• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Құқық 27 Қараша, 2023

Мақсат – Қылмыстық кодексті жетілдіру

141 рет
көрсетілді

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қаржы мониторингі агенттігінде көшпелі отырыс өткізді. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды бұдан былай қылмыстан тыс деп тану талқылаудың негізгі мәселесі болды.

Комитет төрағасы Нұрлан Бек­­назаров кездесуді аша келіп, Пре­зиденттің халыққа Жолдауында елімізде қолайлы кәсіпкерлік ахуал қалыптастыру және билік пен бизнес арасында сындарлы диалог өріс­тетудің маңыздылығын атап өткенін еске салды.

«Біздің мемлекет экономикалық қылмыстарға қатысты қылмыстық сая­сатты ізгілендіру үдерісін, сондай-ақ оларды қылмыстан арылту мәселесін дәйекті түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, санкцияларды жеңілдету арқылы сол қылмыстарға айыппұл санкция­сын қолдануды кеңейту, қоғамдық және түзеу жұмыстарына тарту мен бас бостандығын шектеу түріндегі бас бостандығынан айыруға балама жазалар белгілеу, әкімшілік жауапкершілік саласына ауырлығы аз бірқатар қылмыстарды аудару не қылмыстық жауаптылықты алып тастау жөнінде Қылмыстық кодекс­ке тиісті түзетулер енгізілді», деді Н.Бекназаров.

Іс-шара барысында Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова мүдделі органдардың қыл­мыстан арылту мүмкіндігін қарастыратын нормаларға жүргізген талдауы туралы айтты. Ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган іс жүзінде аз қолданылатын және сирек болуына байланысты қылмыстық заңнаманың кейбір нормаларын алып тастауды ұсынатынын атап өтті. Сонымен қатар отырысқа Қаржы мониторингі агенттігінің, Бас прокуратураның және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Сенатор Н.Бекназаров іс-шара соңында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және кәсіпкерлердің қорғалу деңгейін арттыру мақсатында Парламент пен мүдделі мемлекеттік органдар­дың алдында экономикалық қызмет саласындағы бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықты қылмыстан тыс деп тану туралы Қылмыстық кодексті одан әрі жетілдіруге бағытталған заңнамалық нормаларды әзірлеу міндеті тұрғанын атап өтті.