Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Атап айтар болсақ, олар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 337 адамды құрайды. 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 870 қандас қоныс аударды.
Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
Жыл басынан бері 1254 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Нақты атағанда, 522 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1254 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Естеріңізге салайық, биыл пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Қазіргі уақытта республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 058 өтініш (690 отбасы) қабылданған.