• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Қараша, 2023

Елімізде 17 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған

242 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кезекті Үкімет отырысында еліміздегі қызылша ауруы бойынша ахуалды айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қызылша ауруының асқынуы бойынша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген. Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның көпшілігі вакцина алмаған балалар.

Қызылша аурулары барлық өңірлерде тіркелді, жоғары деңгей Шымкент пен Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады», дейді министр.

Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастарға арналған 3,5 мыңнан астам төсек-орын бар, 2375 бала стационарда ем қабылдап жатыр. Бүгінгі таңда төсек орын қамту жүктемесі 59,5 пайызды құрайды, 1 мыңнан астам орын резервте тұр. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, 1 жасқа дейін – 15 бала бар.

«Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала жоспарлы иммундаумен қамтылды, бұл вакцинацияланатындардың 84%-ын құрайды. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда 500 мың доза келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтіледі.

Жалпы, қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді», деп баяндады Денсаулық сақтау министрі.