• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
Сұхбат 23 Қараша, 2023

Кәдірбек Сегізбайұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Барға шалқаймайтын, жоққа еңкеймейтін ұрпақпыз

787 рет
көрсетілді

Кәдірбек Сегізбайұлы есімі көзі қарақты оқырманға етене таныс. Мінезі сабырлы, парасатты жазушы болмысы қазақ танымының қазынасы іспетті. Жақында сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгермен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Кәдірбек аға, сексеннің сең­гірінен төмен қарағанда нені көресіз?

– Сексеннің биігіне шыққан кезде қамшы сабындай немесе құнан бәйге жолындай ғана қысқа көрінер ғұмыр соқпақта­ры, ондағы сәркілдеген жастық дәуреннің қызық қуып, өнімсіз, болымсыз өткізген жылдарымды көремін. Сонан соң өзім әлі «бала» деп санап жүрген небір дарынды іні-қарындастарымның да ізімізден қалмай «алпыс-жет­піс» дейтін бекеттерге жетіп, ат басын тірегендерін көргенде уақыт шір­кіннің жүйріктігіне тән­ті боламын. Әрі олардың алым­ды­­лығына, шалымдылығына қа­рап, көбінің аяқ алыстарының біз­дің қатарластардан жаңашалау әрі өнім­ділеу екендерін көріп, сүй­сінемін. Сонан соң жаңа ғасырда қоғам өзгерді, заман өзгерді, адам­дардың өмір сүру әдеті, салты да өзгерді, әдебиеттің де, өнердің де өзгере бастағанын көремін.

– Балалық шақ дегенде, ойы­ңызға не оралады?

– Шығыс Қазақстанның Зай­са­нының тумасымын. Колхоз қой­­шысының отбасында бір қыз, бір ұлдан кейін әке-шешем қы­рықтан асып, «тоқтаған» кез­де­рінде, «Ұлы Отан соғысы» деп айдарлап жүрген қан майдан бас­талардан бірер ай бұрын дү­ниеге келіппін. Мұны айтып отыр­ға­ным, нағыз жоқшылық кезеңнің ұрпағымыз. Әке-шешеміз бір отар қойдың қамымен қыстау­да жалғыз үй болып, жайлауда бір қойнауды жалғыз иемденіп тіршілік етті. Сәті түскенде болмаса, тұрғыластарыммен доп қуа­лап, асық ойнау дейтіндердің қызығын көре алмай, өзімен-өзі ойнайтын жалғыз құр сияқты өмір кештік. Мектепті де ағайындар­дың үйінде тұрып жүріп, оқып бітір­дік. Балалық кездегі ойынымның қанбай қалған әсері ме, бертінге дейін балаларыммен ойнағым келіп, олармен бірге мультфильм­дер көретін әдетім бар.

– Иә, ол кезеңнің тұс­тас­та­рыңызға деген сыбағасы солай болған ғой.

– Дулат Исабеков достың «Біз соғысты көрген жоқпыз» деп шы­ғармасын атағандағы айтпағы да: «Біздің өмір қай соғыстан кем еді?» деген ой ғой. Жалаңаяқ, жа­лаңбас, бірде тоқ, бірде аш жүрсек те, ол – біздің өз өміріміз еді. Қай­та дүниенің қадірін білетін, бар­ға шалқаймайтын, жоққа ең­кеймейтін ұрпақ болып жетке­німізге шүкір!

– Қазір қандай іспен шұғыл­данып жүрсіз?

– Біздің тіршілік қалам мен қағазға тәуелді болып қалыптасып кетті ғой. Өмір бойы газет-журнал оқып әдеттенген кісінің одан үзілді-кесілді қол үзіп кетуі оңай емес. Үйге келетін бес-алты газет-журналды келген бетте бір па­рақтап шықпасаң, маңызды бір ақпараттан хабарсыз қалатын­дай көресің. Біздің жас кезіміздегі­дей төрт бет, ұзаса алты бет болып шығатын, қазір 8 беттен 24 бетке дейін көлемді болып жа­рық көретін басылымдарды көк­тей шолып, қарап шыққаныңа кемі екі-үш сағат уақыт кетеді. Теледидардан қарайтын хабарлар мен тарихи сериалдар, жазда аздаған бағбаншылық пен гүл­дер­ді баптау, қонақтық міндеттер­ден кейін зейнеткер жазу үстеліне отыруға екі-үш сағат уақыт тапса – үлкен олжа.

Сенің сұрағыңның мәні – менің уақыт кестем туралы емес, «Қазір не жазып жүрсіз?» дегенің болар. Соңғы он-он бес жылдар мұғ­да­рында біршама еңбек еткен сияқ­тымын. Қазір «Өзімді-өзім «қуа­лай» бермейінші, шама-шар­қымның парқын салмақтай алатын жасқа келдім ғой» деп жазбауға болмайтын дүниелерге ғана уақыт бөліп жүремін.

Мен өскен ауылым Жарсу­дың, әкеммен бірге мал баққан қарт­тардың біріне-бірі ұқсамайтын ғажап мінездері, ерекшеліктері болушы еді. Әрқайсыларына ша­ғын-шағын эссе-естеліктер арнай бастадым. Артық-кем айтылған тұстары болса, рухтары маған ке­шіріммен қарар деп ойлаймын.

– Жазушы Айгүл Кемелбаева «Беласқан» романыңыз туралы: «Кәдірбек Сегізбайұлының «Беласқан» деген атауындағы символикалық астар – қазақтың өткені туралы болмыс, мұраты. Бел асу еуразиялық кеңістікпен ұштасуының символикалық ал­тын қазығы» деген баға бе­реді. Романда Алтайдың ну­лы табиғатының кестелі, қою сурет­тері бар» депті. Сізді табиғатпен тұтастырған не нәрсе?

– Әр шығарманы әр оқырман (әр сыншы) өзінше қабылдап, әр оқиға, әр авторлық шешімге (тіпті шығарманың аталуына) өзін­ше байлам жасайды ғой. Да­рынды қаламгер қарындасым Айгүл Ке­мелбаева: «...бел асуды еуроӨ­азия­лық кеңістік пен ұштасуы­ның сим­воликалық астары» десе, академик Рәбиға Сыздық роман туралы мақаласында бес асуды ескіден қалыптасқан байлар мен билер, төрелер туралы түсінікке жаңаша, шыншыл көзқарасты қалыптастыру және ескі дәстүр, салт-сананың заман ағымына қа­рай өзгерісі дегенді меңзеп еді. Солай болса солай шығар, бірақ мен елуге толғанда жарық көрген кітабымды «Жер ортасы» деп атасам, алпысты қарсы аларда жазған романымды өзіме-өзім «бір белден астың» деп тұспалдаған едім.

Біздің ел Алтай емес, алайда табиғаты, бар бітім-болмысы, кес­телі қою суреттері Алтайдан бір де кем емес. Қара Ертістің оң жа­ға­лауында, Алтайға сол жағалаудан иық теңестірген Сауыр тауының етегінде еді. Тауда туып, тауда өс­кен соң әр шығармамда туған таби­ғатымды айта отыратын әде­тім бар. Өмірімнің алпыс жылдан астамын Алматыда өткізсем де, жиырмаға жуық жылымды өткізген туған өлкемнің табиғаты ұйықтасам түсіме жиі кіріп, оянсам ойға орала береді. «Туған жеріңе кіндігің байланып қалған ба?» деген сауал маған лайық.

– Бүгінгі қоғамда сізді қандай ахуалдар алаңдатады?

– Е, інім-ай, балаң кезімізде «ұлы көсем» Сталин дүние сал­ғаннан ел еңсе көтеріп, колхозшылар еңбек күндеріне дорба-дорба ақша ала бастағанда ол кезде жиі айтылатын коммунизмнің шеті көрінгендей болды. Одан соң Никита дейтін «көсем»: «Екі-үш аттасақ, коммунизмге – жұ­мақ өмірге енеміз» деп сендірді. Одан кейін «қайта құрамыз» деп қай­та құрыдық. Ғасырлар бойы ата-б­абаларымыз армандап өт­кен тәуелсіз күнге де жеттік. Өз байрағымызды желбіретіп, өз әнұранымызды шырқайтын күнді қан төгіп, жан қинамай-ақ Құдай қолымызға ұстата салды. Байтағымыздың асты да ен бай­лық, үсті де мыңғыртып мал өсір­сең де, жайқалтып егін ексең де өзіміз ғана емес, өзгеге де қан­ша шашсаң да таусылып бер­мес қазына деп мақтандық. Иә, мақтанудан алдымызға жан сал­мадық. Отыз жылдан асса да, Шер­ағам айтқандай, «алтын сан­дықтың үстінде аш-жалаңаш отыр­ғанымызды» несін жасырамыз? Біз аш-жалаңаш емес шығармыз, алайда бірінші президентім айт­қандай, «екі сиырын» баға алмай, ауылда отырған ағайын қан­шама? Таусылмас деген жер асты байлығымыз ұстағанның қо­лында, тістегіннің аузында жең ұшы­нан жалғасқан көбі шетелдік ал­пауыттарға болмашы тиын-тебенге сатылып кеткенімен қой­май, жауапсыз алпауыттардың кесі­рінен бір ғана «АрселорМит­тал Теміртау» комбинаты жүзден аса азаматымыздың өмірін жалмапты. Алайда осы жылдар ішінде үнді­стандық алпауыттың байлығы 17,3 миллиард АҚШ долларына жеткенін «Forbes» жариялапты. Бұл сол қаза тапқан азаматтардың арттарында қалған жесірлері мен жетімдерінің көз жастарынан жинаған байлық қой. Орынсыз байлықтың ешкімге опа бермесіне қазір бүкіл қазақ елінің де көзі жетіп отыр емес пе? Мысалдары көз алдарында.

Сонау 1972 жылы Америка­мен ұзақ жыл соғысқан вьетнам­дықтардың ерлігін дәріптеу үшін КСРО Журналистер одағының жолдауымен Вьетнам елінде бол­ғаным бар. Сонда бұл елді бұрын отарлаған Франция мол алтын кенін ашып, біраз тасығаны, ке­йін тәуелсіздік алған соң Кеңес елі оларға «Алтыныңды өндіріп берейік. Қызығын сен де көр, біз де көрейік» демей ме? Сонда ұлт көсемі Хо Ши Мин ақсақал: «Бү­гінгі ұрпақ құрақтың (папоротник) сөлін сорса да аштан өлмес, жер қойнында жатқан қазынам келер ғасырлардағы ұрпақтарымның еншісі» деп одақтасының көме­гінен бас тартыпты. Ал біз Жер-Ананың қолқасын суырғандай мұнайы мен газын сорып, оңды-солды сатып жатырмыз. Ол қар­жы­лардың халықтың игілігіне жұм­салмай, көз тимейтін, сөз өт­пейтін Алла болмаса, адамынан жаза көрмейтін аз ғана топтың шек­сіз байлығын молайта түске­нін жұрттың бәрі біледі. Рас, қазір­гі президентіміз бастаған би­лік жүгі ауған түйедей күйге түскен жағдайды түзету жолында аян­бай күрес жүргізіп жатыр. Алай­да әлі де «ескі Қазақстанның» оңайшылықпен жол берер түрі көрінбейді. Бүгінгі қоғамдағы алаң­датар ахуалдың қайсыбірін айтайын. «Дағдарыстан шығып алайық» дейтін уәжіміз бар. Біздің ғұмырдың орта тұсынан бермен қарайғы уақытта дағдарыс деген дағдыға айналып кеткендей. Біраз кезеңдерді «өтпелі кезең» деп едік, ол «өкпекті кезеңдер» болып шықты. Жер байлығы жөнінен қазақ байтағының шалымына келе алмайтын алыс-жақын елдердің қай жағынан болсын шаң қаптырып кеткендері де бізді ойландырмады-ау!

Меніңше, елдің еңсесін көтерт­пей тұрған дерт – жемқорлық. Бұрын жұрт жайып қойған «кірді» қалың-жұқасына қарамай жалмап, жеп қоятын сиыр баласын «жемқор» деуші еді, қазіргі мил­лиондаған, миллиардтаған қар­жыны жымқырып алып, жылмиып отырған алаяқтарға сиыр сияқты «жемқор» деген атау бер­геніне риза болдым. Жылына емес, біздің жемқорлар айына, ап­тасына бір-бірлеп те топталып та, сотталып жатады. Біреуін пә­лен жылға деп соттаса, енді біреу­лерін «жақсы тәртібі үшін» деп, бір-екі жылдан соң түрмеден бо­сатып, ақтап жатады. Айтқан аузым кінәлі дейін, қазірде жем­қорлықтың, ағайындықтың ша­лығы әлі басылған жоқ. Ең бір таң­ғалатынымыз – қылмыскер­лер­ді, жемқорларды ұстап, теледидардан көрсеткенде олардың беттерін жаңа түскен келіндей көлегейлеп, көрсетпейді. Олардың жүздерін жұрттан жасырғандағы мақсаттарын түсіну қиын. Син­гапур дейтін ел асқынып кеткен бұл дертті жазаның ауырлығымен жеңіпті деседі. «Аюға намаз үй­реткен – таяқ» деп бабаларымыз біл­ген соң айтқан ғой.

Екіншіден, барымызды жө­ні­мен пайдаланудың соңы есеп­сіз босқа «мал шашпақ» әдетімізге айналған. Ел намысын жыртады деген спорт дейтін саланың 180 түріне бюджеттен жылына 775 миллион доллар бө­лі­не­ді екен. Бұлардың ішінде біз көр­генді қойып, естіп-білмеген спорт түрлері бар екен. Жеңісінен жеңілісі көп, құрамында бір қазағы кейде болып, кейде болмайтын «Барыс» хоккейшілерін, орталарында Луценко дейтін жалғыз «қазағы» бар «Астана» велошабандоздарын миллиардтаған теңге, миллиондағын доллар шашып, спортшы-легионерлерді сырттан шақырғанда олар біздің намысымызды жыртып, ұшпаққа шығара алып жүр ме? Өзімізде жоқты шеттен шақырып, емешегімізді үзгендегі мақсат – тағы да «Бізде мынау да бар» дейтін баяғы мақ­тангершілік. Әр облыстағы футбол командаларында да өзінде жоқ ойыншыны өзгеден шақыру сән болып алды. Бұл салаға да өте қарымды реформа керек. Әйтпесе халықаралық үлкен жарыстарға желпініп барып, желкемізден су ағып қайту әдетке айналар.

– Спорт саласын жіті бақы­лап жүретін секілдісіз.

– Спорт – ел намысы, одан түңіліп жүрген мен ғана болсам сөз басқа...

Тағы бір толғақты мәселе – мем­лекеттік қазақ тілінің жай-­кү­й­ін де айта кетейін. Елімізде тұ­ра­тын өзге ұлт өкілдеріне қазақ ті­лін білмедің деп өкпе айту­дың жо­сығы жоқ. Себебі бала-ша­ға­сымен орысшалап сөйлеуді мақ­тан көретін қазағымның өзі азаймай тұрғаны шындық. Немере­ле­рін орыс мектебіне бергізіп, олармен орысша шүлдірлескен­де­рін мәртебе көретін қалалық оқы­мысты ата-әжейлер жетіп ар­тылады. Демек, біздің ұлттық, рухымыз өлген дегенге аузым бармайды, өлім аузында тұр деу керек шығар. Қазақ тілі қоғамдарын ашып, қазақ тілін оқытатын курс­тар ұйымдастырылды. Өзгесін айтпағанда, елінде тұратын өзге ұлт өкілдерін де «гәпіртіп» қоятын өзбек жұрты қандай рухы мықты жұрт еді.

Қазақ тіліне ұлт болып үйірі­лу­дің аз ғана жолы бар сияқты. Жастарымыздың қай оқу орнына барса да қазақ тілінен жаза білеті­ні, сөйлей білетіні жөнінен емтихан тапсыруы керек. Мемлекет­тік қызметке қабылдаудың ең басты талабы да осы болса, ешқандай курста оқымай-ақ көбі «қазақ» болып шығар еді. Кеңсе атаулы іс қағаздарын, Парламенттің заң жобаларын қазақ тілінде дайындауға қол жеткізу шарт. Отыз жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мем­ле­кеттің басқа бір мемлекеттің тілін­де қоймай-қоймай жазып, сөйлеуі, мал құлағы саңырау, ұят-ақ әңгіме.

– Өз тақырыбымызға қай­та оралайық. Кешегі кеңес ке­зін­д­егі жазушы мен бүгінгі жазушының айрмасы бар ма?

– Оқырманы жоқ жазушы – жетім. Бұрын 40-50 мың да­намен тарайтын кітап бірер айда сатылып кетсе, қазір 2 мың дана­мен тарайтын кітап өтпей, сөреде жатып алады. Себебі қазір оқырман кітапты ұмытқан. Бұрын жұрт назары теледидарға ауды десек, қазір еңбектеген сәбиден бас­­­тап, еңкейген қарияға дейін із­де­­геніңнің бәрін тауып берер, дү­ние­­дегі өсек-аяңды айтып берер қалта телефоны дейтін ғылымның «кенже табысы» шығып, әлемді жаулап алды. Бәрібір уақыты келгенде кітап дейтін киелі қазынаға қайта мойын бұрар күннің туарына сенгім келеді.

– Замандастарыңызды жиі еске аласыз ба? Кімдерді сағы­насыз?

– Сонау 60-жыл­­дары «Ле­нин­­­­шіл жас» га­зе­ті табыс­ты­рып, айнымастай дос­­тарға ай­нал­­­дыр­ған Оралхан Бө­кей мар­­құм әзілдеп, «Жеті же­­тім» атан­­­­­дырған жігіттердің – Кә­рі­­­­­бай Ахметбек, Оралхан Бө­кей, Ақ­селеу Сейдімбек, Серік Әб­ді­­­­райым, Қуанышбай Құрман­ға­ли­­­дың бәрі де себеп-сылтау­ларын тауып, бақилыққа аттанып кетті. Қазір олардың мерей­тойларында естелік айтып, хал­­қының алдындағы сіңірген ең­бектерін еске салып отыру үшін Нұржекенің Бексұлтаны екеу­міз қалыппыз. Оған дейін бала­лықтың қызық-шыжықтарын бірге бөліскен әрі туыс, әрі жаны­мыз бөлек достарым Мұрат Түсенұлы мен Әскербек Мұқатайұлы екеуі де көзден кеткенмен, көңіл түк­пірінен кетпестей болып ор­нық­қандарына көп болған. Бә­рін сағынамын, бәрі де түсіме кіреді. Әсіресе Ақселеу-дос өзі кете салысымен айлап түсіме кіре берген соң, құран бағыштап, өзі тірі кезіндегідей «Әй, Ақантай, мені де шақырып жүрсің бе? Түсіме кіре бергеніңді тоқтат! Әзірге ол жаққа барар ойым жоқ!» деп, «батырып, қатты айтып» едім. Ақылы бар азамат қой, қазір айлап-жылдап қана түске кіреді.

– Ертегідегі қасиетті құс келіп, «бір арманыңды айт, орындаймын» десе, қандай арманыңызды айтар едіңіз?

– «Армансыз адам болмайды» деп әндетеміз ғой. Менің өмірім «жоспарлап» қойғандай өтіп жатыр. «Кеткендерімді» келтіріп бер» дей алмаспын, ол қасиетті құс шынында арманымды орындай алса, «Жоғарыда айтқан ­достарымды бір-ақ күнге тірілтіп бер, мауқымды басайын» дер едім.

– Фолькнер Нобельдік лекцияларында жазудың мұраты жө­­нінде: «Адамзаттың өткен та­­ри­­­хындағы бар қазына – даңқ, сес-ай­барын қайта оятып, адам­­ның тізе бүкпеуіне қол ұшын бе­ру» дейді. Сізді қолға қа­лам алу­ға итермелеген мұрат қан­дай?

– Журналистиканың қазаны біраз пісіргендей. Қазір де «айт­пауға болмайды» дейтін мәселе­лерге мақала жазып тұрамын. Ал жазушылық дейтін шаруада қолға қалам алудағы мұрат – қатарласым Оралхан, Ақселеулерден қалмай, өз мүмкіндігімді сынап көруден басталды десе болар. Былайша айтқанда, «қозғаушы күш» – жақсы мағынасындағы шығармашылық бәсеке.

– Әлем әдебиетінде өткен ға­сырда Латын Америкасы жазу­шылары магиялық реализм бағы­тымен дүмпу жаса­ғаны бел­гілі. Қалай ойлайсыз, келесі әде­би дүмпу қай елде болуы мүм­кін?

– Мен «магиялық реализм», «соцреализм», «модернизм», «постмодернизм» дегендерді кел­ді-кетті ағымдар деп қабыл­дай­мын. Мен үшін нағыз реализм – әдебиет адам өмірін немесе бел­гілі бір оқиғаны ақиқатпен, шыншылдықпен жеткізе алса, сол реалистік шығарма. Ешқандай дүмпусіз-ақ қазақ әдебиетінің қа­зіргі аяқ алысы ешбір елдің әде­биетінен кем емес. Тек жарнама­мыз жетіспейді. Әйтпесе Но­бель сыйлығына лайық талай шығар­малар жазылған, жазылады да.

– Жиі оқитын авторыңыз?

– Жұрт жиі айтатын жаттанды жауап – Абай, Әуезов, Мүсірепов. Әлі күнге дейін ойға орала беретін Жюль Верннің қатарластары мен Нобельдің лауреаттарын, тағы басқа классиктерді атамай-ақ қояйын.

– Өзіңізден кейінгі ақын-жазушылардан кімдерді атар едіңіз?

– Жоғарыда айтқан өзім ­«жас­­тар» деп ойлағанмен, өкше­міз­ді басып келе жатқан Тынымбай Нұрмағамбетов, Смағұл Елубай, Әлібек Асқар, Қуандық Түменбай, Асқар Алтай, Тұрысбек Сәукетай, Нұр­жан Қуан­тайұлы, Қуаныш Жиен­бай, Жүсіп­бек Қорғасбек т.б. прозашы­лар мен Серік Ақсұң­қарұлы, Ұлық­бек Есдәулет, Иран-Ғайып, Ғалым Жайлыбай, Ба­уыр­жан Жа­қып, Светқали Нұр­жан, Гүлнәр Са­лық­бай т.б. ақын­дарды бүгінгі әде­биетіміздің бетке ұстарлары деуге болар.

Жас ақын-жазушылардың кі­тап­тарын оқуға мүкіндік бола бер­­мейді, тек баспасөздегі шығар­маларын шолып отырамын. Теңіз суының дәмі бір тамшысынан білінеді дегендей жас жазушы­ның бір әңгімесі, жас ақынның тауып айтылған бірер жол өлеңі-ақ оның аяқ алысынан ақпар беріп тұрады. Өзі ақын, өзі прозашы Әбубәкір Қайранның әңгімелеріндегі қазақы салт-дәстүрлердің, төрт түлік жайлы атаулар мен деректерді көп білетініне, оқиғаларды жұп-жұмыр ғып бере алатынына сүйсіндім. Асхат Өмірбайдың «Қара құрт» атты әңгімесіндегі көркем тілі, оқырманын тебіренте алатыны болашағынан үлкен үміт күттіреді. Жас ақын Мөлдір Айтбай «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Менің күйім» деген өлеңін:

«Жүрегі бар жігіттің

бәрі ғашық,

Алайда маған емес», –

деп аяқтайды. Қыз жүрегінің мұ­ңын бұдан артық қалай айту­ға бо­лады. Немесе Ақжол Түмен­байдың:

«Көзімнен үміт тамып,

түскенше сүйемін,

Құдаймен солай келіскем...», –

дегені нағыз ақындық арын, ер­келік екпінін аңғартады. Жастар­дың жырларында мұндай ұтымды жолдар жетерлік.

– Өмірден түйген маңызды тұжырымдарыңыздың бірін айта аласыз ба?

– Бұл сұрағыңа Абайдың: «Сен­бе жұртқа тұрса да қанша мақтап...» дейтін өлеңімен жауап бергім келеді.

– Жазушы ретінде бүгінгі биігіңізге көңіліңіз тола ма?

– Толмайды десем жалған бо­лар еді. Бес роман, он шақты повесть, қырықтан астам әңгіме, ше­телдік жазушылардың бес-алты кітабын аудардым. Мәселе сан­да емес, сапада. Сапасын оқыр­ман­дарым айта жатар, айтып та жүр. Шүкір, өзім көп жыл қыз­мет істеген «Атамұра» баспасы те­гін шығарып берген барлық кітап­тарымның оқырмандары да бар сияқты. Жуырда ғана біраз шы­ғармаларым мен таңдаулы әңгі­мелерімнің екі томдығын тағы да «Атамұра» баспасы жарыққа шы­ғарды. Оқырманы жоқ кітап – аспанға атқан оқ сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар