• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қараша, 2023

Той десе, несие рәсімделеді

424 рет
көрсетілді

Қазақтың тойы қазір қуаныштың ғана емес, мақтаныш пен бәсекенің өрісіне айналып алды. Бірақ одан да үлкен мәселе бар. Ол - әлеуметтік теңсіздік. Әл - ауқаты жер мен көктей құдалар той жасаудан жарысқаннан «аттыға еріп жаяудың таңы айырылып» жатыр.

Кеше еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартқан  отандық «Жар - жар»  фильміне бардым. Фильм  әлеуметтік теңсіздіктің зардабы мен ұят болады деп, жалған намысқа тырысқан қазақтар туралы.

Сценарий желісінде  танымал шенеуніктің қызы қарапайым отбасына ұзатылады. «Қыз бергеннің назы бар» дегендей, құдалары байлықпен мөлшерлегенде шендесе алмайтын жаңа құдаларына қыздың анасы  тойды сән - салтанатпен өткізуді өтінеді. Әйтпесе, су жаңа құданың жоғары қызметтегі  ағасынан, бай достарынан, ағайын-жұрағатынан ұят болады-мыс.

Өтінішті қабыл алған жігіттің жақындары қаладағы ең қымбат мейрамхананы жалдап, атақты әншілерді шақырмақ болады. Тіпті оларды шақыру үшін біраз тер төгіп, айлаға да барады. Қалтасын жұқартып, әбігерге түскен отбасы тойды үйде атап өтуді жөн көреді. Соңында, қара шаңырақта қарапайым ғана өткен тойға жұртшылық дән риза тарқасады.

Фильмді көре отырып, халқымызда той туралы қасаң, таптаурын түсінік қалыптасқанын аңғару қиын емес. Оны жасаудың міндетінен бөлек, дабырлатып өткізу тағы бар. Бұл қалталы қауымға қиындық тудыра қоймасы анық, алайда жалақыдан жалақыға шықпа жаным шықпамен әзер жететін жандар үшін оңай емес.  

Әркім өз көрпесіне  қарай көсілген 90-жылдары әлеуметтік теңсіздік те, бәсеке де білінбеді. Еліміз алғашқы экономикалық серпін жасаған соң, мейрамханада той жасау дәстүрі қалыптасып келеді. Жиған - тергенің тойға шашылсын дейтін қазақтың шашпа - төк мінезін әйгілейтін қазіргі той өткізу салтымызға реформа жасау керек - ақ. Мысалы, қуанышқа келген қонақ санын 200 адамнан асырмаса, тойханалардың бағасын бақылауда ұстаса мүмкін дарақылық тиылар ма еді.

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында бүгін той тойлап жарысатын заман емес екенін бекерден-бекер ескертіп отырған жоқ.  

«Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деді.

«Үйлену той жасау қаншалықты маңызды» деген сұраққа Инстаграм желісін қолданушыларының басым көпшілігі қолдамайтынын айтады. Қолданушылардың бірі алған несиені той өткен соң ата - ананың балаларға іліп төлететіні туралы  айтса, енді бірі «жақын - жуықтың ортасында ғана шағын атап өткенге не жетсін»,  «қалталары көтерсе ғана той жасауға болады», «тойға шашқан шығынға пәтер сатып алар едім», деген пікір білдірген. Бұған елдегі экономикалық жағдай мен жастардың жаңаша көзқарасы әсер етуі  мүмкін.

Расында, шаш етектен шығынға батпай, тек жақын адамдарыңа ғана арнап ақ дастархан жайып, кішігірім мереке ретінде атап өтуге дағдылансақ той тойлау мәдениетіміз арта түсер еді. Қазақтың әлі байымай жүргенінің бір себебі де осыдан да шығар, бәлкім?

 

Жайна МОЛДАҒАЛИ