Қазақ елінің қалыптасып, бүгінгі өркениет баспалдағына көтерілуіне қара алтынның тигізген үлесі зор. Бұл ретте ширек ғасырдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан Солтүстік Каспий жобасының орны бөлек. Бүгін біз сол айтулы жобаның басы-қасында болған, Қашаған кен орнын алғашқы ашушылардың бірі, әр жылдарда жеке мұнай-газ компанияларын басқарған және елімізде алғаш рет құрылған «Қазақстандық мұнайшылар мен геологтер қоғамы» бірлестігінің президенті лауазымын атқарған, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықовты әңгімеге тартқан едік.
– Балтабек Мұқанұлы, сіз Солтүстік Каспий жобасының бастауында болдыңыз, оның қалыптасуына белсенді қатыстыңыз. Бұл жобаның еліміз үшін маңызы туралы айтып беріңізші.
– Мен Солтүстік Каспий жобасының негізін қалаушылардың бірі ретінде оған тікелей қатысым бар және оның болашағын әлі мұқият қадағалап келемін. Ең бірінші, Солтүстік Каспий жобасы еліміздегі теңіз мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша алғашқы ірі жоба екенін айтуымыз керек. 1992 жылдың желтоқсанында Қазақстан Үкіметі Каспий теңізінің бізге тиесілі бөлігіндегі қорларды бағалау және игеру жөніндегі шешімін жариялады. Оны жүзеге асыру үшін 1993 жылғы 13 ақпанда теңіз операцияларын жүргізетін алғашқы мемлекеттік мұнай-газ компаниясы – «Қазақстанкаспийшельф» құрылды. Ал 1993 жылғы 9 маусымда Министрлер Кабинетінің қаулысымен Каспий теңізінің бізге тиесілі бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасының І кезеңі бекітіліп, кейін 1993 жылғы 3 желтоқсанда «Қазақстанкаспийшельф» халықаралық консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды. Осы консорциум мүшелері ретінде «Бритиш Газ» (Ұлыбритания), «Бритиш Петролеум» (Ұлыбритания), «Статойл» (Норвегия), «Мобил» (АҚШ), «Шелл», Ұлыбритания-Нидерланд), «Тоталь» (Франция) халықаралық мұнай компаниялары кірді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін Халықаралық консорциум кемелердің, техниканың, жабдықтардың, өтпелі және тайыз су аймақтарының екі теңіз партиялары бойынша аппаратуралардың толық жинағын, Атыраудағы жағалық базаны және геологиялық-геофизикалық деректерді өңдеу мен интерпретациялау заманауи орталықтарды мемлекет меншігіне тегін берді. Осы табыс етілген базалар, жабдықтар, теңіз кемелері және т.б. негізінде Қазақстанда алғаш рет екі жергілікті сервистік компания – теңіздегі сейсмикалық жұмыстар бойынша «ҚазГеоШельф» және халықаралық стандарттар бойынша геологиялық-геофизикалық деректерді өңдеу және интерпретациялау бойынша «ҚазСейсмоШельф» компаниялары құрылды.
Басталған жұмыстар біз үшін де, шетелдік серіктестер үшін де тың әрі болашағы бұлыңғыр болды. Өйткені еліміздің теңіз мұнай өнеркәсібі ол кезде енді ғана қалыптаса бастаған, ал шетелдік мамандар үшін Солтүстік Каспий картадағы экологиялық ахуалы нәзік және суы таяз жаңа орын еді.
1994-1996 жылдары Каспий теңізінің бізге тиесілі бөлігі бойынша ауданы 100 мың шаршы шақырым алаңның үш (өтпелі, суы таяз және терең) аймағында әлемдегі ең заманауи және озық барлау технологиясы бар еді. Тәуелсіз үш теңіз партиясын пайдалана отырып, 26 180 шақырымдық сейсмикалық профильдер бойынша мәліметтер алынды және олар өңделді. Ол кезде теңіздегі сейсмикалық барлау жұмыстарының мұндай көлемі әлемдегі ең ірі жоба болған және өңдеу желісі теңіздің солтүстік және оңтүстік бөлігінің 4х4 шақырымға дейін қамтыған.
Сондай-ақ халықаралық консорциум орындалып жатқан жұмыстардың Каспий теңізі экологиясына әсер етуіне қатысты үздіксіз мониторинг жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеулер бойынша Каспий теңізінің бірегей экологиялық ахуалының картасы әзірленді, менеджмент жүйесі енгізілді және қауіпсіздік техникасы бойынша ішкі аудиттер жүргізілді.
Осы жұмыстарды жүргізу барысында алғаш рет зерделену дәрежесі, өлшемдері және дамыту келешегі бойынша бір-біріне ұқсамайтын «Қашаған» алып құрылымы және «Қайраң», «Ақтоты», «Қаламқас-теңіз», «Ракушечное море», «Нұрсұлтан», «Дархан», «Құрманғазы» сияқты басқа да ірі құрылымдар, барлығы 200-ден аса оқшау құрылым анықталды. Олардың әрқайсысының мұнай қоры шамамен 100 млн тоннаға тең еді. Осы 10-ға жуық кен орнының барлығы да алғаш бұрғыланған іздеу ұңғымаларымен ашылып, оларды бұрғылаудың 100%-ға сәтті болғанын растады. Мысалы, сол жылдары әлемде бұрғылау бойынша 30% ғана сәтті болған. Ал қазақ жерін шимен шұқысаң, қара алтын ақтарылып жатты.
2004 жылы «Болашақ» мұнай-газ кешенін дайындау қондырғысы құрылысының басталуы, 2006 жылғы шілдеде D аралында екі заманауи және озық теңіз қондырғысын пайдалана отырып бұрғылау жұмыстарына кірісу жоба тарихының жарқын істеріне айналды. Теңіз және құрлық кешендеріндегі ең ауқымды құрылыс пен монтаждау жұмыстары 2006-2010 жылдар аралығында жүргізілді. Дәл осы кезде жобада бір мезгілде 40 мыңнан аса адам жұмыс істеді.
– Ал Қашаған кен орнын игеру де ел үшін елеулі оқиға екені рас. Оның алғашқы және қазіргі ахуалы туралы айта кетсеңіз?
– Жоғарыда айтқандай, осыдан отыз жыл бұрын, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Солтүстік Каспийдің елімізге тиесілі бөлігінде мұнай өндірсек деген арман пайда болады. Жобаның бастапқы кезеңдерінде тарихта тұңғыш рет және барынша ауқымды теңіз кен орны – Қашағанды барлау және үйлестіру жұмыстарына қатысқан адамдар Солтүстік Каспийдің экологиялық және логистикалық ерекшеліктеріне байланысты орасан зор қиындықтарға тап келді. Сол мамандардың ерен еңбектерінің арқасында ел тарихында алғашқы теңіз аралдары пайда болды. 40 пайдалану ұңғымасы бар А аралы, D аралы және EPC-2, 3, 4 аралдары еді. D аралы Қашаған кен орнындағы алғашқы технологиялық өндіріс кешені болды, бұл жерде шикі мұнай өндіру және қышқыл газын жерастына кері айдау жұмыстары жүзеге асырылды.
2008 жылы Қашаған кен орнын игеру үшін Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар арасында шарт жасалып, сол шартқа сай North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберіндегі жұмыстардың операторы болып тағайындалды. Бүгінде операциялық компанияға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (16,88 %), италиялық «Eni», франциялық «Total», америкалық «ExxonMobil», ағылшын-голланд «Royal Dutch Shell» компаниялары (қатысу үлестері 16,81%-дан), қытайлық «CNPC» компаниясы (8,33 %), жапондық «Inpex» компаниясы (7,56 %) кіреді. Осылайша, Қазақстан мен әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларынан тұратын Консорциум ынтымақтастықтың құқықтық негізін келісіліп, оның шеңберінде тәуелсіз жас мемлекеттің тарихындағы ең ірі жобаны тікелей шетелдік инвестициялар тарта отырып жүзеге асыру басталды.
2016 жылы еліміздің тарихында тұңғыш рет Қашаған теңіз кен орнында мұнайды коммерциялық өндіру басталды. Мұнайдың алғашқы миллион тоннасы 2017 жылдың басында экспортқа жөнелтілді және жыл ортасына қарай қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, мұнай өндіру деңгейі іс жүзінде тәулігіне 200 мың баррельден аса шамаға жеткізілді. 500 миллион баррель мұнайға тең өндірістік межеге 2021 жылғы қыркүйекте қол жеткізілді. Қазақстанның дамуы үшін маңызы өте зор осы бір ғаламат және бірегей жобаның қысқаша тарихи анықтамасы осындай.
«Болашақ» мұнай-газды кешенді дайындау қондырғысының (МГКДҚ) құрылысы да осындай айтулы оқиға болды. Бұл қондырғыға түрлі елдерден Қашаған мұнайына арналған жабдықтар жеткізілді. Қазіргі кезде ондағы күкіртті мұнай мен күкіртті газ дайындау үш параллель технологиялық мұнай желісінде және екі параллель технологиялық газ желісінде жүзеге асырылып жатыр.
– Тағы бір маңызды нысан Маңғыстау облысындағы Баутин базасы ғой?
– Ол – Қашаған кен орнының теңіз операцияларына қолдау көрсетуді, теңіз кемелерінің жұмыстарын үйлестіруді, материалдар, жабдықтар және отын жеткізу мен сақтауды қамтамасыз ететін негізгі логистикалық қолдау базасы. Оның үстіне Баутин базасының негізгі қызметінің біріне Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберінде теңіз кешеніндегі өндірістік операциялардың бүкіл аумағында апаттық жағдай орын алған кезде мұнай қалдықтарын жою да кіретін еді.
– Қарапайым тілмен айтқанда, аталған алпауыт мұнай компаниялары сол кен шыққан өңірдің экономикалық өсуіне қандай ықпал етті? Соның өтеуі ретінде не бере алды?
– Мемлекеттік деңгейдегі экономикалық және кәсіптік мәселелерді шеше отырып, Батыс Қазақстан тұрғындарына демеушілік көмек көрсетілді. Инфляция және тапшылық етек жайған қиын кездерде Консорциум Атырау облыстық ауруханасына демеушілік жасап, оған қазіргі уақытқа дейін көптеген адам өмірін сақтап қалған қымбат тұратын «Жасанды бүйрек» аппаратын сатып алып берді. Атырау мен Ақтауда компанияның демеушілік көмегімен басқа да бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызылды. Оның бәрі қазірге дейін халықтың қажетіне жарап отыр.
Жұмыстар орындалып жатқан кезде 200-ден аса отандық маман Батыс мұнай компанияларының шетелдегі кеңселерінде теңіз геофизикалық мамандықтар бойынша кәсіптік дайындықтан өтті. Теңіздегі геологиялық барлау жұмыстарын өз бетімен жүргізу үшін теңіз инфрақұрылымы құрылды.
Қазақстанға табыс етілген екі озық теңіз партиялары: өңдеу және интерпретациялау кешендері, оқудан өткен жергілікті персонал алдағы уақытта Арал теңізінің қазақстандық секторында және Батыс Қазақстанның басқа да өтуге қиын және батпақты аймақтарында теңіз сейсмикалық барлау жұмыстарын сәтті әрі халықаралық жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік берді.
Халықаралық консорциумның жұмыстары аяқталғаннан кейін барлау жұмыстарының екінші кезеңі жалғастырылды, соның ішінде анықталған мәні зор құрылымдарда іздеу ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісім 1997 жылғы қарашада Вашингтон қаласында Қазақстан мен ОКИОК халықаралық консорциумы арасында болды. Келісім Қазақстанның тұңғыш Президенті мен АҚШ және халықаралық мұнай компаниялары басшыларының қатысуымен жасалды. 1998 жылдан бастап «Қашаған», «Қайраң», «Ақтоты», «Қаламқас-теңіз» және т.б. құрылымдарында іздеу ұңғымаларын бұрғылау арқылы көмірсутегілерді барлау жұмысы басталды.
Бұрғылануы 2000 жылғы маусымда аяқталған бірінші Шығыс Қашаған-1 іздеу-барлау ұңғымасы Қашаған кен орнын алғаш ашушы болды, оның тәуліктік дебиті 600 м³ мұнай және 200 мың м³ газ болды. Әлемдегі алып Қашаған кен орнының ашылғаны туралы 2000 жылғы жазда жарияланды. Екінші ұңғыма 2001 жылғы мамырда Қашаған құрылымының батыс бөлігінде бұрғыланды, ол Шығыс Қашаған-1 ұңғымасынан 40 км қашықтықта орналасты. Оның тәуліктік дебиті 540 м3 мұнай мен 215 мың м³ газға тең болды. Қашаған алып мұнай-газ кен орны Атырау қаласынан 80 км қашықтықта орналасқан. Ауданы 820 шаршы км-ге тең, мұнай-газ қабаттарының тереңдігі – 4 210-4 570 метр, ал теңіздің тереңдігі – 4-6 м, Қашаған кен орнының дәлелденген мұнай қоры 4,7 млрд тоннадан асады, ал газ қоры 3 трлн текше метрден көп. Бұл кен орны – әлемдегі соңғы 40 жыл ішінде ашылған ең ірі кен орындарының және теңіздегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі.
Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шеңберінде NCOC компаниясы жыл сайын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына бюджет бөледі. 2022 жылы осы бюджет 21,7 млн долларды құрады. 1998-2022 жылдар аралығында 226 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт нысандарын салу, сонымен қатар жолдар, электр желілері, су құбырлары сияқты инженерлік қамсыздандыру жүйелері мен жергілікті халыққа пайда тигізетін басқа да инфрақұрылымдық нысандарды салуға арналған қаражат Солтүстік Каспий жобасы шеңберіндегі негізгі қызмет жүргізіліп жатқан Атырау және Маңғыстау облыстары арасында тең бөлінеді.
Қазіргі уақытта NCOC компаниясы осы қиындықтардың барлығына қарамастан Қазақстандағы жетекші мұнай өндіруші компаниялардың бірі болып отыр. Алайда NCOC тек мұнай өндіруші компания ғана емес, сонымен бірге оның мыңдаған қызметкерін атап өткен дұрыс. Осы жетістіктердің барлығы бүкіл елдің мақтанышы болған білікті және білімді қызметкерлерсіз мүмкін болмас еді. Жоба басталған кезден компания қызметкерлерінің оқуына және кәсіби өсуіне қаржы бөлінді. Сонау 2002 жылдың өзінде компания жоғары оқу орындарының түлектерін халықаралық жобалар шеңберінде теориялық және практикалық жағынан оқытып, кейін компанияның болашақ өндірістік операцияларын орындау үшін жұмысқа орналастыруға бағытталған «арнайы жобалар» шеңберіндегі бірегей оқыту бағдарламасын іске қосты. Персоналға инвестициялау арқасында жоба жүзеге асырылып жатқан 30 жыл ішінде күрделі теңіз кен орындарын игеру және теңіздегі операцияларды қамтамасыз ету саласында терең білімі мен білігі бар қазақстандық мұнайшылар тобы өсіп жетілді, бұл жобаның басты жетістіктерінің бірі осы болды.
– Осы әлемдік деңгейдегі бірегей жобада жұмыс істеп жатқан бүгінгі ұжым мен келешек ұжымға қандай тілек айтасыз?
– Биылғы 1 қыркүйекте Атырауда NCOC компаниясы мен Қазақстандық мұнайшылар-геологтер қоғамы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз операцияларының басталуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырған халықаралық конференция өтті. Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған осы іс-шараға министрліктің және шетелдік компаниялардың өкілдері, сонымен қатар ардагер мұнайшылар қатысты. Осы конференцияда теңіздегі операцияларының басталғаны және жүзеге асырылып жатқаны туралы және алдағы жоспарлар мен Қашаған кен орнын пайдаланудағы қиындықтар және т. б. туралы көптеген баяндама тыңдалды. Атап айтқанда, Қашаған кен орны Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі пайдалану тұрғысынан алғанда ең күрделі кен орны екені аталып өтті. Қиындықтар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, инженерлік, логистикалық және экологиялық проблемаларды шешуге байланысты және осы жобаны әлемдегі ең ірі және күрделі өнеркәсіптік жобалардың қатарына қосып отыр. Қазіргі кезде жоба алдында Каспий теңізінің тайыздауына байланысты жаңа мәселелер туындап отыр. Оның үстіне Қашаған кен орнының мұнайы парафинді болса да, оның құрамында 15% деңгейіндегі жоғары мөлшерде күкіртсутегі және 4% деңгейінде көмірқышқыл газ бар. Солтүстік Каспийде судың тайыздығына және қыстың қатты суық болуына байланысты теңіз түбіне орнатылатын темірбетон құралымдары немесе өздігінен көтерілетін платформалар секілді дәстүрлі бұрғылау және мұнай өндіру технологияларын пайдалану мүмкін емес. Қыстың суық жағдайларынан және сең жүруден қорғау үшін теңіз нысандары жасанды аралдарда орнатылады, бұл – персоналсыз жұмыс істейтін шағын бұрғылау аралдары және персонал қызмет көрсететін үлкен технологиялық кешендері бар аралдар.
Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов жақында Астана қаласында Каспий теңізінің қазақстандық қайраңын игеру жұмыстарының басталғанына 30 жыл толуына орай өткізілген салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп: «Барлау мақсатындағы бұрғылаудың басты нәтижесі Қашаған кен орнының коммерциялық ашылымы туралы хабарлау болды. Оның бірегейлігі – мұнай мен газ қорларының орасан зор болуы, алайда ол игеру жағынан алғанда күрделі кен орны», деп ерекше атап өтті. Ол сонымен бірге Қашаған кен орнында қазіргі кезде шамамен 90 млн тонна мұнай және 55 млрд текше метр газ өндірілгенін, сарапшылардың бағалауы бойынша келешекте Қашағанның өндірістік әлеуеті тәулігіне 1,6 млн баррель мұнай өндіруге жете алатынын, ал бұл жылына шамамен 75 млн тоннаға тең екенін хабарлады. Жобаға 60 млрд доллардан аса инвестиция тартылды, соның ішінде жергілікті қамтуды дамытуға 17 млрд доллар бөлінді, 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілді, ал құрылыс жұмыстарының шарықтау кезеңінде бұл жобада 40 мыңнан аса адам жұмыс істеді.
Қашаған алып кен орны «Теңіз», «Қарашығанақ» сияқты басқа да алып мұнай және газ кен орындарымен бірге елімізде ондаған жылдар бойына әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің бірі болып қала беруіне мүмкіндік береді.
Каспий теңізі – қазіргі кезде әлемдегі көмірсутегілер бойынша әлеуеті жоғары негізгі мұнайлы-газды өңірлердің бірі. Қазақстан Орталық Азияда қолайлы жерде орналаса отырып, орасан зор көмірсутегі қорына, көмірсутегілерді экспорттау үшін дамыған инфрақұрылымға ие бола отырып, келешекте әлемдегі мұнай өндіруші елдер арасында негізгі рөл атқара алады. Қазақстан дәлелденген мұнай-газ әлеуетінің жоғары болуымен, мұнай-газ саласының 120 жылдан аса даму тарихымен, үнемі дамып жатқан тармақталған инфрақұрылымының, экспорттық магистралды мұнай және газ құбырларының болуымен, мұнай-химия кешендерінің шапшаң дамуымен және т.б. тартымды болып отыр.
Қашаған кен орнын игерудің жоғарыда аталған жоспарларына байланысты мен осы бірегей жобаның бүгінгі және келешек ұжымдарына жобаға белсенді қатысуды, белгіленген жоспарларды сәтті орындап, табыстарға жетуді, осы жобаның әр қызметкеріне мықты денсаулық, жеке және отбасылық бақыт, отбасына құт-береке және өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»