Өткен аптада Нидерландта парламент сайлауы өтіп, саяси бәсекеде оңшыл бағыттағы «Азаттық партиясы» (PVV) жеңіске жетті. Қызғалдақты елдегі дауыс беру нәтижесі Еуропаны алаңдатты десек, артық айтқандық емес. Өйткені PVV басшысы Герт Уилдерс иммиграцияға, ислам дініне, өз елінің Еуропалық одаққа мүше болуына қарсы.
Кейінгі кезде қарт құрлықта оңшыл және әсіре-оңшыл бағытта партиялар көпшіліктің қолдауын иеленіп келеді. Нидерландтағы ахуал соның жалғасы іспетті. Дегенмен «Азаттық партиясы» сайлауда жеңіске жеткенімен, Г.Уилдерстің премьер-министр креслосына отыра салуы екіталай.
Саяси дода қорытындысы бойынша «Азаттық партиясы» 23,61 пайыз дауыс жинап, Парламентте 37 мандат иеленді. Ал біріккен «Жасылдар партиясы» мен «Жұмысшылар партиясын» халықтың 15,67 пайыз қолдап, заң шығарушы органның 25 орны бұйырды. «Азаттық пен демократия» халықтар партиясы (VVD) 15,22 пайыз дауыспен 24 мандатқа қол жеткізді. «Жаңа әлеуметтік келісім» партиясы 20 өкілін Парламентке үкілеп қоспақшы.
Уилдерстің жеңісі Нидерландты қиын жағдайға қалдырып отыр. Бұған дейін аталған елді центристік көзқарастағы VVD басқарып келген еді. Енді басқа партиялар коалиция құру үшін Уилдерске қосылуға дайын ба? Сарапшылардың пайымдауынша, сайлауда жеңіске жеткенімен, «Азаттық партиясы» көпшілікті құрайтындай коалиция құруына күмәнмен қарайды.
Бұған негіз жетерлік. Г.Уилдерс – Нидерландқа да, шетелге де танымал саясаткерлердің бірі. Оның жалынды сөздері, иммигранттар мен исламға қарсы мәлімдемелері баршаға белгілі. Сырт келбеті мен пікірінің ұқсастығына қарап, оны «голландиялық Трамп» атап кеткен. Сарапшылар осыған байланысты сайлауда PVV-ның жеңуіне сенбеген-ді. Алайда дауыс беру нәтижесі баршаны таңғалдырды.
Исламға қарсы үзілді-кесілді ұстанымы себебінен басқа партиялар Г.Уилдерске қырын қарайды. Ал экстремистер оны басты нысанасы санайтындықтан, ол әрдайым полиция қорғауына жүгінуге мәжбүр. Тіпті 2009 жылы Ұлыбритания үкіметі оның Тұманды Альбионға келуіне тыйым салған-тұғын.
Сайлаудағы жеңісінен кейін Г.Уилдерс жақтастарымен кездесіп, Нидерланд халқын бірінші орынға қоятынын тағы бір мәрте мәлімдеді. Сондай-ақ «иммигрант толқына» жол бермейтінін, тұрғындардың қаражатын қауіпсіздікті сақтауға бөлетінін жеткізді. Бұдан бөлек, басқа партияларға үндеу жариялап, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келгенін атап өтті. Үкіметті жасақтау үшін исламға қарсы көзқарасынан бас тартып, ымыраға келуге дайын екенін тілге тиек етті.
Оның исламға қарсы риторикасы PVV партиясының үкімет бағдарламасында айқын көрініс тапты. Партия мешіттер мен Құранға тыйым салуды, үкіметтік ғимараттарда орамал тағуға тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар Еуропалық одақтан шығу туралы Nexit референдумын өткізуді де мәлімдегені белгілі. Г.Уилдерс шетелдерге көмек көрсетуге де қарсы шығып, «Нидерланд қаражаты Брюссельге, Италияға, Африкаға не басқа мемлекетке кетпеуге тиіс» деп айтқан-ды.
Қазіргі таңда PVV партиясы сайлау қорытындысы бойынша 37 мандат иеленді. Дегенмен үкімет жасақтау үшін көпшілік орынға, яғни 76 мандатқа қол жеткізуі керек. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Сарапшылардың пайымдауынша, саяси додада жеңіске жеткенімен, Г.Уилдерс үкімет басшысы міндетін атқара алмауы мүмкін екенін алға тартады.
Қазіргі премьер-министр Рютте отставкаға кететінін жариялағаннан кейін, оның «Азаттық және демократия» халықтық партиясын шыққан тегі түрік Дилан Йешилгөз-Зегреус басқарды. Сайлау алдындағы соңғы сауалдамада оның партиясы 18 пайыз дауыспен бірінші орында тұрған. Іс жүзінде «Азаттық және демократия» небәрі 24 депутатпен үшінші орынға табан тіреді.
Дода алдында Йешилгөз-Зегреус «Азаттық партиясымен» тізе қосып жұмыс істеуге дайын екенін білдірген. Бірақ Г.Уилдерстің қарамағында емес, оны өзінің коалициясына қосуды көздегені анық. Дауыс беру нәтижесі белгілі болған соң, Йешилгөз-Зегреус ханым пікірін өзгертіп, басында коалиция мәселесінде асықпайтынын білдірді. Мұны әріптестерімен ақылдаса отырып шешетінін жеткізген. Кейіннен мұндай коалицияға қосылмайтынын ашық айтты.
Қазіргі таңда «Азаттық партиясын» жақтайтын екі ұйым парламентке енді. Яғни «Фермерлер мен азаматтар қозғалысының» жеті, әсіре-оңшыл «Христиан одағының» үш мандатын қосуына мүмкіндік мол. Бірақ бәрін қосқанда 47 дауыс депутаттардың көпшілігін құрамайтыны түсінікті.
Еуропалық одақтың бұрынғы комиссары Франс Тиммерманс басқаратын «Солшыл альянс» парламентте 25 орын иеленіп, сайлауда екінші орынға табан тіреді. Әйтсе де, Г.Уилдерс пен аталған партиясының жұлдызы қарсы. Сайлауға дейін-ақ солшылдар «Азаттық партиясымен» келісімге мүлдем келмейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ Нидерланд демократиясы мен заң үстемдігін қорғауды жалғастыра беретінін, оны қамтамасыз ету жолында күресетінін хабарлады. Солшылдар шыққан тегіне қарамастан елдің бүкіл тұрғынын тең деп есептейді.
Енді Г.Уилдерстің жалғыз мүмкіндігі қалып отыр. Сайлауда Питер Омзигт басқаратын жаңадан құрылған «Жаңа әлеуметтік келісім» партиясы 20 мандатпен төртінші орынға тұрақтаған. Демек, коалиция құруға әбден болады. П.Омзигт саяси дода алдында Г.Уилдерспен бірлесіп жұмыс істемейтінін жеткізген. Алайда дауыс беру қорытындысы шыққаннан соң, келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
Саясаттанушы Том ван дер Меердің пайымдауынша, Нидерланд үлкен өзгерістің алдында отыр. Ол Г.Уилдерстің жеңісін үш мәселенің басын ашып көрсеткенін алға тартады. Біріншіден, центристік бағыттағы үкімет 11 жыл бойы ел басқарды. Бұған жауап ретінде сайлаушылар бір бағытты таңдауға көшкен.
«Екіншіден, көші-қон қоғамда қызу талқыланды. Осы мәселеге келгенде халық PVV жағына шығып кетті. Үшіншіден, VVD жетекшісі Йешилгөз коалиция серіктесі ретінде «Азаттық партиясын» таңдаған. Бұған дейін ел халқы үкіметті басқара алатын, VVD-ге қарағанда ашық партия іздеп жүрген еді. Енді, оларға мүмкіндік берілгенде, тұрғындар оңай қолдап шыға келді», дейді Т.Меер.
Нидерландтағы сайлау нәтижесі басқа партияларды ғана емес, Еуропалық одақты да алаңдатып отыр. Өйткені «Азаттық партиясы» бұған дейін қарт құрлықтан шығуды қолдайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ жер-жаһанды алаңдатқан жаһандық жылынуға қатысты кереғар пікір білдірген-тұғын.
Партия сайлауалды бағдарламасында мұны анық аңғартты. «Климат әрдайым өзгеріп отырады. Ахуал қиындаса, соған бейімделеміз. Қажет болса, жағалауға бөгет саламыз. Көмірқышқыл газы шығарылымын азайтуға қатысты дау-дамайды тоқтату қажет», деген сыңайдағы пікір білдірді.
Сондай-ақ PVV елдегі қоршаған ортаға қатысты «Климат туралы» заңның күшін жоюды көздейді. Париж келісімінен де бас тартқысы келеді. «Климат туралы заң, [жаһандық] климаттық келісім және басқа да климаттық шаралар жоққа шығарылады», делінген партия манифестінде.
Бұдан бөлек, атом электр стансаларын көптеп салуды жақтайды. Бірақ жел энергиясы мен ауқымды күн панельдеріне қарсы. Көмір және газ электр стансаларын ашық қалдырып, Солтүстік теңізде мұнай мен газ өндіруді күшейтуді мақсат еткен.
Бұған дейін Нидерланд Еуропалық одақтағы климаттың өзгеруіне қарсы күресті жақтайтын мемлекеттің бірі саналатын. Енді «Азаттық партиясы» билікке келген соң, аталған елдің ұстанымы өзгеруі бек мүмкін. Демек, Брюссельдегі шенеуніктерді мазалайтын тағы бір бас ауруы пайда болды.
Негізі, қызғалдақты елде үкімет жасақтауға, коалиция құруға партияларға бір айға мұрсат беріледі. Дегенмен осы мерзім ішінде шаруа шешіледі деп айту қиын. Мәселен, соңғы рет Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетін жасақтауға 299 күн кеткен-тұғын. Ендеше, партиялар өзара келіссөздер жүргізіп, кім қандай лауазым атқаратынын келісемін дегенше біраз уақыт өтетіні айтпаса да түсінікті.
Нидерланд – Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнады. Қазіргі таңда өзара тауар айналымы артып келеді. Мәселен, экономикалық-сауда байланыс 2021 жылы 4,2 млрд долларды құраса, 2022 жылы 5,7 млрд долларға көбейді. Қазақстанға тікелей инвестиция салу жөнінен Нидерланд көш бастап тұр. Бүгінге дейін қызғалдақты елдің өрендері Ұлы далаға 110 миллиард доллардан аса қаражат құйған.