• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Отбасы 21 Қараша, 2023

Арманы орындалған ана

251 рет
көрсетілді

Сырттай тым жұпыны көрінетін сегіз үйлі Сәт ауылының адамдары жаздай бие байлап, сиыр сауып, төрт түліктен түскен табиғи таза өнімді табыс көзіне айналдырып отыр. Амангелдіден Қостанай, Арқалық, Астанаға қарай шығатын күре жолдың бойында жатқандықтан, әрі-бері ағылған автокөліктің көбі жолшыбай осы ауылға соғып, бал қымызын, жұмсақ құрт, сары май, қою қаймағы мен тәтті ірімшігін ала кетеді.

Біз ат басын тіреген үй «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері, осы өңірдегі бірнеше ауылдың әлеуметтік мәселелеріне араласып, үнемі қолұшын созып жүретін қолы ашық азамат Сағадат Дәуғариннің шаңырағы екен. Қора-жайының аумағы ат шаптырым. Маңайына мая-мая шөп үйіп тастапты. Одан әріректе неше түрлі агрегат, ауыр техника қаңтарулы тұр. Есік алдында жүрген келіншекке жөнімізді айтып едік, «Кіріңіздер, үйде үлкен кісі бар», деді. Қазаны оттан түспейтін берекелі үй екені көрініп тұр.

Сағадат қырдағы малшыларға ке­тіпті. Үйде анасы Жұмабике Салық­қызы отыр екен. Амандасып, жайғасып болған соң, әңгіме басталып кетті.

– Бұл ауылда бұрын 2-3 қатар көше, мал бордақылау алаңы, кірпіш зауыты, 3-4 мыңдай қой болған. Кейін ауыл тұрғындарының бәрі көшіп кетті. Қазір мұнда тек көрші ауылдардан келгендер ғана қалды. Қазір сегіз үйдің төртеуі шаруашылық ұстайды. Өзім – осы ауылдың амандығын тілеп отырған адаммын. Жолдасым 1991 жылы жол апатынан қайтты, 18 жыл-ақ отасыппыз. Өзім 37-демін, үлкенім 17 жаста, кенжем бес айлық – Құдай берген алты балам мен қартайған енемді құшақтап жесір қалдым. Талай тауқыметті бас­тан кешірдік, қарағым. Балаларымды жеткізем деп жүріп қаншама жыл бойы күндіз күлкі, түн ұйқы көрмедім. Мынау төскейді ырысқа толтырған қалың мал оңайлықпен біткен жоқ, тынымсыз еңбек пен бірлік-ынтымақтың арқасында келген дүние, – дейді Жұмабике апай.

Ертеңгі күннің қандай боларын болжап білмейтін қиын кезеңнің жоқшылығы Жұмабике Салыққызын 1997 жылы шиеттей алты баласы мен сексен жастағы енесін алып Арқалыққа көшуге мәжбүр етеді. Балаларының бір жылдық жәрдемақысын жинап, оған тапқан-таянғанын қосып, 106 мың теңгеге пәтер сатып алады. Сол жылы үлкен қызы медициналық институтқа түсті. Жеңісбегі 7-сыныпқа, Сағадаты 5-сыныпқа, кенжесі Бағдат 1-сыныпқа барды. Өзі базарға шығып, көкөніс, жеміс-жидек сатты. Базардан шыға сала, аула сыпырып, еден жуды. Кейін шыны қабылдауға көшіп, түн ауғанша бөтелке жуды. Ыңғайлы орын табылмай, көпқабатты үйдің төртінші қабатында, біреудің ауласында бөтелке қабылдаған күндері болды.

– Содан Кухарчук деген украин ұлты­ның өкілі бар еді. Балалар дядя-дядя деп жүретін. Сол кісі бізді көп­тен бері сырттай көріп жүреді екен. Сендердің еңбекқорлықтарың ұнайды деп өзіміз тұратын үйдің жертөлесінен екі бөлме беріп: «Таңертең ашып, кешке жауып, осы маңайдың тазалығына ие болыңдар. Көк тиын ақша төлемейсіңдер» деді. Біз бәлен жыл сол жертөледе бөтелкенің 35 түрін қабылдадық. Кухарчук ешкімге көк тиын ақша төлеткен жоқ. Біз де өзімізге артылған сенімнен шығып, жертөленің іші-сыртын жылына екі рет ақтап, тап-тұйнақтай етіп таза ұстап отырдық. Сонда өзімде ақша жоқ. Базардағы таныс келіншектердің біріне барам да, тауарға қашан кететінін сұраймын. 10 күннен кейін десе, ендеше сен маған тоғыз күнге қарызға ақша бере тұр, дәл тоғызыншы күні жеткізіп әкеліп беремін деймін. Ол ақшаға бөтелке қа­былдаймын. Әлгі ақшаны тоғыз күн­нен кейін таба алмасам, шырағым деп барып тағы бір келіншектен қарыз аламын. Сөйтіп, қарызды қарызбен жапқан күндер болды, – дейді бейнеткеш ана.

Ісі ілгерілеп, біраз табыс түсе бас­таған 2003 жылы Жұмабике Салық­қызы балаларына «Москвич» сатып алады. Сол көлікке мініп енді ма­ңайдағы ауылдардан шыны жинауға көшеді. Арқалықтың айналасындағы ауылдардың бірін қалдырмай аралайды. Қазақы ауылға барса, машинасы толмай қалады. Орыс ауылына барса, көлікке бөтелке сыймай қала берген соң, осыған сенуге болады-ау деген кісілерге ақша тастап кететін болды. Осылайша, әр ауылдан кішігірім қабылдау орындарын ашып тастады. Ол жердегілер шыныны екі теңгеден қабылдаса, Жұмабике апай одан үш теңгеден сатып алып отырды.

– Сағадаттың еңбекке деген қабілеті, істің көзін таба білетіні, алдағыны ойлайтын алғырлығы сол кезден-ақ байқалды. Бір күні «Москвич» алайық дейді. «Балам-ау, оны қайтесің, сен көлік жүргізе алмайсың, құдай бетін әрі қылсын, ертең жолда бірдеңеге ұшырап қалсаң, осы күнімізге зар болып қалмаймыз ба?» дегенмін. Сонда маған Сағадаттың: «Анашым, сіз кішкентай кезіңізде үстіңіздегі күртені киюді білдіңіз бе? Әжем кигізіп көрсеткеннен кейін ғана барып үйренген жоқсыз ба? Көлік те сол сияқты. Жұрт жүргізіп жүр ғой, мен де үйренбеймін бе?» дегені есімнен кетпейді. Одан кейін «Уаз» сатып алдық. Бір қапқа 60 бөтелке, «Уазға» 80 қап кетеді. Өзімізге отыратын орын да қалмай қалады. Қасымда екі бала – Жеңісбек пен Сағадат бар – 30-40-пен ақырын ілбіп отырып жетеміз әйтеуір. Қостанайға, Астанаға айына төрт «Камаз» шыны жібереміз. Қай жерде қымбат қабылдайды, сол жаққа жөнелтеміз. Екі баламнан қалмай, өзім барып жүрдім. Ол кезде заң әлсіз болды ғой. Біреу-міреу баласынып, басына ма деп қорқамын. Ауыл-ауылды аралап бөтелке жинауға да балаларды жалғыз жіберген емеспін. Ұсақ-түйек бұзықтарды айтпағанда, учаскелік милицияның өзі әр жеріңнен кемшілік тауып жұмыс істетпейтін. Бензинге ақша тастап кет дейді. Олардікі де күнкөрістің қамы. Ал маған бата алмайды. Айналайындар-ау, біз байлыққа емес, нанға жүрген адамбыз деймін. Салық қызметкерлері жеке кәсібіңді ашпадың деп айыппұл да салды. Елде 5-6 баламен жесір қалған жалғыз мен емеспін. Тіленіп келсем, көп болса, көмегім осы деп бір қап ұн берерсіздер. Ол ұн таусылса, кімге қол жайып барамын? Мен сол балалар өз нанын өз маңдай терімен еңбектеніп тауып жесін деп жүрген адаммын деймін. Салық қудаласа да, болмадым. Таңғы үшке дейін бөтелке жуып, төртте шыны жинап қайтуға шығып кеткен күндерім болды. Өйткені балалар бірінен соң бірі үйленіп жатты. Үйде енем болды, өзім таңғы төртте кетіп жүрген адаммын. Мезгілімен шайын қайнатып бере алмаған соң, келін алғанша, күтуші ұстауға тура келді. Қазір соның бәрі ертегі сияқты. Бәріне қалай үлгердім екен деп те ойлап қоямын, – дейді Жұмабике Салыққызы.

2008 жылдан бастап Сағадат, Же­ңіс­бек бастаған балалары анасына мал ша­руашылығын қолға алайық, мал бағамын, көбейтемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетіп жатыр деп қолқа сала бастады. Жұмабике ана: «Балаларым-ау, сендерді осы қалаға малмен мал қылмайын, көздерін ашып оқытайын, білім алып қызмет етсін деп алып келген жоқпын ба?» деп үш жылға дейін рұқсат бермей жүрді. Алайда Сағадаты «Анашым, ойландың ба, анашым, келісім-батаңды берші. Малды пультпен бағып жатқандар бар екен» деп күн сайын қиылып сұрай берген.

Ақыры көпті көрген ана ұлына: «Балам, мал бағам десеңдер, бағыңдар. Бірақ бәрің бірге барыңдар. Пультпен бағып жатыр дегенің – жай сөз. Мал бағам дегенің – айтуға оңай болғанмен, ауыртпалық-бейнеті қатар жүретін қиын шаруа. Малға барған адам күрзі етік киіп, малдың соңында жүруі керек. Сауып, өнімін алуы керек. Сәл өсіріп, бас салып сата бергеннен еш пайда болмайды. Сондықтан оның сүтін өңдеп, өнімін ала біл» деп, көнген сыңай танытқан. Келіндерін де жеке жинап алып, үшеуің де күйеулеріңді көндіріңдер, малға бармайтын қылыңдар. Ал бардыңдар екен, көздеріңнен жас ағып ауыр бейнеттен қашушы болмаңдар. Барсаңдар, қиындықты көтеремін, төземін деп барыңдар деп төте талап қойған. Келіндері көнді. Бұрын бие көрмеген ортаншы келіні қазір жаздай бие сауып, қымыз сатуды кәсіп етіп алды.

Жұмабике ана кейін енді осы бала­ларымның бас-басына шаруашылығы болса екен деп армандады. Ол арманы да орындалды. Бүгінде ұлдың үлкені – Жеңісбегі Арқалықта жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мархабат – механизатор, былтырдан бері жер алып, «Агросаят» деген шаруашылық ашып, егін өсіріп жатыр. Сағадаты болса мал шаруашылығымен айналысып жүр. Ол басқаратын «Кәусар» шаруа қожалығы он шақты адамға жұмыс тауып беріп отыр. Жалдаманың бойында жеке шабындығы бар. Бұл жақта жайылым кең. Амангелдінің ма­ңайында малын жаз жайлауға жіберіп, қыс қыстауға қондырып, жер күтіміне аса жауапкершілікпен қарайтын санау­лы фермердің бірі де осы – Сағадат. Үнемі ауыл-аймаққа қарайласып, елдің жоғын бар етуге дайын тұратын жомарттығы да жұртқа мәлім.

Сәт ауылы қарайтын Қарасу ауыл­дық округінің әкімі Ғасырсейіт Темір­ханұлының айтуынша, Сағадат Сай­лаубекұлы былтыр Қарасу ауылының кіреберісіне 8 млн теңгеге арка орнатып беріпті. Мерекелік іс-шараларға үзбей атсалысып, мектепке де қолұшын созып, көмек беріп тұрады. Қарасуда осыдан бірнеше жыл бұрын салынған жаңа мешіт біраз уақыт бос тұрып қалған екен. Таяуда Сағадат жергілікті шаруашылықтардың басын қосып, ұйымдастырып, оны 100 адамдық асхана етіп, ыдыс-аяғы мен керек жиһаздарын түгендеп берген екен.

– Анамыз кішкентайымыздан ба­ғып-қағып, еңбекке баулып осы күнге жеткізді. Қазірге дейін шаруашылық жайын анаммен ақылдасып шешіп отырамын. 37 жасында жесір қалған келініне әжеміз де разы болып, батасын беріп кетті. Әжем 107 жасқа келіп қайтыс болды. 2012 жылы ана­мыздың рұқсатымен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бір бас асыл тұқымды бұқа, 24 бас сиыр алып, осы ауылға көшіп келіп едік. Содан бері мал шаруашылығымен айналысамыз. Қолдағы бар малды сатып, кейінгі жылдары етті әрі асыл тұқымды Герефорд сиырын көбейтіп жатырмыз. Бұрынғыдай көзбен саудаласу жоқ, қазір малды таразыға салып өлшеп алатын болды ғой. Герефорд тұқымы салмақты келеді, еңбек өтеледі. Бір жасар бұқашықтарды Қарабалықтағы «Терра» шаруашылығына, Қамысты ауда­нындағы «Алтынсарин» серіктес­ті­гі­нің бордақылау алаңына өткізіп отырамыз, – дейді «Кәусар» шаруа қо­жалығының басшысы Сағадат Сайлаубекұлы.

Төскейді төрт түлік малға толты­рып отырған «Кәусар» шаруа қо­жа­лы­ғы секілді шаруашылықтардың тез еңсе тіктеп кетуіне мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдау бағдар­ла­малары да себепші. Сағадат әр бағдар­ламаны тиімді пайдаланып, өзіне тиесілі субсидиялардың бәрін алып отыр. Мысалы, фермер «ҚазАгроҚаржыдан» 3 трактор алған. «Қаржылай қолдау қорынан» жеңілдетілген несие алып, оған 224 қой сатып алған. Қазір ол қой 600-ге жетті.

– Бір қызым – Астанада дәрігер, екіншісі – Арқалықта мұғалім. Ұл­дарым жаман әдеттен аулақ болып, тәрбиеме көнді. Еңбекке ғана арқа сүйеді. Менің бар бақытым – сол. Бүгінде төрт келінім, 20-ның сыртында немерем бар. Аллаға тәубе, разымын! Балаларыма да үнемі: «Мен жетектедім, сендер жетекке ердіңдер деп алғыс батамды беріп отырамын, – дейді арманы орындалған ана.

 

Қостанай облысы