• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Жоба 23 Қараша, 2023

Арманға қанат бітіретін оқу

171 рет
көрсетілді

Елордадағы AstanaHub IT-стартаптар технопаркінде ITeachMe инклюзивті жобасы аясында жетінші маусым жеңімпаз­дары марапатталды. ITeachMe жобасы негізінен мүгедектігі бар жас­тар үшін қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойын­ша тегін оқудан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Онда SMM, копирайтинг, мобилография, графикалық дизайн, UI/UX және motion дизайн секілді мамандықтар бар.

Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар жастарды ж­ұ­мысқа орналастыру, алған дағ­дыларын монетизациялау және олардың өмір сүру деңгейін жақ­сарту. Онда кәсіби маманданудан тыс, жобаға қатысушыларға әлеуметтік, пси­хологиялық тө­зім­ділікті, ортада жұмыс іс­теуді, шығармашылық, көш­бас­шылық, өзін өзі таныстыру секілді дағдылар үйретіледі. Қазір онда 120-дан аса студент оқуды сәтті аяқтап, өздерінің жобаларын «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС Ақпараттық жүйелерді пайдалану және пайдаланушыларды қолдау департаментінің директоры Ребрикова Алена, SMM lab маркетинг агенттігінің директоры Степан Баев, ABC Design директоры Сұлтан Маликов қатарлы қазылардың алдында қорғап шықты.

Аталған салтанатты марапаттау рәсіміне Еңбек және ха­­лықты әлеуметтік қорғау минис­трлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту депар­таментінің директоры Ас­қар Ниязов, «Шеврон» ком­паниясының әлеуметтік инвес­тициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова, «EPAM Kazakhstan» директорының қар­жы жөніндегі орынбасары Галима Кари қатысты.

Былтыр «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңдағы терминдерге түзетулер енгізілді. «Мүмкіндігі шектеулі адам» деген тіркес «мүгедектігі бар адам» деп ауыстырылды. Яғни олардың ешқандай мүм­кіндігі шектеулі емес, қоғам­ның тең хақылы мүшесі. Тек ерекше қажеттіліктеріне, яғни ме­­дици­налық-әлеуметтік мәр­тебесіне қарай «мүгедектігі бар адам» деп аталады.

2023 жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 711 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Алайда олардың басым бөлігі еңбекке жарамды, бәсекеге қабілетті екен. Оның бір куәсі – әлемдегі жетекші инте­грацияланған энергетикалық компаниялардың бірі «Шеврон» компаниясының қолдауымен ITeachMe қорының мүгедектігі бар жас­тарды әлеуметтік оңалту жобалары заманауи цифрлық технологияларды тегін үйренуге мүмкіндік беруі дер едік.

– Мүгедектігі бар адамдар күй­зеліске көп ұшырайды. Адам үйден бір күн шыға алмай қалған жағдайда не болады, ой­лаңызшы. Ал олар үшін білім алуға, жұмысқа баруға мүмкіндік аз. Қазір мемлекет осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін пысықтап жатыр. Кедергісіз орта мәселесі бойынша шешілмеген нәрсе әлі де көп, – дейді ITeachMe қорының директоры Захира Бегалиева.

Сондай-ақ ол биыл мамыр айына­н бастап цифрлық тех­ноло­гияның қыр-сырын мең­гергісі келетін мүгедектігі бар жастарды тегін оқыту мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақ­сатында ел бойынша 40-тан аса кездесу өткізілгенін жеткізді.

– Бұл тізімде ірі қалалармен қатар ша­ғын елді мекендер де бар. Мы­салы, бағдарлама туралы білуге Қосшы қаласында 7 адам ниет білдірді, ал ең белсенді Шым­­кент қаласынан 110-нан аса адам қызығушылық таныт­ты. Кездесу қорытындысы б­о­йын­ша 1 500-ден аса өтінім келіп түсті. Тек 178 студент үш ке­зеңдік іріктеу турынан сәтті өтіп, ITeachMe жастар инклюзивті жобасының жетінші маусымының студенті атанды, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Жиында жеңімпаздардың ішіндегі ең тиімді 20 жұмыстың авторлары, қазылар алқасының бағалауы бойынша 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлықпен марапатталды.

– ITeachMe бағдарламаcының біз үшін де, қоғам үшін де маңызы зор. Білікті сарапшылардың әдіс­темелерін жинақтап, осындай мықты қолдау орталығын құру арқылы жастардың мамандық меңгеруіне жол ашады. Осылайша, олар жақсы орта, жаңа достар тапты. 4 жыл ішінде бағдарлама жаңашылдықтың ошағына айналды, – дейді Л.Айтмұханова.

P.S. Мүгедек арбасында отырса да, қиялы қиядағыны алған алғыр жастардың бұл салтанатты іс-шарасына арнайы барып қайтқан едік. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ. Бір жайтқа көңілдің күпті болғанын несін жасырайық. Бұл тіпті жалпы технология саласында жүрген жастар арасында белең алып бара жатқан құбылыс па, кім білсін? Әйтеуір, іс-шара бастан-аяқ орыс тілінде өтті. Ондағы технолог қазақ жастарының көбі өзара орыс тілінде сөйлесетіні байқалады. Мүгедектікті жеңгенімізбен, тіл­дегі мүкістікті жеңе алмай отыр­ғанымыз қынжылтады.