Осыдан бір жыл бұрын 20 қарашада елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысы бір мерзімді жеті жылға сайланды. Ендеше, жауапты кезеңнің алғашқы жылы қалай өтті? Қандай жұмыстар атқарылды?
Тағдыршешті кезең
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында сол жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған еді.
«Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», деген еді Президент.
Қ.Тоқаевтың ұсынысымен Президент өкілеттігі мерзімінің саны және ұзақтығы қайта қаралды. Осылайша, Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынды. Осылайша, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң қабылданды.
Кезектен тыс сайлау 2022 жылғы 20 қараша күні өтті. Бүкіл елде 10 033 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Шетелдегі Қазақстан елшіліктері жанынан 68 учаске ашылды. Нақтыланған электорат тізіміне сай жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Сайлауға 8 млн 300 мың 46 адам немесе 69,44 пайызы адам қатысты.
Дауыс беру нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайызы қолдау білдірді. Жигули Дайрабаевқа – 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге – 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілді. Бюллетеньге алғаш рет «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілген. Мұны додаға атсалысқандардың 460 484-і немесе 5,8 пайызы таңдапты.
Ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтті. Енді «Тоғызыншы территория» үшін жауапты кезеңге айналған Президент сайлауынан кейінгі бір жылда атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Осы мерзім ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсарту жолында атқарылған жұмыс жетерлік. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында саяси жаңғыру жалғаса беретінін атап өтті.
«Жаңа саяси модельде үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, мүлік иелері бірлестігі мен кәсіподақтар сынды азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады. Ауыл және аудан әкімін, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау – осының бәрі азаматтың мемлекеттік негізгі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етеді», деген еді Қ.Тоқаев.
Өздеріңізге мәлім, биыл елімізде облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау қанатқақты режімде өтті. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті. 1 553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 62,79 пайызды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды.
Ел тағдырына ықпал еткен келесі оқиға – биыл наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы. Парламент депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Нәтижесінде, өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды десек, қателеспейміз. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарды. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды. Бұл сайлаудың қызу өткенін мынадан-ақ байқай аламыз. Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуда 609 кандидат өтініш білдірген. Соның 79-ы елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия атынан додаға түсті. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер тарапынан 5 үміткер ұсынылды. Ең қызығы һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бойынша сынға түсетін үміткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін-өзі ұсынған-ды. Бұл – бір мандатты округ бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайызы. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, саяси бәсекенің қызу жүріп жатқанын көрсетеді. Дауыс беру қорытындысы бойынша төменгі Мәжіліске алты партия өтті.
Өскелең ұрпаққа қамқорлық
Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғау саласына да ерекше ден қойылатынын атап өтті. Осы мақсатта 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін баланың жинақтаушы шотына аудара отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жалпыхалықтық бастамасының іске қосылатынын мәлімдеген еді.
Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.
Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді көздейді.
ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров «Ұлттық қор – балаларға» жобасын әлеуметтік қолдау жүйесінің шыңы деп есептейді.
«Заңға сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызы енді ресми түрде олар 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Кәмелетке толғаннан кейін оларды тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу үшін пайдалана алады. Балалардың шоттарына алғашқы есептеулерді 2024 жылдың 1 ақпанында жүзеге асыру жоспарланған, ал қаражат доллармен сақталып, 18 жасқа толғаннан кейін теңгемен беріледі», дейді Е.Тоқтаров.
Әлеуметтік ғалымдар докторы, саясаттанушы Ләззат Нұрқатова да бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, Президенттің ауқымды, жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңінен өттік.
«Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы 7 жылға бір мерзімге сайланады. Бұл норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналған және оны қайта қарауға тыйым салынған. Сондықтан бағдарлама нұсқауларының орындалуын «кейінге» қалдыруға ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар 2021 жылы-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік саясатының жалпы ережелері мен білім беру мүмкіндіктерінің алшақтығын азайтуға, атаулы әлеуметтік көмекті дамытуға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен зейнетақы жүйесін жетілдіруге баса назар аударған болатын», дейді Л.Нұрқатова.
Л.Нұрқатованың пайымдауынша, Президенттік реформалар бағдарламасы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын тұрақты жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ тұрақты қоғам қалыптастырып, халықтың еңбекке араласуын нығайтуға арналған.
«Әрбір адамның әл-ауқаты оның әділетті, күшті және гүлденген Қазақстанға айналу үдерісіне қосқан жеке үлесіне байланысты. Сондықтан елімізде әлеуметтік салауатты қоғам құруға атсалысу маңызды. Халықтың осал топтарының өмір сүру сапасы мен азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуі қоғам мен мемлекеттің жауапкершілігінде», дейді сарапшы.
Саяси құрылым күшейді
Еліміздің саяси құрылымында да ауқымды өзгерістер жасалды. Мемлекет басшысы саяси қайта құру биліктің барлық тармағының оңтайлы теңгерімі сақталған тұрақты мемлекет базасын қалыптастыруға бағытталатын атап өтті.
«Конституциялық реформа Қазақстанның жаңа саяси моделінің саяси-құқықтық негізін қалады. Еліміздің саяси жаңғыруы – кері қайтпайтын үдеріс. Біздің стратегиялық мақсатымыз – халық пен биліктің ұйысқан түрдегі ұстанымы бойынша шешім шығаратын әділетті мемлекет құру. Бір рет жеті жылдық мерзімге сайланатын Президент барлық қоғамдық-саяси күштен бірдей арақашықтық сақтайды. Конституциялық сот азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтаудың сенімді кепілі болады», деді Қ.Тоқаев.
Осы орайда Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамның бірі Конституциялық соттың құрылуы деп толық сеніммен айта аламыз. Былтыр бірқатар Конституциялық заң қабылданды. Соған сәйкес Конституциялық сотты құрудың тәртібі бекітілді. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Келесі маңызды құжат – «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.
Осы орайда кейінгі бірнеше жылда адам құқықтарын сақтауға ерекше мән берілгенін атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Қазақстанның бұл қадамын халықаралық қоғамдастық ыстық ықыласпен қабылдады. «Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.
Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелді. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалып, прокурорлар құзыреттері бекітілді. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген. Маңызды шешімнің бірі – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңның қабылдануы. Құжатта омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі нақтыланып, Конституциялық заң деңгейінде бекітілді.
Бұдан бөлек, «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасалды. Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылды. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдері қысқартылды. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаумен айналысқан адамдар рақымшылыққа іліккен жоқ.
Заңсыз иемденген активтерді қайтару жөнінде де ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес былтырдан бері мемлекетке 856 млрд теңге заңсыз актив қайтарылды. Әлемдік сарапшылардың болжамына сүйенсек, Қазақстаннан 300 млрд доллардан аса активтер шетел асқан. Демек, алда ауқымды шаруа күтіп тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген-ді. Осыған байланысты «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде игерілмей бос жатқан 8 миллион гектар жер қайтарылды.
«Жер ресурстарын басқару комитеті 2022 жылы 5 мыңға жуық субъектіге тексеріс жүргізді. Жер кодексінің бұрынғы редакциясы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екі жылдың ішінде игерілмесе, пайдаланылмаса, мемлекеттік меншікке қайтарылатын, сотқа талап-арыз берілетін. Қазір бұл мерзім 1 жылға азайтылды. Кейбір жер иесі бойынша процесуалды мерзім өтпеген. 5-6 жылға жалға берілген жерлердің мерзімдері енді аяқталып жатыр. Егер олар жерді игермесе, жалға алу шарты жаңа мерзімге ұзартылмайды. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру-игермеудің мәселесі заң аясында қарастырылып, жауапкершілік күшейтілді. Бас прокуратура мен Жер ресурстарын басқару комитетінің өзара үйлестіру жұмысы жолға қойылды. Ендеше, түпкі нәтиже әлі алда», дейді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көтерілген бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс саябыр тартпасы анық.