Бүгіндері жеңіл өнеркәсіп құрылымында тоқыма бұйымдарының өндірісі – 62%, киім өндірісі – 30%, былғары мен оған жататын бұйымдар өндірісі 8%-ды құрайды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен жеңіл өнеркәсіпті жандандыру мақсатында инвестициялық жобаларды 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржылай қолдау тетігі қарастырылған болатын. Бұл шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталып, орта әрі жоғары бөліністегі тауарларды шығарумен қатар, ішкі нарықтан шикізат сатып алуды көздейтін тоқыма бұйымдары мен былғары өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға басымдық берілген еді. Бір жобаға қарастырылған займдық ақшаның шекті мөлшері – 5 млрд теңге. Өндірісті жаңғырту кезінде кем дегенде 30, ал жаңа өндірісті құрған шақта 80 адамды жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда инвестициялық жобалар пулында жеңіл өнеркәсіпке қатысты 60-қа жуық жоба бар. 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын аталған жобаларға сәйкес 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарға енген.
Сонымен жеңіл өнеркәсіп бағытындағы алдыңғы қатарлы салалардың біріне жататын былғары өндірісі әлемнің біраз елдерінде үздіксіз дамып келеді. Біздегі жаңа технологиялардың озық жетістіктері арқасында бұл өндірістің дамуына айрықша көңіл бөлінсе де, жақында ұсынылған Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, биылғы жылғы өсім айтарлықтай төмендеген. Есесіне Ресей мен Қытайды қоса алғанда, өзге шет мемлекеттерге ірі қара малының өңделмеген терісін экспорттау артып отыр. Ақпарларда, соңғы тоғыз айдағы көрсеткіш көрсетілген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара терісінің өндірісі – 55,8% . Бірақ былғарыға жататын аяқкиім өндірісі 7,4%-ға өсіп, 1,2 млн жұп сатылымға шығарылған. Жылдық тұтыну 40 млн жұпты құрайтын еліміз үшін бұл өте төменгі көрсеткіш көрінеді. Дегенмен былғары өндірісімен айналысатындар күні бүгінге дейін сомасы 11,7 млрд теңгенің тауарын өндіріп, бір жылдағы көрсеткіш 11,1% -ға артқан.
Халық көп тұтынатын аяқкиімнің бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Мәселен, үсті былғарыдан тігілген, спорттық, металды қорғаныс тұмсығы бар, басқа да аяқкиімдердің 761,7 мың жұбы бір жылда 3,7%-ға қымбаттаған. Жүннен басылған немесе фетр аяқкиім өндірісі 2 есеге жуық қысқарып, 17,5 мың жұпқа дейін төмендеп кеткен. Отандық өндірушілер спорттық, қорғаныс және ортопедиялық аяқкиімдерді қоспағанда, былғары аяқкиімге деген сұраныстың тек 3,1%-ын ғана қамтамасыз еткен көрінеді.
Ішкі нарықтағы сату көлемі де айтарлықтай өсіп 35,3%-ды, 34,1 млн жұпты, экспорт пен реэкспорт 414,4 мың жұпты құрапты. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда бірден 5,4 есеге қымбаттаған.Етік, кебіс, басқа да аяқкиім бағасы бір жыл ішінде 13,2%-ға өсіп, өңірлер арасында Маңғыстау – 22,1%, Түркістан – 20%, Жамбыл облыстары 17,3% болды. Бағаның ең аз өсуі 4,6%-бен Жетісу, Ақмола 6% және Ұлытау облыстары 6,9% құрайды. Бір жылда балалардікі 14,7%-ға, әйелдердікі 13,2%-ға, ерлердікі де қалыс қалмай 12,4% қымбаттаған.
Еліміздегі «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, жеңіл өнеркәсіпте тері өндіру үлесі – небәрі 8,4%. Ақшалай есептегенде негізгі өнім – киім, тоқыма және кілемге деген сұраныс артып, 127,9 млрд теңгені құраған.
Кедендік одақтың статистикалық көрсеткіштерінде, былғары шикізаты экспортының өсуі елімізде тері шикізатын терең өңдеу тоқырауда деген қорытындыға келген. Біздің фермерлер тері шикізатының бір бөлігін отандық тері өңдеу зауыттарына бермей, шетелге жөнелткенді жөн көреді. Ірі қара терісінің шикізаттық экспорты бірден 3,4 мың тоннаны құрап, жылдық мәнде 72,9% өсіп отыр. Басты сатып алушы — Ресей. Ұсақ малдың терісі де сыртқа кетіп жатыр. Бір жылдың өзінде Өзбекстанға 8 мың дана иленбеген шикізат жіберілген.
Өңдеу кәсіпорындары, керісінше, былғары өнімдерінің өңделген шикізатын экспортқа шығаруды азайта бастады. Мәселен, ірі қара терісінен иленген былғары немесе былғары қыртысының (беті өңделмеген) экспорты 43,7%-ға төмендеді. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қытай, Үндістан, Түркия мен Италияға 4,3 мың тонна, биылғы жылы 2,4 мың тонна өнім жартылай фабрикаттар жөнелтіліп, ұсақ малдың өңделген терісін экспорттау көлемі 25% төмендеген.
Қазақстанның тері өнеркәсібін дамытуда бірнеше ірі кәсіпорын бар. Экономикалық тұрғыдан ең тұрақты зауыт деп Жамбыл былғары аяқкиім комбинаты негізінде жиырма жылдан астам уақыт бұрын құрылған «ТаразКожОбувь» ЖШС атауға болады. Фабриканың басқалардан ерекшелігі – тері өңдеу мен былғары илеуден бастап, дайын аяқкиім тігуге дейінгі толық өндірістік циклде жұмыс істейді. «Алматы былғары зауыты» ЖШС жылына 12 мың тоннаға дейін өңделген былғары шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар банкроттықтан соң қайта жанданған Семей былғары-жүн комбинаты қазір «Semey tannery» ЖШС басқаратын зауытқа айналып, қайта құрудан кейін экспортқа арналған иленген хром wet blue жартылай фабрикаттарын шығаруға маманданған кәсіпорын санатында.
Сарапшылар теріні өңдейтін және өндіретін бес ірі компанияның салықтарына сараптама жүргізу кезінде тізімдегі ең табысты кәсіпорын деп «ТаразКожОбувь» ЖШС-ын айтады. Биылғы жылдың 1 қаңтары мен 13 қарашасы аралығында компания бюджетке 327,9 млн теңге аударған. Екіншісі – 2020 жылдан бері қарқындылықпен өнімін жүзеге асырып отырған «Алматы былғары зауыты» ЖШС. Үшінші орында салық базасын ұлғайтқан шымкенттік «Turan-Skin» ЖШС бар.