Жаңа құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі «Шардара су қоймасын шарасына толтырып, кемеріне келтіреміз» дейді. Оны министрліктің өкілі Данияр Сағадиев «Silteme» баспасөз клубында болған «Су ресурстары және ирригация министрлігі: екі айлық жұмыстың маңызды нәтижелері» атты баспасөз жиынында айтты.
«Байтақ» жасылдар партиясының ұйымдастыруымен болған жиында еліміздегі суармалы жерлер мен трансшекаралық су мәселелері туралы сөз болды. Су ресурстары және ирригация министрлігі Шардара су қоймасы ғана емес, жаһандық проблемаға айналған Арал теңізінің де арнасын суға толтырамыз деп отыр. Бұл жоспар келесі жылдың сәуір айына дейін орындалады дейді. Су министрлігі Өзбекстанмен келіссөз жүргізіп, 11,1 млрд текше метр су алатын болып келісіпті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директорының орынбасары Данияр Сағадиев мұндай келіссөздер Қырғыз елімен де жасалып жатқанын айтады.
«Бірнеше көздесу өтті. Қазір ең үлкен су қоймасы Қырғыз жерінде. Онда да су аз. Енді келесі вегетацияға дайындау үшін біз қырғыз ағайындарға электр энергиясын береміз. Олар Тоқтағұлға су жинап, жазда бізге жөнелтеді», дейді Д. Сағадиев.
Алайда сарапшы маман Ерлан Бадашев: «Бұл түк те жаңалық емес, Орталық Азия елдерінің Арал теңізіне қатысты ортақ келісім аясында жылда жасалатын шара», дейді.
«11,1 млрд текше метр су көрші елдермен уағдаластыққа сай Шардара су қоймасына жіберіледі. Оны Түркістан және Қызылорда облысының шаруалары алдағы егін науқанында қолданады. Сондай-ақ келер жылдың бірінші сәуіріне дейін Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік туады», дейді министрліктің өкілі.
Ресми деректер бойынша еліміздегі жалпы егістік алқаптардың 67%-ы – суармалы жерлер. Кейінгі кездегі әлемдік климаттың өзгеруі онсыз да тапшы болған су мәселесімен кешенді түрде айналысуға мәжбүрлеп отыр. Саланы дамыту үшін осыдан екі ай бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған еді. Министрлік қазір көршілес елдермен қажетті тіршілік нәрін алу үшін жан-жақты келіссөз жүргізіп жатыр.
«Байтақ» жасылдар партиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының жолында әрекет ете отырып, билік жүргізіп жатқан реформаларды толықтырады. Біздің мақсат – Экология, Су министріліктерімен бірлесе жұмыс істеу және оның жұмысын қадағалау. Өйткені халыққа аса қажет болып отырған министрліктердің алдында атқаратын жұмысы көп. Ол офисте шіреніп отыра беретін, тек қағаздағы ғана сандарды сапырыстыра беретін шенеуніктердің клубы болып кетпеуге тиіс», деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Суға қатысты көрші елдермен уағдаластыққа қол жеткізген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Бірлескен күш-жігермен ғана біз Орталық Азиядағы су ресурстарын ұтымды пайдалану және үнемдеуді қамтамасыз ете аламыз», дейді. Талқылаулар 2023 жылы 2 қарашада Ташкентте Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының (МСШК) 85-отырысында болған. Соның аясында Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі су қоймалары каскады жұмысының болжамды режімі туралы хаттамаға қол қойды. Келесі кезекті МСШК-ның 86-отырысы елімізде жыл басында өтеді деп жоспарланып отыр.
«Достық» мемлекетаралық каналы бойынша су алу – 487 млн текше метр. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылғы вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға мүмкіндік бермек.