Ұлттық статистика бюросы «Demo day» іс-шарасын өткізіп, цифрлық трансформацияның нәтижелерін таныстырды. Бюро жоспарлаған Цифрлық трансформация портфелі 71 жобадан тұрады. Бұл межелі міндеттің 23-і биыл орындалса, басқа жобалар 2026 жылға дейін толық іске асады екен.
Мұнда цифрландырудың негізгі жобаларының бірі – цифрлық статистикалық тіркелімдер. Трансформацияның алғашқы жылында білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында 3 цифрлық статистикалық тіркелім енгізілген. Мысалы, денсаулық жөніндегі тіркелім Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін бірыңғай жүйеге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, пациенттер, медициналық мекемелер дәрілік заттар бойынша статистиканы бір жүйеден біле алады. Сол секілді білім беру тіркелімі бойынша мектепке дейінгі оқыту, жоғары білім беру, «Болашақ» бағдарламасы бойынша деректерді көруге мүмкіндік бар. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова жан-жақты айтып берді.
– Статистикалық тіркелімдер мейлінше егжей-тегжей статистика жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, оны облыстар, аудандар, экономикалық қызмет түрлері, меншік нысандары және басқа да бөліністе көрсетуге болады. Осылайша, біз мемлекеттік органдардың 150 дерек базасына және 3 мыңнан аса анықтамалық пен классификаторлардың құрылымдарына талдау жасап, Smart Data Ukimet арқылы интеграциялау жұмыстарын жүргіздік. Тіркелімдер респонденттерге түсетін салмақты азайтуға септігін тигізеді», деді Ж.Дүбірова.
Бүгінде Ұлттық статистика бюросының сайтында елдегі инфляция деңгейінен бастап, басқа да мәліметтерді оңай білуге болады. Соған үңіліп айтар болсақ, былтырғы қазан айынан биылғы қазанға дейін елдегі инфляция 10,8 пайызды құраған. Мұны есептеу үшін ел бойынша 508 тауар мен қызмет түрі ескерілген. Яғни халық жиі тұтынатын азық-түлік, азық-түлік емес тауарлардың және ақылы қызметтердің құны қаралған. Бір сөзбен айтқанда, елдегі инфляция деңгейі осы статистикалар негізінде есептелген. Тағы бір ақпар, осы деректердің барлығын республикалық маңызы бар қала, облыс орталықтарында, 85 елді мекенде статистика мамандары жинайды. Енді статистика бюросы инфляцияны есептеу үшін деректерді жинаудың жаңа әдістерін енгізіп отыр. Жаңа қосымша арқылы статистика мамандарына сол бағаларды анықтап, есептеу жеңілірек болады. Бұл қосымша туралы Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы хабарлады.
– Бүгінге дейін біз инфляцияны есептеу барысында бағаларды қағаз түрінде жинайтынбыз. Яғни біздің мамандар дүкен, базарларға барып, бағаларды қағаз жүзінде тіркейтін. Содан біз халықаралық тәжірибені ескере келе, мобильді қосымшаны құруға шешім қабылдадық. Бүгінде статистика мамандарына арналған мобильді қосымша онлайн, офлайн режімде жұмыс істейді. Енді олар дүкен, базарларды аралағанда штрих-кодты сканерлеу арқылы бағаны онлайн тіркейді. Осылайша, біздің баға жинаушы мамандардың жұмысы біршама жеңілдеді. Айта кету керек, мұндай мобильді қосымша бірнеше Еуропа елдерінде бар. Қосымшаны елде жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетті. Нәтижесі жақсы, – дейді Қ. Жақыпбекұлы.
Іс-шара барысында «Ұлттық анықтамалық ақпарат» жобасының таныстырылымы өтті. Бұл – әртүрлі азаматтық қоғам ұйымдары мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының анықтамалық деректерін құруға, құрылымдауға және басқаруға арналған кешенді жүйе.