Бүгінде отбасын сақтап қалу өзекті мәселеге айналды. Шаңырағы шайқалған жастардың арасына береке құяр, ақылын айтар орталықтар ауадай қажет. Осы ретте Сарқан қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Аталған нысан жас отбасының ішкі түйткілдерін шешуге жәрдемдеседі.
Маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен мекемеге 17 штат бөлінген. Қазір екі қабатты ғимаратта 14 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы – отбасы тақырыбында ысылған білікті мамандар.
Жаңа орталықты ашу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев орталықтың атқаратын жұмысына қысқаша тоқталды. Мекеме мүгедектер, көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы, жалғыз басты аналар, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қызмет көрсетеді. Мұндай орталықтың қажеттілігін заман алға қойып отыр.
Жетісу облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев бұл мекемеге жүгінген тұрғындарға әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, мәдени, құқықтық, медициналық қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерді атап өтіп, облыста алғашқы болып ашылып отырған орталық жұмысына сәттілік тіледі. Жиында аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Шолпан Асқарғалиева, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, бата берді.
«Орталықта кеңес беру жұмыстары басталды. Қазан айында орталыққа жүгінген аналардың өтініштері қаралып, қабылданды. Қызмет алушыларға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды» дейді орталық директоры Ләззат Абылханова.
Жатын бөлмелер, кір жуатын орын, асхана, балалардың ойын бөлмесі, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған. Орталыққа аз қамтылған отбасынан қиын жағдайға тап болған жәбірленуші ана баласымен келіп түсіпті. Мұндай санаттағы адамдар қиналғанда көмек қолын созатын оңтайлы орынның ашылғанына ризашылығын білдірді.
Жетісу облысы