Таяуда өткен Үкімет отырысында еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов елімізде іскерлік белсенділік индексі 49,0 тармаққа төмендеп, соның ішінде құрылыс саласындағы көрсеткіш 48,5-ті құрағандығын атап өтті.
Төраға орынбасары қазіргі деңгей – 11,8% деп отыр. Жылдық инфляцияның қысымы, қалыпты-қатаң ақша-несие саясаты, жоғары базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі өндіріс шығындарының баяулауына әкеліп отырғандығы ақиқат. Айталық, айлық инфляция 0,6%-ға, азық-түлік инфляциясы оның ішінде жарма, нан мен сүт өнімдері, ет және қант бағасының жылдық өсімі 11,4%-ға дейін төмендеген.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар соңғы 9 айда – 12,1%-ға, жеке тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек бағасының жыл сайынғы өсімі баяулаған.
Ақылы қызмет көрсетулер шілде-тамыз айлары аралығында 11,9%-ға төмендеп, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсімі 0,4%-ға, жылдық мәнде – 13,6%-ды құраған.
Десе де реттелмейтін қызметтер бағасының көтерілуі жаңа оқу жылының басталуымен білім беру, жалға алу ақысының, көлік және амбулаторлық-емханалық қызметтер құнының өсуі байқалған. Қыркүйек айында теңгенің айырбас бағамы 3,4%-ға әлсіреп, бір доллар 474,99 теңгені құраса, бұл бірқатар сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен болғандығын мәлімдеді.
«Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Қыркүйек айында доллар индексі дамыған елдердің валюталары қоржынына қатысты 2,5% болды. Екіншіден, бұл жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын пайдалану айналымының күшеюіне байланысты импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артқандығын, теңге бағамының әлсіреуіне Үкіметтің квазимемлекеттік секторлары экспорттық валюта түсімдерінің міндетті сату нормасын шегеріп, АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің жалғасқан қатаң ақша-несие саясатына қарсы базалық мөлшерлемені төмендеткені де әсер етті», дейді Б.Шолпанқұлов.
Жыл басынан бері республикалық бюджетке аударымдарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату арқылы қолдау көрсетіліп, қыркүйек айында ол 1,15 млрд долларды құраған. Жыл басынан бері резиденттікке жатпайтын мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында 299 млн доллар, БЖЗҚ валютасын сатып алу 200 млн доллар болған.
Ол сонымен қатар Ұлттық банк икемді айырбас бағамының тәртібін сақтауды жалғастырып отырғандығын және валюталық интервенция жүргізбейтіндігінен хабардар етті.
Жалпы халықаралық резервтер жүйесі қазан айының басында 89,7 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері екінші деңгейлі банктер балансының төмендеуіне орай, жыл басынан бері 9%-ға, 31,9 млрд долларға дейін қысқарған. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,7%-ға, яғни 2,1 млрд доллардан 57,8 млрд долларға дейін ұлғайған. Негізгі өсім биылғы жылдың басынан бері 4% немесе 2,2 млрд доллар инвестициялық кіріс есебінен болды.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферттер 3,3 трлн теңгені құраса, оны іске асыру үшін аталған қордың валюталық активтері 6 млрд долларға сатылып, жыл басынан бері қорға түскен жалпы кіріс 3,4 трлн теңгені құрап отыр.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінде оң динамика байқалуда. Жыл басынан бергі өсім – 17,7%-ға, ақшалай 17,2 трлн теңге, инвестициялық кіріс көлемі 1,4 трлн теңге болды. Зейнетақы жарналары – 1,5 трлн теңге, мерзімінен бұрын алу – 196,1 млрд теңгені құрағандығынан ақпар берді Ұлттық банк өкілі.
Бұл ретте әлемдік нарыққа талдау жасаған Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Рамин Қазымов өндірістік сектордағы іскерлік белсенділіктің жаһандық деңгейі жетінші ай қатарынан теріс аймақта екендігін жеткізді.
«Тамыз айында өндірістік сектордағы іскерлік белсенділіктің әлемдік индексі 0,1 тармаққа өсіп, 49,1 тармақты құрады. Бұл көрсеткіш өндірістік нарықта өткен айға қатысты іскерлік белсенділіктің төмендегенін көрсетеді.
50-ден аз балл экономикалық құлдырауды, ал 50 балл алдыңғы аймен салыстырғанда өзгерістердің жоқтығын байқауға болады.
Индекстің 58,6-дан 57,5-ке дейін төмендеуіне қарамастан, Үндістанның өндірістік секторындағы іскерлік белсенділік көрсеткіші көшбасшылық танытуда. Осылайша, өндірістік белсенділік 27 ай қатарынан оң аймақта болды. Шетелдік сатылымдардың өсімі баяулап, халықты жұмыспен қамтамасыз ету артқан», дейді сарапшы.
Сонымен қатар Ресейдегі өндірістік белсенділік индексі өткен айдағы 52,7-ден 54,5-ке дейінгі тармақта айтарлықтай өскен, 2017 жылдан бері өндіріс көлемі мен экспорттық тапсырыстардың ішкі сұраныста өсімі жоғарылап, жұмыс орындарын құру 2000 жылдан бері ең жоғары деңгейде қалыптасқан.
Біздің елдегі іскерлік белсенділік индексі қыркүйек айында 0,4 тармаққа өскен. Өндіріс пен жаңа тапсырыстар қарқыны артқандығының арқасында жұмыс орындарын құру бойынша 2019 жылдан бастап екінші орында келеді. Өткен айда ең төменгі мәннен кейін шығындар инфляциясы күрт өсіп, өндірушілер алдағы жылға оптимизмді сақтайды деген үміт бар.
АҚШ-тың өндіріс секторындағы іскерлік белсенділік көрсеткіші қыркүйекте айтарлықтай өскенімен, бесінші айда теріс аймаққа ауысқан. Мамыр айынан бастап өндірістің өсуі жоғарыласа, жаңа тапсырыстардың өсімі төмендеген.
Қытайда PMI индексі алты айлық деңгейден төмендегенімен, бірақ оң аймақта қалуды жалғастырып отыр. Өндіріс көлемі мен жаңа тапсырыстар саны ұлғайғанымен жұмыспен қамту жағы көңіл көншітер емес.
Еуроаймақтың өндірістік секторындағы іскерлік белсенділіктің теріс индексі 15 ай қатарынан бақыланып, өткен айдан 0,1-ге төмендеді. Жаңа тапсырыстар 26 жылдағы ең рекордтық қарқынмен қысқаруда, ал жұмыспен қамту үш жылда төмендеген. Іскерлік сенімділік 10 айлық минимумға дейін құлдырады деп отыр сарапшы.