• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Қараша, 2023

Әке (Эссе)

2622 рет
көрсетілді

Әкем Ғабдыжаппар маған:– Балам, жақсы адаммен дос бол, – деп өсиет айтатын. Ол кез кеңестік заман, менің түсінігімде жақсы адам министр, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы немесе сол сияқты қа­сына бөгде жанды жолатпайтын өңшең ығай мен сығайлар.

– Әке, – деймін, ішімде сәл кекесін де бар, – жақсы адамдар (әлгі айтқандарды есіме ала) мені жандарына жолата ма?

Әкем менің ішімдегіні де түсінгендей:

– Олай болса, жақсы адамдарға қызмет ет, – дейді айтқан пікірінен қайтпай.

Менің көз алдыма тағы да әлгілер келіп:

– Әке, оларға қызмет жасау да мүмкін емес, – деймін кежегем кейін тартып. Әкемнің мінезі жібектей, сабырлы адам еді, сөзін жалғастырып:

– Балам, онда жақсы адам туралы қара­лап сөз сөйлеме, – дейтін амалы таусылып.

Ол кісі дүниеден өткен соң, айтқан ізгі өсиеттерін сағынышпен еске алсам, әкем екеуіміз бір-бірімізді жете түсінуіміз үшін, алдымен жақсы адам кім дегенді айқындап алмаған екенбіз.

Жақсы адам мен айтқандар ма, әрине, жоқ. Жақсы адам статусы мүлдем бөлек. Ғұлама Шәкәрім «Айқап» журналына 1913 жылы «Білімділерден бес сауалдың жауа­бын сұраймын», деп хат жазып еді. Сол бес сауалдың бірінде «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген еді. Ол туралы мен «Шә­­кәрімнің бес сауалы» атты еңбегімде толығырақ жазғанмын («Данышпан Шә­кәрім». Алматы «Атамұра», 2008).

Жақсы адам туралы Есім (Ешмұ­хам­мед) атам да жиі айтып отыратын. Ол кісі дас­тарқан басында тек дастарқан сөзін айтыңдар дейтін. Атамның пікірінше, дас­тарқан сөзі – жақсы сөз. Мен де жақсы сөз сөйлеушілер жақсы адамдар деген тү­­сі­­ніктемін. Ағыл-тегіл мол дастарқан ба­­­сында отырып, несібе, ырысты аттап, ұсақ-түйек әңгімелерге өріс беретініміз қа­лай? Есім атам заманның ауыр кезінде өмір сүр­ді, дастарқан үстінде бауырсақ пен сары май­дан өзге еш нәрсе жоқ, сонда жарық­тық:

– Дастарқан басында жақсы әңгімелер айтыңдар, құт қашпасын, – деп жайраңдап отырушы еді. Бұл, әрине, жаны жомарт, жақсы адамның сөзі.

Жыраулардан қалған аталы сөз:

– Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының. Адамға деген құрмет шөл дала­дағы сусын десек, жақсы адам өзгелерді өзіндей бағалай білген жан емес пе?

Әкем Ғабдыжаппар қандай адамды болсын жан-тәнімен құрмет тұтушы еді. Ме­нің сөзімнің растығына әкемді көрген, біл­ген әрбір адам куәлік бере алады деген се­німдемін. Адамды алалау әкемде мүл­дем жоқ мінез. Ол шуақ мінезді жан болатын.

Әкем дүниеге 1911 жылы келді. Тарих куә, бұл жылдардан бастап адамзат не көрмеді. Жойқын екі әлемдік соғыс болды. 1914 жылғы соғысқа қара жұмысшы болып әкесі Есім барып қайтса, өзі 1939 жылғы Ақ-финдермен, одан әрі «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қан-майданда болып, бір көзінен айырылып, мүгедек бо­лып оралды. Келе колхозда бригадир болды, күннің атысы, таңның батысы көз жұмбай еңбек етті. Елмен бірге шы­нықты, сөйтіп жүріп, бір қолынан еңбек май­данында айы­рылды. Бір көзінен, бір қолынан жарымжан болып жүріп, бе­сеуімізді (Насифолла, мен, Агиони, Сауле, Ғабиболла) өсіріп, ел қа­тарына қосты. Кейінгі 26 жыл бойы Лебяжі селосында имам болып, елді рухани сауықтыру ісінде өлшеусіз қызмет атқарды. Әкемнің Лебяжі селосының имамы болғаны туралы оқиға есімде. Мен ол жылы Семей педагогика институ­ты филология факультетінің екінші курс сту­дентімін. Оқу озатымын, Абай атындағы арнайы стипендияны аламын. Сол көтеріңкі көңілмен ауылға келсем, інім Агиони:

– Ғарифолла, әкемді аудан орталығы­ның ақсақалдары бір ауыздан имам етіп сайлады, – дейді жымыңдап. Менің көңілім су сепкендей болды. Бұл, ұмытпасам, 1967 жыл. Коммунистік идеологияның буы бұрқырап тұрған шақ. «Ғылыми атеизм негіздері» деген жоғарғы оқу орындарында арнайы пән оқылып, студенттер емтихан тапсырады. «Білім» қоғамы бойынша атеистік тәрбие мәселелері деп, дінге қарсы насихат мақсатында жұртшылыққа арнайы, ақылы лекциялар оқылады. Ал әкем болса, жеке басының дінге сенгенін былай қойып, «имам» болып, дінді насихаттайтын қызметке кірген. Менің көңіл күйімді сезген інім:

– Ғарифолла, сен әкемді ренжітіп ал­ма, ол қазір көңілді, – деп мені жағалау­да. Шынында, Агиони інімнің мені алдын ала даярлағаны дұрыс болды, әйтпегенде, әкемнің көңіліне тиер сөз айтып қалар ма едім, кім білсін? Кешкі шайда мен түк білмегендей отырмын. Әкемнің мінезі ашық бүкпесіз жан алдындағы кесесіне бір, маған бір қарап жымыңдап қояды, бірақ сөз жоқ. Үнсіз ұзақ отыруға болмайтынын сезген Бижамал анам:

– Әй, шал, айтсаңшы балаңа жаңалы­ғыңды, – деп қойып қалды.

Анам мінезді, турашыл, керемет сұң­ғыла жан еді. Көп жайды айтқызбай сезіп, біліп отыратын. Анамның осы қасиетін бағалап, Есім атам:

– Келін, қарағым, осы жайды сен қалай тарқатпақсың, – деп кеңеске тартып отыр­ғанының талай куәгері болғаным бар.

Әкем жымиып:

– Балам, ауыл ақсақалдары мені имам етіп сайлады. Кіші атаңның (ол Есімнің туған інісі Әлім молданы айтып отыр) таяғын..., – дей беріп еді, шешем:

– Кіші атамдай болу қайда саған, – деп қағып тастады. Бижамал анамның осын­дайы бар еді. Бұл мәселені жайдары қабылдауға мүмкіндік берді. Мен әкемді аяп кеттім.

– Тәте (біз анамызды тәте дейтінбіз), шы­­нында, Кіші атам әкемді өзіне ізбасар деп жүрмеуші ме еді, дұрыс болған, – дедім.

Осылай деп айтсам да ойланып қал­дым. Ойым әу-баста әкеме өкпе айту еді: «Қо­йыңыз имамдықты деп». Оным болмай қалды, әңгіме өзге тақырыптарға ауы­сып кете бастады, әкем орнынан тұ­рып келіп, маңдайымнан иіскеді, маған бала күннен әбден таныс иіс өне бойымды шымырлатып жіберді, мен де әкемді мейірлене құшақтадым, көз қиығын салсам, анам көзіне жас алып отыр екен.

Сөйтіп, нағыз тоталитарлық, атеистік қоғамда әкем Ғабдыжаппар Лебяжі село­сының имамы болды. Айтпағым, қазақ халқы қаншама социализмге бұрыл­ға­нымен, ислам дінінен айырылған жоқ. Ислам қазақ халқының әдет-ғұрпымен, дәстүрімен біте қайнасып, өзіне өріс тапты. Сол бұрқыраған атеистік заманның өзінде дүниеден қайтқандардың иманы айтылмай, діни дәстүрмен жерленбегені кемде-кем болатын. Халық ислам дінінен алшақтағанымен, ешқашан одан қолын үзбеген. Осы үзілгелі тұрған тұста жіпті-жіпке байлап жалғастырған әкем сияқты ауыл қариялары аз болған жоқ. Солар астың дәмін келтіретін тұз сияқты елдің ынтымақ-бірлігін сақтап отырды десем, артық айтпағаным болар.

Әкем туралы естелік мол, соның ішін­­де ерекше есімде қалғаны, сексенге жақындағанда бір сөзді жиі қайталайтын болды. Басында оған оншама мән бермей жүр едім, кейінірек ойлансам, әсіресе өзі дүниеден өткен соң, ол сөз санаға сабақ болатын ұлағатты мағына екенін түсіне бастадым. Әкем айтатын:

– Өмірімде әкемді бірде-бір рет рен­жітіп көрмедім, – деп. Мұны ол зор мақ­танышпен айтатын. Есім атам 1963 жылы 91 жасында дүниеден озды. Әкелі-балалы екеуінің көрмеген қиындығы жоқ, соның бірін әкем хикая етіп, маған баяндап беріп еді:

«Таң сәріден бәрі жинала бастады. Әкемнің белсенділерден қашып, «ішке» ауғалы жатқанын түсіндім. Үй ішінен төсек-орын, киім кешек, ыдыс-аяқ алынды. Жол­ға әкем, атам, інім – бәрі шықпақшы. Де­мек, бұл жерде тірі жан қалмайды. Мен таңмын. Маған көшу туралы ешкім ләм де­ген жоқ. Менің көшуге тіптен еш дайын­дығым жоқ. Өзгелердің қолында түйіл­ген киім-кешектер. Буынып-түйініп болған жұрт жапа-тармағай тізе бүкті. Атам құран оқыды, сапарға сәттілік тіледі. Ал жүре­міз деген әкемнің сөзі саңқ ете түскенде, бая­ғыдан булығып отырған әйелдер жағы шуылдап, жылап қоя берді. Үлкендер тоқтау айтқанмен, көбі өксіктерін баса алмай еңіреді. Қайтсін, жиған-терген, қора-қопсы бәрі қалып барады. Туған жерден су шыққандай бас ауған жаққа қаңғырып барамыз. «Ішке» барамыз дейді, оның не жер екенін кім білген. Онда бізді кім құшақ жайып қарсы алмақ?

Шешем марқұм өте ұстамды кісі еді, есеңгіреп тұрған маған жақындап келіп, құшырлана сүйді де, қолыма бір түйіршік ұстатты. «Балам, берік бол, сақтан пәле-жаладан. Қайтейін?», деп көзін сүртіп, арбаға бет алды.

Менің аяқ астымдағы ұлпа жер дөң­ге­леніп сала берді. Қалайша сонда, елге пана болмаған мына жұртта мен жал­ғыз қалмақпын ба? Қайтіп қиып таста­мақшы. Жоқ, не көрсем де әке-шешем, іні-қарындастарыммен көрейін. Мен олар­дан қалмаймын деп іштей бекіндім. Қасы­ма атам келді де: «Балам, ақылды бол. Елдегінің өзегі талмайды. Біз басы­мыз­ға іс түсіп, ауып барамыз. Сен елде бол. Баласың, елеусіз жүре бересің. Бізге қиын... Түсін, балам», деп теңселе басып ба­рып арбаға отырды.

Жиылып-терілгенде екі отбасы екі ат арбаға жайғасты. Мен әкемнен көзімді алмаймын, ол мені көрмегенсіп, ананы-мынаны айтып, көшке басшылық жасап жүр. Байқаймын, тіптен қоштасатын түрі жоқ.

Есіме осы көштің алдындағы әкемнің іс­тері түсе бастады. Екі-үш күн әкем мені қасынан тастамай алып жүрді. Серік­­тес болып құрылған көрші ауылға бар­дық. Онда шопан Қоспанмен әкем ұзақ әңгі­мелесті. Ақыры мені шақырып алып, әкем: «Қосеке, баламның түрі мынау, әлі бұғанасы қатпаған, не амал бар, тағдыр жазуына көну керек. Мұны саған тапсырдым. Қасыңда жүріп қой бақсын, көмекшің болады», деді. Қосекең қиналып тұрып: «Япырай-ай, ә! Қиын-ақ жағдай екен. Қазір біреуге-біреудің сенімі кеткен заман ғой», деді. «Басқа амал жоқ Қосеке, не болса да көндім», деп әкем отырған орнынан тұрған.

Менің бұл әңгімеден ұққаным, мал тапсын деген оймен Қоспанға көмекші ретінде қой бағуға бермекші. Оған пәлен­дей наразы емеспін. Жақын жер, барып-келіп тұрамын. Қоспан мінезі жайдары жақсы адам. Бізге аталас туыстығы да бар дейтін атам, сөз Қоспан туралы болса. Қазір серіктестікке енгендердің тұрмысы жаман емес. Қой сүтін сауып ішсең де қайда жатыр. Әйтеуір өзегіңді жалғап, ашықпауға болады. Қоспанның үйінен әкем екеуміз жаяу қайттық, жол бойы әкем мені мейірлене құшып-құшып қояды. Байқаймын, көңілі босап келеді. Ішімнен әкемнің бұл қылығына таңмын. Мені, сірә, бала дейді-ау, әйтпесе, қой баққанның не азабы бар, тәйірі деймін.

Мұндай сұмдық боларын сезбеген едім. Енді бәрі түсінікті болды. Мен Қос­панға көмекші болып, қой бағып қала бе­рем. Ал бүкіл туыс, әке-шешем, бауыр-қарындасым бәрі «ішке» кетіп, мені жұрт­қа тастап, кеткелі жатыр. Өне бойым мұздап қоя берді. Қолымда шешем ұстатқан түйіншек, мен тұрған жерімде тұрмын, ат арбалар қозғалып кетті. Жағ­дайымның не болып бара жатқанына көзім нақтылы жетісімен еңіреп жылап, арба соңынан жүгірдім. Ызадан булығып, әлденені айтып келемін. Жан дәрменіммен соңғы арбаға жетіп, жармастым. Кіші інім қолын созып, көмек беріп, мені арбаға отырғызып алды. Бәрін байқап отырған әкем бірінші арбадан қарғып түсіп, әй-шайға қарамастан, мені отырған жерімнен жұлып алып, екі жағымнан кезек-кезек тартып-тартып жіберді.

Дүние астан-кестен болды, біреулері ара түсті білем, қарындасым жылады бі­лем, әкем: «Тәйт, шуылдамай өңшең...» деп ақырған даусынан жым болды. Таяқ жегенге қарамай, арбаға ұмтылып едім, әкем кеудемнен қатты нұқып ите­ріп жіберді. Құлап түстім. Орнымнан тұрғаным жоқ. Ұзақ-ұзақ жыладым. Әб­ден өксігімді басып, есімді жинағанда, көз ұшында арбалар көрінбеді. Енді оларды қуғанмен ешнәрсе өнбейді. Қасымда жатқан шешем берген түйіншекті алып, кеше барып қайтқан Қоспан шопанның үйіне тарттым. Сол кеткеннен әкемдер екі жылдан кейін оралды. Тек атам қайтпады, сол жақта қайтыс болыпты. Қалғандары дін аман. Бауыр-қарындасым тіптен орысшалап қояды. Көп жылдар өтіп, көңіл жайланғанда әкемнен сұраймын: «Әке, сіздер «ішке» ауғанда мені неге тентіретіп жұртқа тастап кеттіңіз», деп. Әкем ауыр күрсініп: «Балам-ау, біз отызыншы жылдан аман қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Кулак деп мені жұмысқа алмады. Ашы­ға бастадық. Содан ел қатарлы «ішке» көшуді жөн көрдім. Бірақ онда кім бізді күтіп тұр? Діні, тілі бөлек ел. Ойлана келе, сені елге тастауды жөн көрдім. Егер біз ашығып, шетелде опат болсақ, артымызда тұяқ қалсын деген ой еді. Бауырың жас. Сен болсаң ес жиып қалдың», деді.

Әрине, мұндай сөзді ол жаста маған қалай айтып түсіндірсе де, мен ұғам ба? Әкемнің екі жағымды дуылдата тарт­қан шапалағы мен кеудемнен нұқып ите­ріп тастағанын кейін барып түсіндім. Бай­қап отырсам, қаталдықтың өзі ақылдан туған секілді. Өмірде осындай мәні мол қаталдықтар мол болса ғой деп ойлаймын, кейде балаларым мен немерелерімнің қылықтарына қарап».

Иә, сонымен өмірінде әкесін бірде-бір ренжітпегені туралы әңгімеге келсек, бұл айту­ға жеңіл болғанымен, қиын іс. Әкесін бір рет те ренжітпеген баланы тауып көрі­ңіз. Бү­гінде баласына ренжімеген әке тауып кө­ріңіз. Әкені ренжітпеу деген не? Бұл са­уалды мен өзіме қоямын да жауап іздей­мін...

Реніштер болды, бірақ ешқашан әкем­ді налытқан жоқпын. Бұл менің мақ­та­нышым. Әкемді налытып, жүрегін еш­қашан жаралаған, түндерін ұйқысыз қал­­дырған жоқпын. Әкесін налытқаннан әулие шықпайтыны анық. Осы туралы бір әңгіме айтайын.

Иранның Құм қаласында жол түсіп, екі рет болдым. Құм шаһарына арнайы келген қонақтарды апаратын жер әл-Машарри әулие салғызған «Қолжазба қоры». Біздің түсінікте бұл кітапхана кешені. Мұнда қолжазбалар көп, соның бәрін жинаған әл-Машарри әулие. Ол кісі тапқан-таянғанына тек қолжазбалар жинай берген көрінеді. Кейде тамақ та ішпей, біреулер үшін құдайға құлшы­лық жасап, намаз оқып, ораза ұстап, өтеуіне қолжазбалар сатып алып отырған. Қазіргі «Қолжазба қоры» ерекше мекеме, оған кіріп-шығудың өзі бір мәселе. Есіктері банктердің есігіндей қат-қабат. Мұнда қолжазбаларды «сауықтыру», яғни тазалап-өңдеп, алғашқы түпнұсқа қал­­пына келтіріп, кітап қорына қосу ісі өр­кениеттік, ғылыми-технологиялық не­гіз­де жүргізіледі. Бұл мекеменің тікелей иесі – әл-Машарри әулиенің ұрпағы. Әулие дү­­ниеден өтерде: «Мені «Қолжазба қо­ры­ның» кірер табалдырығына жерлең­дер, бі­лім­ іздегендерге табалдырық болып жатайын,­ арманым сол», деп өсиет қалдырыпты.

Өсиеті орындалған әл-Машарри әулие кітапханаға кіреберісте сол жақта жерленген, келгендер оған дұға жасап жатады. Сол әл-Машарри әулиенің өзінің әкесіне деген құрметі туралы естелік сақталған.

Әулиенің бала кезі. Әкесі қара жұмыс­та. Иранда күн ыстық. Түскі асқа келген әкесі шаршап ұйықтап кетеді. Анасы баласына ас даяр болды, әкеңді оят дейді. Сонда әл-Машарри ұйықтап жатқан әкесін қалай оятудың жолын таппай, ақыры әкесінің табанына бетін тосып, бетімен табанын үйкелей бастайды, әкесі оянғанда анасының дәмі даяр болғанын айтады. Осы құрмет әл-Машарриді Иран елінде өте әйгілі әулие қатарына қосты дейді ес­телік айтушылар. Әкені құрметтеу – әулиелік жол дейтінім осы.

Әкем Ғабдыжаппардан сұраймын:

– Қалайша әкеңізді бірде-бір ренжіт­кен жоқсыз, – деп.

Әкем ойланып отырып:

– Бір рет ренжітетін жағдай бол­ды, – деді. Мен әңгіме тыңдауға ниет білдір­дім. Маған ғана айтылған әңгіме болғаны­мен, қаншама мезгіл өтті ғой, жария ете бергеннен әдепсіздік болмас деген ниетпен әкемнің өмірбаянының аяулы бір беттерін жайып салмақпын.

«Соғыста бір көзді беріп, қалған де­нім сау, елге аман-есен оралдым. Ойым, енді отбасын құру. Көңілім кеткен біреу бар. Бір күні астан кейін әкем: «Балам, соғыстан аман келдің, енді отбасын құру керек», деді. Әкем өзім айтайын деп жүрген ойыма дәп түсті, қуанып кеттім. «Иә, иә», дей бердім. Әкем тамағына бір нәрсе қадалғандай екі-үш рет жөтеліп: «Балам, үйленсең, үй болатын адам осында отыр», демесі бар ма? Басым айналып қоя берді. Менің ойым басқа, әкемнің ойы өзге. Үйде отыр дегені жеңгем. Ағам Сәтжан «халық жауы» болып сотталып, түрмеде қайтыс болған, одан екі қыз қалған Қайрима (Қайкен) және Муслима. Үшеуі үйде. Менің халімді сезген әкем: «Балам, мен саған айтқанымды орында дей алмаймын. Соғыстан аман келгеніңе шүкіршілік. Мына екі қыз баланың қамы ғой, маған бұл сөзді айтқызып отырған, әйтпесе...», деп сөзінің аяғын жұтты. «Балам, ойлан, ерік өзіңде», деп әкем орнынан тұрды. Екі-үш күн ой үстіндемін. Көңілім қалаған адамым менен сөз күтуде. Ерік өзіңде деді әкем. Сонда ол қайдағы ерік. Кешегі соғыста көптің бірі болып көз жұмсам ше! Елге аман оралып, әкемнің айтқанын орындамасам кім болғаным. Ойым он сақта. Ақыры, әкемді ренжітпеу керек деген шешімге келдім. Оған оңай емес, үлкен ұлы Сәтжан талантты ақын еді, «халық жауы» атанып түрмеде өлді, кіші баласы Адиятолла соғыстан хабарсыз кетті. Мен, інілерім: Жәлел, Қану бәріміз мүгедек болып оралдық. Ағамнан қалған екі қыз бала жетім. Мен өз басымды ойлағанда кім болмақпын, жоқ, әкемнің айтқанын орындаймын. Шешімімді әкеме айтқанда, ол: «Балам, осындай шешімге келетініңе сеніп едім, енді айтарым, өкінбе, өмірің өкінішті болмайды, мына Бижамал келіннен елге сөз айтар балалар туады. Ақыры қайыр болсын деп бата беріп еді», деп әкем сөзін аяқтап, «Міне, әкем айтқан балалар сендерсіңдер» деп, өзінше бір марқайып қалатын еді, жарықтық. Әкесіне деген құрмет әкемнің әулиелік жолына түсуі деп ойлаймын. Әрине, бәрін біліп, жөн сілтеуші бір Алла!

Әкем қан майданда болды, бірақ соғыс туралы жарытып әңгіме айтпайтын. Менің есімде қалғандары: «Соғыста жүргенде украиндар мен беларусь жігіттері айтатын: «Сендер бақыттысыңдар, отбасыларың аман, соғыстан алыста, біздің отбасымыз да соғыс өртінде», деп. Сонда ішімнен бұған да шүкір деп тәубе ететінмін», дейтін де қоятын. Тағы бірде айтқаны есімде: «Соғыстың алғашқы жылы үш адамға бір винтовка, қолымызда ешнәрсе жоқ, құр айғайлап жүгіріп келеміз, мылтығы бар жараланса не өлсе ғана винтовкаға қол жетеді. Ал немістердің сол кезде үш аяқты мотоциклдермен жүргеніне таң қалатынмын», деуші еді.

* * *

Әкеммен соңғы кездесуімді айтпасқа болмас. 1993 жылдың басында жолым түсіп, әкемнің амандығын білуге Лебяжіге келдім. Шешем қайтыс болған, әкем Агионидің қолында тұрады. Бұрын Лебяжі деп аталатын селоның атын «Аққу» деп өзгертіп қойыпты. Сонша келісті ат емес, «лебяжі» деген орыстың «лебядинный пух» дегенінен шыққан сөз, оның қазақшасы қамқа, яғни село атауы «Қамқалы» болуы керек еді. Үйге түсіп, әкеммен амандық-саулық сұрасқаннан кейін бұрынғы әдетіме басып, бірге өскен достарды аралап кеттім. Мектепте бірге оқыған Ырымбайдың үйінде қонақ болып шай ішіп, әңгіме құрып отыр едім, келінім Нағима телефон шалып:

– Сізді атам шақырып жатыр, – деді.

Үлкен кісі болғанда мұндай шұғыл хабарлардан, әрине, секем аласың. Әлі ет тағамынан дәм татпаған дастарқанды аттау маған ерсілеу көрініп, өзім әкеме телефон шалдым. Трубканы өзі көтерді:

– Әке, жайшылық па, мен әлі үлкен асты ішпеп едім, қонақта Ырымбайдікіндемін, – десем, әкем:

– Балам, сен әлі талай қонақта бола­сың, осындай абыройлы жүрсең, алдыңнан ­талай дастарқан да жайылар, – демесі ­бар ма, бұл менің әкемнің мінезіне тән емес қылық, шошиын дедім.

Ырымбайға асқа қарай алмайты­нымды айтып үйге тарттым. Келсем, әкем түк болмағандай жайдары:

– Ырымбай досың ғой, ренжімес, – деді.

Мен арнайы асқа қарамай келгенім­ді айтсам, әке оған қуанышын білдірді. Байқаймын, бұрынырақ асқа қарамай кеткенді жаратпайтын, шақырғандардың ықылас-ниеті дастарқанында деп отыратын. Бүгін өзгеше. Сөйтсем, інім Агнони мені ертең таңертең жолға шығады депті. Шыны да солай еді.

– Балам, ертемен жол жүресің, қазір алыстасың (Алматыны айтып отыр), енді қайтіп келгенше кім бар, кім жоқ, кәрі қойдың жасындай жасым қалды... – деді ағынан жарылып.

– Әке, ертең жолға шықпаймын, сізбен тағы бір күн бірге боламын, қонақ­қа да бармаймын, – дедім. Әкем балаша қуанды. Келінге шай қойғызды. Екеуден екеу, әңгімеміз таусылар емес. Сөзіміздің түп-төркіні бір жерден шығып, бір арнаға құйылып жатыр. Келесі күні де екеуіміз ұзақ сұхбат жасадық. Бұл күні де кеш жаттық. Таңертең әкемнің ыстық демінен ояндым, ол менің басымда тұр, сірә, құшақтады ма, мейірлене сүйді ме, білмеймін, менің аңғарғаным, бала күнімнен өзім өте ұнататын әкемнің бұрқыраған иісі. Орнымнан тұрып әкемді құшақтадым, әкемнің жалғыз көзінен жас парлап тұр екен. Ертемен жолға әзірлене бастадым. Қоштасып жолға шықтым. Әкем есік алдында қолын бұлғап қала берді, мен мінген жеңіл көлік көзден таса болғанша ізімнен қарап тұрды. Бұл менің әкеммен соңғы кездесуім. Екі айдан кейін әкем Ғабдыжаппар дүниеден озды.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик