• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Архив 23 Қараша, 2023

Архив мұраты – үздіксіз жетілу

260 рет
көрсетілді

Биыл «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қабылданғанына 25 жыл толып отыр. 1998 жылы заңның қабылдануы қазақстандық архив саласының дамуындағы тарихи кезең болды. Содан бері бұл заңнама архив ісінің дамуына үлкен серпін берді. Осы атаулы күнге орай Президент Архивінде «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» атты арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіме тізгінін қолға алған Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру кезеңінде қабылданған құжаттың маңызын атап өтті. «Ширек ғасырда архивтік құжат­тар­ды сақтау және пайдалану тәртібі қа­былданып, құжаттарды сақтау мер­зімдері мен жою тәртібі, мемлекеттік және ведомстволық архивтердің жұмы­сын­да бірыңғай қағидаттар мен талаптар белгіленді. Заңның негізінде мекемелерде іс жүргізуді және мемлекеттік, ведомстволық архивтердің жұмысын реттейтін 70-тен астам нормативтік құжат қабылданды. Бүгінгі таңда архив саласының қызметін ұйымдастыруға нормативтік-құқықтық база толығымен қалыптасты деп мақтана айта аламыз», деді Әлия Құсайынқызы.

Басқосуға Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Парламент Мәжілісінің І шақы­ры­лымының депутаты Роза Қуанышбаева, заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, сол кезде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры болған Алла Сеитова, ардагер Вячеслав Чупров және аталған заңды дайындауға, рәсімдеуге, қабылдауға атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив ісі саласының ардагерлері мен мамандары қатысып, отандық архив ісін жүргізудегі негізгі мәселелерге көңіл аударып, сараптап, оны алдағы уақытта оңтайлы, оралымды дамытуға қатысты ой-көзқарасын білдірді.

«Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобынына басшылық жасаған Рысты Сариева осы құжат негізінде архив ісі қызметінің талапқа сай жаңартылып, жүйе­ленгенін жеткізді. Цифрландыру кезеңінде архив ісін жетілдіру күн тәрті­бі­нен түспеуге тиіс. Сондай-ақ архив ардагері сала мәртебесін қайта қарастыру туралы да сөз қозғады. Бүкіл халықтың ортақ игілігі болып саналатын архив ісі өкілетті орган болғандықтан, оның түрлі министрлік құрамында қосақталып жүруі, кейде бір ашылып, бір жабылатын құзырлы мекемелер құрамына тиесілі болуы дұрыс емес. Мемлекеттік институт бөлігі ретінде өз алдына тарихи, ақпараттық, құқықтық, интеллектуалдық дербестігі сақталуға тиіс.

Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай қозғаған мәсе­ле де маңызды. «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң – архив жұ­мысының негізгі темірқазығы. Ұлттық архив қорын қалыптастыруға бай­ланысты негізгі заңның бәрін осы құжат қамтамасыз етіп отыр. Кез келген заң мемлекеттің, қоғамның талабы мен қажеттілігіне байланысты қабылданады. Ал бүгін осыдан 25 жыл бұрын қабылданған заңның кей бабын жетілдіру қажет. Қарқынды дамып келе жатқан заманның ағымы үздіксіз өсіп, дамуды талап етеді. Әр мемлекеттің негізі – архив құжаттары, мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі тетіктің бірі осы құжаттарға тіреледі. Ұлттық архив қорындағы құжаттарды құпиясыздандыру, зерттеушілердің қолына жеткізу, ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі бізді алаңдатады. Әлемдегі геосаяси ахуалдың бұзылуына байланысты ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін кейбір құжаттың бәрін ашып тастау қажет емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Ресей архивтерінің қолжетімділікті шектеуіне байланысты шетелдік зерттеу­шілердің үлкен легі Қазақстан архив­терін жағалап жүр. Осындай кезеңде Қазақстандағы құзырлы органдарға да ойлану керек сияқты», дейді С.Шілдебай.

«Шетелден келген құжаттарды жүйе­леу қажет пе?» деген сауал – архив ісі мамандары бас қосқан жиындағы талқылауды қажет еткен тақырыптың бірі. Кейінгі ақпараттың шынайы рөлі талассыз өсіп келе жатқан тұста жаңалық іздеп, әлдебір шетелдік кітапханадан яки архивтен «бұрын еш жерде жарияланбаған, құпия болып келген құжатты» тауып алатындар жиі бой көрсететін болып жүр. Рысты Халесқызы айтқандай, ғылыми сараптама жасалмаған, маңызы талданбаған құжатты жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілейтін жағдайдың жиі орын алуына не себеп? Қазақстанда шетелден келетін құжаттардың ортақ электронды жүйесі қалыптасқан ба?

Бұл мәселе архившілер тарапынан дүркін-дүркін қозғалып келе жатқанына қарамастан, ақпарат құралдарында, әсіресе телевизияда бұл «жаңалық» жиі қылаң беріп қалады. С.Шілдебайдың айтуынша, бұл мәселе «Архив – 2025» бағдарламасын іске асыру барысында да көтерілген. Мемлекеттен бөлінген қаржыға ғалымдар да, архившілер де шетелге барып, өз тақырыбы аясында зерттеуге мүмкіндік алып жатыр. Ал олар қол жеткізген құжат бұрыннан ғылыми айналыста келе жатқан құжат болуы мүмкін. Бірақ кәсіби деңгейдің төмендігінен немесе маманның біліксіздігінен бұ­рын­нан бар, болған, ғалымдар пайдаланып жүрген деректі жарияға жар салып әкелетіндер қатары пайда болды және бұл архив ісінің мамандары емес, өкінішке қарай, еліміздегі кейбір жоғары оқу орындарының жетекші ғылыми қызметкерлері, белгілі ғалымдар. Осыған орай Ресей архивіндегі мамандар: «Қазақтар, бай болуларың керек, бір құжатты қайта-қайта сатып аласыңдар», деп қалжыңдайтын да көрінеді. Архив ісі мамандары осы уақытқа дейін әкелген құжаттардың тізімі бар деп отыр. Сол себепті алдағы уақытта құжаттар тізі­мімен ортақ базада алдын ала танысып алғаннан кейін барып, «не әкелу керек?» деген сұрақ төңірегінде ойланып, жоқ дүниені ғана әкелген дұрыс деп санайды архившілер.

Ұлттық архив қоры туралы пікір білдірген мамандар мәмілесі: құжаттарды жинастыру, іріктеу, оның сапасын қарау, маңыздылығын дәлелдеп, ортақ деректер базасына алып, электронды жүйесін жасау, оларды сақтау, қоғаммен әрекеттестікте болу, азаматтарға сапалы әрі тиімді көмек беру – бүгінгі архив ісі мамандарының міндеті.

 

АЛМАТЫ