,­ ағаштардың жай-күйін зерттеу, сарап­тауға қатысты нақты мәліметтер мен эко­ло­гиялық жай-күйі ғалымдар зерт­теу­ле­рі­нің нәтижесіне сәйкес анықталмақ.

 

АЛМАТЫ