Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды.
Мемлекеттік кеңесші нашақорлық пен лудоманияға қарсы күресу және осы індеттің алдын алу елімізде заң мен тәртіп қағидаттарын түбегейлі орнықтыруға қатысты жұмыстың маңызды бағыты екеніне тоқталды. Кеңес мүшелері осы маңызды іске белсенді азаматтардың барынша атсалысуы кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбейтін қоғам қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ кеңес отырысында жыл сайын әзірленетін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының жобасы талқыланды. Баяндамада әдеттегідей демография, денсаулық, білім және ғылым, азаматтардың экономикалық іс-әрекеттері және азаматтық-саяси үдерістерге қатысуы сияқты маңызды әлеуметтік өлшемдер қамтылған.
Кездесу соңында Ерлан Қарин бүгінде жүзеге асырылып жатқан реформалар, ең алдымен, жастарға арналатынын және жастарымыз елдегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші саналатынын атап өтті. Мемлекеттік кеңесші кеңес мүшелерін Қазақстан жастарына қатысты қордаланған мәселелерді тиімді шешу үшін әрдайым белсенді болуға шақырды.