Сәтбаев қаласындағы №14 орыс орта мектебінде Кеніш Уәлина есімді ұстаз болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі еді. Осы кісінің табандылығының арқасында білім ордасына кезінде Мұхтар Әуезовтің есімін беру туралы жергілікті шешім шыққан еді. Алайда осы бір игі істің соңы сиырқұйымшақтанып кетті.
Кеніш Уәлина қатардағы көп мұғалімнің бірі емес-ті. Қаны да, жаны да қазақ деп соғатын және сонысын жасырмайтын жан болатын. Білікті маман болғандықтан, айналасына өзі де, сөзі де өтімді келетін. Кейде бір адамның өзі көптің атқара алмай жүрген шаруасын реттеп жіберетіні бар ғой. Кеніш апай да сондай кісі еді. Ол сағатына қатысты сабағын ғана берумен шектелмеді. Мектепте «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымын құрып, соған басшылық етті. Оқушылардан, мұғалімдерден драма үйірмесін ұйымдастырып, қазақ ертегілерін, жазушылардың шығармаларын сахналады. Мұның бәрін Кеніш мұғалім қазақ тілін, ұлттың салт-дәстүрін насихаттау деп білді. 90-жылдары сол мектепте жазушы Мұхтар Әуезовтің мұражайын ұйымдастыруды қолға алды.
Қала іргесіндегі Кеңгір ауылында заңғар жазушының Фаузия есімді немере қарындасы тұратын. Сол кісімен байланыс орнатты. Сөйтіп, мектепте Мұхтар Әуезов музейі ашылды. Мұнда жазушының бірді-екілі киген киімдері, ұстаған заттары, суреттері, кітаптары жинақталды. Бұл қала өміріндегі елеулі оқиға болған еді. Бірақ Кеніш Уәлинаның түпкі мақсаты бұдан да зор болып шықты. Ол «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымы атынан жазушының есімін мектепке беру туралы бастама көтерді. Оның бұл бастамасына сол кездегі мектеп басшысы Вера Югай да зор қолдау танытты. Мұндай ұсынысты қала басшылығы да қуаттады. Сол кездегі мүмкіндік аясында қала әкімі №14 орыс орта мектебіне Мұхтар Әуезовтің есімін беру туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, қазір сол шешімнің нақты қай жылы, қай күні қабылданғанын анықтау мүмкін бола қоймады. Қалалық әкімдікке, қалалық архивке сұрау салып көргенімізбен, оң жауап ала алмадық. Бірақ шамамен 2001-2003 жылдары сондай шешімнің болғанына еш күмән жоқ. Өйткені сол кездері орыс мектебіне қазақ жазушысының есімін беруден тайсалмаған қала әкіміне риза болып жүретініміз есімізде. Ара-тұра жолымыз түскенде мектептің маңдайшасынан «Мұхтар Әуезов атындағы №14 жалпы білім беру мектебі» деген жазуды көргенде көз сүйініп, көңіл қуанып қалатын. Амал не...
Қазір бұл мектеп Мұхтар Әуезовтің есімімен аталмайды. Атақты жазушының есімі мектептен қалайша алынып тасталды? Бұлай болуы мүмкін бе? Елімізде онамастикаға қатысты тәртіп, ережелер өзгеріске түскен сәттердің бірінде мектептерге атау беру туралы шешімді тек Оқу-ағарту министрлігі қабылдайтын болады да, бұл реттегі жергілікті басшылардың бұрынғы қабылдаған шешімдері күшін жояды. Сөйтіп, көптеген мектеп атаусыз қалады. Бірақ олар бұрынғы атауларын сақтап қалу мақсатында жоғарыға қайтадан ұсыныс жасайды. Осы кезде №14 мектеп басшылығы мұндай қадамға бара қоймаған тәрізді. Мектептің бұрынғы директорлары Татьяна Хмилярчук және Гүлнара Бекішевамен хабарласып, сөйлескенде ұққанымыз – осы. Сәтбаев қалалық оқу бөлімінің бұрынғы басшысы Шынар Жанасылова да «Одан бері біршама уақыт өтіп кетті ғой, министрлікке ұсыныс жасалған-жасалмағаны нақты есімде жоқ», дейді.
Тағы бір көңілге қаяу түсіргені Кеніш Уәлина апай бас-көз болып, жүгіріп жүріп жинақтаған, сөйтіп, жоқтан бар жасаған Мұхтар Әуезовтің шағын музейі де мектепте сақталмапты. Барды бағалай білмеушілік деген осы шығар? Кімді кінәларсың бұған?
Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина кеткен қателікті дұрыстаудың жалғыз ғана жолы бар екенін айтты. «Бұл мектеп ұжымына байланысты. Егер олар Мұхтар Әуезовтің есімін сұрап қайтадан ұсыныс жасайтын болса, қолдау табуы мүмкін», дейді ол.
Шынында да, ең дұрысы осылай жасау секілді. Мектепке басқа бір тұлғаның есімін беру туралы ұсыныс болғанға да ұқсайды. Бірақ кезінде берілген атау мектепке қайта оралғаны жөн емес пе? Өйткені кезінде Мұхтар Әуезов мектебінде оқыған, «Біз Мұхтар Әуезов мектебінің түлегіміз» деп жүрген шәкірттер қаншама? Олар да М.Әуезов есімінің мектепке қайта оралуын қаламайды дейсіз бе? Қалайды, әрине.
«Жоғалып кеткен» Мұхтар Әуезов есімі қалаға қайтадан орала ма? Сәтбаев қаласының басшылығы жіберілген қателікті жөндеу бағытында қандай жұмыс жүргізеді? Ендігі бар мәселе міне, осыған ғана тіреліп тұрғаны анық.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы